Фактчек | Депутат Мұрат Бақтиярұлы ең төменгі жалақы туралы

18 маусым sputniknews.kz сайтында сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлының сенат отырысында айтқан мәлімдемесі жарияланды. Депутаттың айтуынша, Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшері ЕАЭО және ТМД елдерімен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Бұл қаншалықты шындыққа сай, мәлімдемені тексеріп көрейік.

Қазақстандағы ең төмен жалақы ЕАЭО-ға мүше Ресейден 34 мың, Беларусьтен 22 мың, Армениядан 13 мың, ал ТМД елдеріндегі Украинадан 35 мың, Молдовадан 25 мың, Әзербайжаннан 16 мың теңгеге төмен.

Мұрат Бақтиярұлы, сенат депутаты

Ескерте кетейік, сенатордың салыстыруы орынсыз. Себебі ЖІӨ есептемей әр елдегі ең төменгі жалақы мөлшерін, азық-түлік өнімдерінің бағасын, орташа және медианды жалақыны салыстыру – күмәнді әрекет. Оған қоса біз депутат мәлімдемесіндегі әр елді жеке қарастырдық. Төмендегі мәліметтер сенатор айтқан елдердегі 2020 жылғы ең төменгі жалақы көлемін анықтайтын құжаттарға негізделген.

Қазақстандағы ең төмен жалақы ЕАЭО-ға мүше Ресейден 34 мың теңгеге төмен.

Мұрат Бақтиярұлы

Үкім: Жартылай шындық

Ресей Федерациясының Экономикалық даму Министрлігінің құжатында ең төменгі жалақы – 12 130 рубль деп көрсетілген. Теңгемен есептегенде 70 475 (5,82 курсы бойынша) болады. Қазақстандағы ең төменгі жалақы Ресейден 27 975 теңгеге төмен.

Айтарлықтай айырмашылық барына қарамастан, неге жартылай шындық деп көрсеттік? Себебі Ресейдегі жалпы еңбекақының төменгі мөлшері мен федерация өңірлеріндегі жалақыда айырмашылық бар. Мысалы, Мәскеуде еңбекақының ең төменгі мөлшері 20195 рубльге тең, Санкт-Петерборда – 19000 рубль, Мәскеу облысында – 15000, Тульде – 14100, Кемерде – 21471. Осылайша, егер шынайы жағдайды негізге алсақ депутат шындыққа жақындады

Қазақстандағы ең төмен жалақы ЕАЭО-ға мүше Беларусьтен 22 мың теңгеге төмен

Мұрат Бақтиярұлы

Үкім: Шындық

Беларусь Республикасының Еңбек және әлеуметтік қорғау министрілігінің сайтында көрсетілгендей, ең төменгі жалақы 375 рубль, яғни, 63 720 (169,75 курсы бойынша) теңге болады. Қазақстандағы ең төменгі жалақы Беларусьтен 21 220 теңгеге төмен.

Қазақстандағы ең төмен жалақы ЕАЭО-ға мүше Армениядан 13 мың теңгеге төмен

Мұрат Бақтиярұлы

Үкім: Жартылай шындық

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер қабылдаған мониторинг жинағында Армениядағы ең төменгі жалақы 68 000 драм, яғни, 57 247 (0,84 курсы бойынша) теңге. Қазақстандағы ең төменгі жалақы Армениядан 9 747 теңгеге аз.

Қазақстандағы ең төмен жалақы ТМД елдеріндегі Украинадан 35 мың теңгеге төмен

Мұрат Бақтиярұлы

Үкім: Жалған

«2020 жылға арналған Украинаның Мемлекеттік бюджеті туралы» Украина Заңының 8-бабына сәйкес ең төменгі жалақы 4723 гривен, яғни 71 276 (15, 11 курсы бойынша) теңге. Нәтижесінде Қазақстандағы ең төменгі жалақы Украинадан 28 776 теңгеге төмен.

Қазақстандағы ең төмен жалақы ТМД елдеріндегі Молдовадан 25 мың теңгеге төмен

Мұрат Бақтиярұлы

Үкім: Жартылай шындық

Төтенше жағдай кезіндегі өнеркәсіп қызметін қолдау шаралары жинағында Молдовадағы ең төменгі жалақы – 2775 лей деп көрсеткен, яғни, 64 727 (23, 46) теңге. Қазақстандағы ең төменгі жалақы Молдовадан 22 227 теңгеге төмен.

Қазақстандағы ең төмен жалақы ТМД елдеріндегі Әзербайжаннан 16 мың теңгеге төмен

Мұрат Бақтиярұлы

Үкім: Шындық

Әзірбайжанның ең төменгі жалақысы – 250 манат, яғни, 59 443 (237, 02) теңге. Қазақстандағы ең төменгі жалақы Әзербайжаннан 16 943 теңгеге төмен.

2020 жылдың қаңтарында picodi.com сайты 54 ел бойынша ең төменгі жалақы мөлшерінің рейтингі жариялаған. Бұл тізімде Қазақстан 51-орында. Ең төменгі жалақы бойынша Люксемберг көш бастап тұр.

Фактчек | Депутат Мұрат Бақтиярұлы ең төменгі жалақы туралы
picodi.com

Сондай-ақ депутат отырыс барысында қазақстандықтардың былтыр азық-түліктің қымбаттауына байланысты тапқан табысының тең жартысын тамаққа жұмсағанын атап өтті. Дамыған елдерде азаматтар азық-түлікке кірісінің тек 10 процентін жұмсайды деген еді. Өкінішке орай, бұл – шындық. Толығырақ төмендегі материалдан оқи аласыздар.

Сулейман Демирел университетінің журналистика мамандығы бойынша оқиды. "Ұлан" газетінің штаттан тыс тілшісі. 2019 жылдан бастап factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz