Фактчек | Қазақстан аграрлық держава ма?

19 мамырда өткен Сенат отырысында депутат Ақылбек Күрішбаев азық-түлік инфляциясына қатысты мәселе көтеріп, бірнеше дерек келтірген. Factcheck.kz сенатор сөзі қаншалықты рас екенін тексерді.

Депутаттың айтқаны (тайм-код: 43:30)

Мәлімдеме: Дегенмен қоғамда «ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрін экспорттаушы мемлекеттердің бірінші ондығына кіре отырып, неге біз азық-түлік инфляциясының деңгейі бойынша көршілес көптеген елдерден алда келеміз?» деген орынды сұрақ туындайды.

Ақылбек Күрішбаев

Үкім: Манипуляция

Депутат сөзінің қаншалықты рас екені қандай тауарды ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрі деп санайтынымызға байланысты. Мысалы, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) ақпаратына сәйкес, оған дәнді дақылдар, кофе дәндері, қант, пальма майы, жұмыртқа, сүт, жемістер, көкөністер, сиыр еті, мақта және каучук жатады. FAO дерегіне сай, 2020 жылы Қазақстан бидай экспорты бойынша алғашқы ондықта болғаны рас, ал жарма экспортынан еліміз 14-орында. Қазақстан қант пен бал экспортында 2020 жылы 39, жұмыртқа экспорты бойынша 27, көкөніс экспортынан 56, жеміс-жидек экспорты бойынша 83, сиыр мен бұзау етінің экспортынан 45-орында. ЖІӨ-дегі ауылшаруашылық үлесіне қарап (кейінгі жылдары 4 және 5 процент) “Қазақстанды аграрлық держава” деуге келмейтінін көреміз.

Азық-түлік инфляциясы

Депутаттың азық-түлік инфляциясына қатысты айтқанында манипуляция белгісі бар. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріндегі тамақ өнімдері, алкогольсіз сусындар инфляциясы мен Қазақстандағы дәл сол көрсеткішті салыстырсақ, еліміз алдында да емес, артта да емес.

Өзбекстанда 2022 жылдың сәуірінде, 2021 жылдың сол айына қарағанда (бір жыл ішінде), азық-түлік тауарлары орта мәнде 13,4%-ке қымбаттаған, ал Қытайда азық-түлік бағасы бір жылда 1,5%-ке дейін төмендеді.

Әлемдік деректермен салыстырса да, Қазақстанды азық-түлік инфляциясы көрсеткіші бойынша алдыңғы қатардағы ел деп айтуға келмейді.

Дүниежүзі бойынша инфографиканы көру үшін төмендегі батырманы басыңыз.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz