Фактчек | Депутат Платонов инфляция туралы

Қыркүйектің 1 күнгі мәжілістің жалпы отырысында жазғы демалыстан қайтып келген депутаттар жаңа жұмыс кезеңін бастады. Отырыс барысында депутат Артур Платонов инфляция деңгейіне қатысты бірнеше дерек келтірді, Factcheck.kz әдеттегідей оның сөзін тексерді.

Депутат сөзі (тайм-код: 1:33:15)

Мәлімдеме: Талдау қорытындысы бойынша ағымдағы жылдың мамыр айында ҚР-да азық-түлік тауарларының бағасы бір айда орта есеппен 0,8%-ке, жылдық динамикада 9,3%-ке өсті.

Артур Платонов

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросы ұсынған дерекке сай, биыл шынымен-ақ азық-түлік инфляциясы мамырдан сәуірге 0,8%-ті құраған. Жылдық мәндегі көрсеткіш 9,3%.

Мәлімдеме: 2021 жылдың мамырында құрылыс материалдарының бағасы бір айдың ішінде 3,4%-ке, ал бір жыл ішінде — төрттен бірге жетеғабыл өсті, бұл инфляцияның 6-7%-тік ресми деңгейін ескере отырып, қазірдің өзінде өте жоғары көрсеткіш. Бұдан бөлек жылдық мәнде жеке материалдар құны екі есе не одан да көп өсті.

Артур Платонов

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, биыл мамырда құрылыс материалдарына өндіруші кәсіпорындар бағасының индексі бір айда 3,4%-ке, ал жылдық мәнде 24,8%-ке өскен. Инфляцияның өзі бір жылда 6-7% екені рас. Мысалы, сол мамырдағы инфляция 7,2%, ал тамыздағы тіпті 8,7% болған.

Жекелеген материалдар құны бойнша: 2020 жылы шілдеде Алматыда табиғи құм орташа мәнде 2 610 теңге болса, 2021 жылы сол уақытта 2 335 теңгеге түскен; Жамбыл облысында 2020 жылы кіші көлемді бұрыштар 252 345 теңге, 2021 жылы 487 790 теңгеге өскен; құрылысқа арналған портландцемент 2020 жылы Қарағандыда 27 495 теңге, 2021 жылы 27 882 теңгеге жеткен. Көріп отырғанымыздай, депутат сөзін растай да, терістей де аламыз. Жеке материалдар құны аймақ пен тауар түріне байланысты өзгермелі және нақты бірдеңе деуге келмейді.

Мәлімдеме: Цемент зауыттары бағаның өсуін электр энергиясының құны 30%-ке, теміржол тарифтері 17%-ке, вагондарды жалға алу 13%-ке, тіпті қағаз қаптар 16%-ке қымбаттауымен түсіндіреді.

Арутур Платонов

Үкім: Үкім жоқ

Депутат мәлімдемесінде нақты қай уақыт аралығындағы инфляция туралы айтып отырғаны белгісіз болғандықтан, мұны үкімсіз қалдырған дұрыс деп таптық.

Алайда, бюро дерегіне сай, биыл тамызда жылдық мәнде, электроэнергия 10,1%-ке, жолаушылардың көлік қызметтері 4,1%-ке (жүк тасымалдау тарифі бір жылда 7,5%-ке өскен). Вагонды жалға алу, қағаз қаптар туралы дерек бюро деректерінің ішінен табылмады.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz