Фактчек | Ерлан Саиров балық өнімдері туралы

22 қыркүйекте өткен мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров балық шаруашылығына байланысты мәселе көтеріп, бірқатар дерек келтірді. Factcheck.kz депутаттың айтқанын тексерді.

Депутаттың айтқаны ( тайм-код: 1:12:56)

Қазақстан халқы жан басына шаққанда балықты аз тұтынатын ел болып есептеледі. Мәселен, егер ДДҰ бір адамға жылына кемінде 16 кг балық өнімін тұтынуды ұсынса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 4 кг-нан аз. Өз кезегінде көрші Ресей мен Қытайда бір адам тиісінше 20-40 кг балық етін тұтынады.

Ерлан Саиров

Үкім: Үкім жоқ және техникалық қате

Our World in Data-ның соңғы деректеріне сай, 2017 жылы Ресейде жан басына шаққанда жылына 20,07 кг, Қытайда 38,17 кг балық және теңіз өнімдерін тұтынған. Бір қызығы, бұл дереккөзде Қазақстанның 2017 жылғы көрсеткіші 4,5 кг деп жазылған, ал Қазақстанның статистика бюросында — 10,7. Халықаралық дерек жаңармағанын ескеріп, мәлімдемені үкімсіз қалдырдық.

Техникалық қате: Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, 2020 жылы балық және теңіз өнімдерін пайдалану жан басына шаққанда 15,1 кг болған. Депутат тоқсандық көрсеткіштер мен жылдық мәндегі деректі шатастырса керек: былтыр бұл көрсеткіш әр тоқсанда 3.7 кг, 3.8кг, 3.7 кг, 4.0 кг болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дұрыс тамақтану бойынша ұсынысында, қанша балық жеу қажеттігі айтылмаса да, жалпы балықта бар қанықпаған май тұтынуға ден қою керек екені жазылған. Ал БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы 2016 жылы балық етін жан басына шаққанда тұтыну әлемде 20 кг-нан асқанын хабарлаған.

Өткен ғасырдың 70-жылдары Қазақстанда балық аулау көлемі жылына 100 мың тоннаға дейін жеткен. Бүгінде балық аулау 46 мың тонна көлемін әрең еңсереді.

Ерлан Саиров

Үкім: Үкім жоқ

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2020 жылы барлығы 45 872,7 тонна балық және басқа су жануарлары ауланғаны рас. Алайда 1970 жылдардағы нақты дерек табылмағандықтан мұны үкімсіз қалдыру жөн деп таптық. Дегенмен “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлік палатасының тапсырысымен жасалған есепте, 1990 жылдардың басында 100 мың тонна айналасында болғаны айтылады.

Өзбекстанда 2016 жылғы статистика бойынша 75 мың тонна балық өсірілді. Қазақстан бүгінгі күні бар жоғы 6,8 мың тонна балық өсіреді. 2020 жылы Өзбекстан жалпы 144 мың тонна балық өсіріп және аулаған, ал біздің елде бұл көрсеткіш 52,7 мың тонна.

Ерлан Саиров

Үкім: Шындық

Өзбекстанның Статистика комитетінің дерегінше, 2020 жылы 144 102,6 тонна балық ауланған. Бұл көрсеткіш 2016 жылы 65 322,1 тонна болған. Қызығы, көрші ел комитетінде өсірілген балық туралы жеке дерек табылмады. Еліміздің Статистика бюросының дерегінше, 2020 жылы Қазақстанда 6 797,9 тонна балық және басқа су жануарларын өсірген. Оны ауланған 45 872,7 тоннаға қоссақ, 52 670,6 тонна шығады.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz