Фактчек | Дәрігерлер мен медицина мамандары Бельгияның билігіне және БАҚ-қа жіберген ашық хаты

Қыркүйек айының басынан бері желіде «Дәрігерлер мен медицина мамандарының Бельгияның барлық билік органына және барлық бельгиялық БАҚ-қа жіберген ашық хаты» белсенді түрде тарай бастады. Хат авторлары коронавирус пандемияның басында хабарланғанындай қауіпті емес болып шыққанын және Бельгия билігінің тез арада карантин мен басқа да шектеу шараларын алып тастауы керек екенін айтады. Мақала жазылып жатқан кезде хатқа 611 медицина докторы, 1 923 медицина қызметкері және 14 196 азамат қол қойды (дегенмен, бұл хатқа қол қою жүйесі тексеруді қажет етпейді, біз эксперимент мақсатында оған жалған атпен оп-оңай қол қойдық, сондықтан барлық қолтаңба нақты деп айту қиын).

Бұл хат тек Бельгияға қатысты болған кезде біз оған онша мән бермедік. Алайда кейінірек ол орыс тіліне аударылып, Интернеттің орыс тілді сегментінде кеңінен таралды.

Фактчек | Дәрігерлер мен медицина мамандары Бельгияның билігіне және БАҚ-қа жіберген ашық хаты

Хат авторларының Бельгия дәрігерлері болуы және оған қол қоюшылардың көптігі ТМД елдеріндегі оқырмандарды мәлімдемелердің дұрыс екеніне айтарлықтай сендіре алды.

Дегенмен, бәрі алғашқыда көрінгеніндей айқын бола бермейді. Factcheck.kz хатты мұқият оқып шығып, авторларының ең қызық мәлімдемелерін тексеруге шешім қабылдады.

Алдын ала нәтижелер

Біз тексерген мәлімдеменің барлығы дерлік манипуляция. Біреуі – жалған, ал біреуін тексеруге ақпарат жеткіліксіз болғандықтан, қалдырып қойдық. Хат авторлары оқшауланудың экономикалық және әлеуметтік салдары туралы орынды мәселе көтерген, бірақ коронавирус туралы фактілерді сенімді емес дереккөздерге сілтеме жасай отырып, өздерінің пайымына қарай бұрғандығынан дәлелдің барлығы маңызын жоғалтады. Яғни құжат оқырманды әдейі жаңылыстырады. Хатта көптеген мәлімдеме бар, бірақ біз олардың маска тағудың зияны, COVID-19-ға қарсы иммунитет, «Американың алдыңғы шептегі дәрігерлерінің» жалған ақпарат ролигі сынды кейбіреуін бұған дейін тексергенбіз.

Карантинге және қатаң шектеулердің жарамдылығына қатысты пікірімізді білдірмейтіндігімізді айта кетейік. Тек хаттағы нақты мәлімдемелерді тексереміз.

Пікір: Жыл сайынғы эпидемия сияқты иммунитеттің өсуі мен климаттық жағдайлардың (ауа райы, температура мен ауа ылғалдылығы) вирус жұқтыру қаупін локдаунға қарағанда азайту мүмкіндігі жоғары.

Үкім: Манипуляция

Коронавирустың адамдар жыл сайын ауырып тұратын суық тиюден немесе тұмаудан айырмашылығы жоқ деген тұжырымдарды бірнеше рет кездестірдік. Бірақ зерттеулер бізге олай емес екенін көрсетеді. «Иммунитеттің өсуі инфекция толқынын азайтады» деген сөздің өзі қисынды. Мәселе осы иммунитетке қалай қол жеткізілетінінде. Климаттық жағдайларға келетін болсақ, қазіргі кезде олардың инфекциялардың толқындарына айтарлықтай әсер етпейтіні белгілі – кейбір елде суық мезгілде вирус жұқтырғандар саны жоғары болса, ал басқаларында (Қазақстан сияқты) ыстық жаз кезінде көп болған.

Хат мәтінінен авторлардың табиғи жолмен ұжымдық иммунитет қалыптастыру идеясын ұстанатыны түсінікті, яғни адамдның көпшілігі COVID-19 вирусын жұқтыруы керек. Бірақ олар вирустан болатын өлім-жітім өте аз деп санайтындықтан, жұқтырған көп адамның ауруды көтере алмауы немесе қайтыс болуы мүмкін екенін ескермейді.

Сол Бельгияда бүгінде 148,9 мың вирус жұқтырған адамның 10,1 мыңы қайтыс болған – адам қызығатын статистика емес.

Пікір: Өлім (коронавирустан) болжанғаннан бірнеше есе төмен және қарапайым маусымдық тұмаудан болатын өлімге жақын (0,2%).

Үкім: Манипуляция

Шындығында, ешкім коронавирустан болатын өлімінің нақты санын білмейді. Себебі жақсы статистикалық мәліметтер болғанымен, есептеу мінсіз жүргізіліп жатқан жоқ. Статистика әр елде әртүрлі жүргізіледі. Дегенмен қолда бар мәліметтер коронавирустан болатын өлімінің 0,2% -тен жоғары екенін көрсетеді.

Тамыздың басында ДДҰ коронавирустың өлімін есептеу проблемалары туралы шағын есеп жариялады. Осы есептің кейбір үзіндісі өлімнің нақты коэфицентін есептеу неге қиын екенін түсінуге көмектеседі.

Өлім-жітімді бағалау үшін екі көрсеткіш қолданылады: инфекцияның жалпы санынан қайтыс болғандар саны (infection fatality ratio – IFR) және тіркелген жағдайлар санынан өлгендер саны (case fatality ratio – CFR).

IFR аурудың шынайы қаупін түсінуге көмектеседі. Қоздырғыштың әсер етуінің дәлелін анықтау үшін популяцияның кездейсоқ іріктелген серологиялық сынағы (антидене сынағы) инфекция жұқтырған адамдардың нақты санын бағалаудың маңызды әдісі саналады. Осы серологиялық зерттеулердің көпшілігі қазіргі уақытта бүкіл әлемде жүргізілуде, ал олардың кейбіреулері осы уақытқа дейін жағдайлардың айтарлықтай төмен көрсетілуін көрсетеді, ал IFR бағалауы шамамен 0,5-1%-ке тең.

Бірақ серологиялық тестілеу көп уақытты және ресурсты қажет ететіндіктен, олардың дер уақытында өткізілмейтін немесе мүлдем өткізілмейтін кездері көп.

Біз жаңалықтардан көруге дағдыланған статистика CFR – анықталған жағдайлар арасындағы өлім-жітімге негізделген. Мұндағы мәселе – ауру жұқтырғандарың бәрі бірдей тіркелмегенінде. Ал тестілеу әдетте бүкіл халықты қамтымайды.

ДДҰ сенімді CFR көрсеткішін эпидемия аяқталғаннан кейін, барлық жағдай шешілген кезде (науқас адамдар не қайтыс болды, не жазылды) алуға болады деп санайды. Алайда, эпидемия кезінде жүргізілген CFR есептеу дұрыс болмауы мүмкін, себебі ол екі болжамға негізделген:

  • Бірінші болжам – эпидемия кезінде ауру мен өлімнің анықталу ықтималдығы бірдей. Іс жүзінде, эпидемиологиялық бақылау басында көмек сұрап келген ауру симптомы бар пациенттерге көбірек мән береді де жеңіл және асимптоматикалық жағдайлар аз анықталады. Бұл CFR-ді асыра бағалауға әкеледі; Бұл бағалау тестілер саны көбейіп, вирус жұқтырғандар белсенді түрде анықталған кезде төмендеуі мүмкін.
  • Екінші болжам – барлық анықталған жағдай шешіледі (ауырғандардың бәрі не қайтыс болды, не айықты. Бірақ эпидемия жалғасып жатқандықтан CFR есептеу шартты түрде ғана бағалай алады. Ол жұқтырғандар мен қайтыс болғандар туралы есеп күндерінің кешігуіне байланысты. Бұл эпидемия кезінде CFR бағаларының кең таралуына әкеліп соғады, олар белсенді жағдайлар шешілген сайын тұрақтанады.

Жоғарыда айтылған мәселелерден басқа, халықтың өлім-жітім жағдайларының бірыңғай көрсеткішін анықтауға тырысқан кез-келген әрекет тәуекел топтары арасындағы негізгі айырмашылықтарды ескермейді.

Соған қарамастан бүкіл әлем басшылыққа алатын қолда бар статистикаға назар аударған жөн. Олардың айтуынша, коронавирус өлімі (CFR) 2,9% құрайды (36,5 миллион жағдайға 1,06 миллион өлім). Сонымен қатар, кейбір елдерде өлім деңгейі 10% жетеді (Мексика, Италия). Үкіметіне ашық хат жолданған  Бельгияда өлім деңгейі 6,8% құрайды. Қазақстанда – 1,6% (есіңізде болса, пневмониядан болатын өлім жалпы статистикаға кірмейді). Әрине, өлім деңгейі өте төмен елдер де бар. Мысалы, Сингапур, Катар, Исландия (0,0 – 0,3%).

Пікір: Коронавирустан қайтыс болу мен коронавируспен қайтыс болудың айырмашылығы бар. Адамдар бір мезгілде бірнеше вирусты және патогенді бактерияны алып жүреді. Симптомы ауыр болған адамдардың көпшілігінде қосымша патология бар екендігін ескере отырып, өлім коронавирустан болды деп қорытынды жасауға болмайды. Статистикада бұл іс жүзінде ескерілмеген.

Үкім: Манипуляция

Коронавирустың салдарынан қайтыс болған көптеген адамда аурудың ағымын қиындатуы мүмкін қосымша аурулар болған. Неліктен адам коронавирустың салдарынан қайтыс болды деп есептеледі? Шынында, ілеспе аурулар емес, дәл осы коронавирус өлімге ықпал етеді. Мысалы, қант диабетімен немесе жоғары қан қысымымен ауыратын адам коронавирусты жұқтырмаса, әлдеқайда ұзақ өмір сүре алатын еді. Бұған коронавирустың пневмония және өткір респираторлық жеткіліксіздік сияқты асқынуларын қосыңыз. Басқаша айтқанда, адамның өліміне әкелетін жағдай тізбегін бастайтын ауру өлімнің негізгі себебі болып саналады. Қайтыс болған адамның қатар жүрген аурулары ескеріледі және қайтыс болу туралы куәлікте көрсетіледі, әрине. Бірақ бұл оны статистикадан алып тастау керек дегенді білдірмейді.

Бір қызығы, қыркүйек айында Facebook әлеуметтік желісінде осыған ұқсас АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) COVID-19 статистикасын ешкімге білдірместен жаңартып, АҚШ-тағы тіркелген өлімнің тек 6% -і коронавирустан, қалған 94%-і басқа аурулардан қайтыс болғанын мойындағаны туралы хабарлама тарады. Хабар жалған болып шықты. Факт-тексеруді Reuters агенттігінің тілшілері жүргізді. Іс жүзінде, CDC өлімнің 6% -інда коронавирус өлімнің жалғыз себебі болғанын көрсетті, ал 94% -інда коронавируспен бірге өлімге ықпал ететін ілеспе аурулар болған. Бұл 94%-і коронавирустан өлмеген дегенді білдірмейді.

Пікір: Ең осал топтарды нақты анықтауға болады. Қайтыс болған науқастың басым көпшілігі 80 жастан асқан. 70 жасқа дейін қайтыс болғанның көпшілігі (70%) жүрек-қан тамырлары ауруы, қант диабеті, созылмалы өкпе ауруы немесе семіздік сияқты аурумен ауырған. Вирус жұқтырғандардың басым көпшілігі (>98%) ауырған жоқ немесе айтарлықтай ауырмаған немесе тез жазылып кеткен.

Үкім: Үкім жоқ

Біріншіден, әңгіменің я Бельгия туралы, я бүкіл әлем туралы болып отырғаны түсініксіз. Шындығында, әлемде жас топтары бойынша өлім-жітім туралы нақты мәліметтер жоқ. Барлық елде мұндай статистика жарияланбайды және жұқтырған адамдардың жалпы саны туралы сенімді деректер жоқ, өйткені жұқтырған адамның бәрі емделуге жүгінбейді.

Бақытымызға орай, Бельгия COVID-19 туралы толық статистиканы ұсынатын елдердің бірі. Сондықтан авторлар нақты Бельгия туралы айтса, сандарды тексеруге болады.

2020 жылғы 8 қазандағы жағдай бойынша коронавирустың салдарынан қайтыс болған 10 110 адамның 8 373-і 75 жастан асқан. Оның 5 451-і 85 жастан асқан. Жас топтарына бөлу 80 жастан асқан адамдарды жеке  бөліп қарастырмайды. Алайда қайтыс болған науқастың көпшілігі шынымен 80 жастан асқан деп болжауға болады. Бірақ! Әрине, әр елде жағдай әртүрлі болуы мүмкін, демек жаһандық статистика да әртүрлі болуы мүмкін.

Біз ашық деректерден коронавирустан қайтыс болған 70 жасқа дейінгі адамдардың қанша проценті қатар жүретін аурулардан зардап шеккені туралы ақпарат таба алмадық. Сондықтан авторлардың бұл мәлімдемесін тексеру мүмкін емес. Statista.com сайтында Бельгияда емделушілердің қанша процентінде қандай да бір асқынуы бар екенін көрсететін ескі графика ғана бар. Бірақ бұл біз қалаған нәрсе емес.

Вирус жұқтырғандардың 98% -тен астамы ауырмады, айтарлықтай ауырмады немесе тез жазылып кетті деген тұжырымға келетін болсақ, бұл мүлдем қисынсыз. Мысалы, «айтарлықтай ауырмады» дегеннің мағынасы түсініксіз. Бұл Бельгияға немесе бүкіл әлемге қатысты болса да, жалған. Авторлардың логикасы бойынша коронавирусты науқастардың тек <2% -ы қандай да бір медициналық көмекке мұқтаж. ДДСҰ-ның бағалауы бойынша, орташа алғанда, жұқтырған әрбір бесінші адам ауруханаға жатқызуды қажет етеді. Яғни, адамдардың шамамен 20% -ында ауру орташа немесе ауыр өтеді. Бірақ вирус жұқтыру жағдайы мінсіз болмағаны үшін бұл көрсеткіш артық бағаланған деп есептесек те, нақты көрсеткіш 2% -дан жоғары болуы керек.

Бельгияда, қолда бар статистикаға бойынша 148,9 мың адамның 21,2 мыңға жуығы ауруханаға жатқызылған (14,2%).

Пікір: Тұмауға қарсы вакцинаны зерттеудің нәтижелері көрсеткендей, біз 10 жылда тек үш рет тиімділігі 50%-тен жоғары вакцина жасап шығардық. Егде жастағы адамдарға вакцинация жүргізу тиімсіз. 75 жастан асқандарға жүргізудің тіпті пайдасы жоқ.

Үкім: Манипуляция

Жалпы тұмауға қарсы вакцинаның тиімділігі әрдайым 40-60% деңгейінде болады. Бұл вакцина тұмаудың қаупін 40-60% төмендетуі мүмкін дегенді білдіреді. Аурудан 50% қорғанудың өзі ақылды таңдау сияқты көрінеді. Егер адам ауырып қалса, вакцина ауруханаға жатқызу және қарқынды терапия бөліміне жатқызу қаупін азайтады. Бұл созылмалы немесе қатар жүретін аурулары бар адамдар үшін де маңызды. Көптеген елдерде тұмауға қарсы вакцинация медициналық сақтандыруға кіреді немесе ақысыз болатындығын айта кетейік.

Егде жастағы адамдарда вакцина тиімділігі аз, өйткені олардың иммунитеті әлсіз. Ағза вакцинаға қажет иммунмен жауап бере алмауы мүмкін. Алайда, бұл егде жастағы адамдарға вакцинация жасау тиімсіз деген қорытынды жасауға негіз бола алмайды. Бұл жас тобында ол әлі де ауруханаға жатуды және өлімді азайтады.

Пікір: Әлемде вакцина нәтижесінде 700 000 асқыну немесе өлім тіркеледі деп болжанып отыр.

Үкім: Манипуляция

Мұның бәрі Билл Гейтстің сәуір айында CNBC-ге берген сұхбатынан басталды. Ол онда коронавирус вакцинасы туралы айтты. Гейтс бүкіл әлем бойынша, шамамен 7 миллиард доза вакцина қажет болатынын айтты. Соның ішінде вакцина ересек жастағы топтарға да оң әсер етуі керек, сонымен қатар жанама әсері де болмауы тиіс, себебі қарттарға төнетін қауіп жоғары. Әрі қарай ол жанама әсерлердің пайда болу мүмкіндігі 10 000-нан 1-ге тең болса, 700 000 адамның ауруы асқынуы мүмкін екенін атап өтті. Біріншіден, ол өлім туралы айтқан жоқ. Екіншіден, бұл жанама әсерлердің ықтималдығы 10 000-нан 1-ге тең болады деген гипотетикалық болжамға негізделген есептеу болды.

Айтпақшы, біз және американдық Politifact фактчекинг ұйымындағы әріптестеріміз жаздың басында осыған ұқсас мәлімдемені тексергенбіз. Рас, ол кезде вакцинадан 700 мың адам қайтыс болады деген ақпарат тарап жатқан.

Пікір: Адамдардың 95%-інде Covid-19  симптомсыз өтсе, тексерілмеген вакцинаның ағзаға әсер ету қаупі жауапсыздық болады.

Үкім: Жалған

Жоғарыда атап өткеніміздей, көптеген адамда ауру белгілері жеңіл, орташа немесе ауыр болса да бар. Яғни адамдардың 95%-інде коронавирус симптомсыз өтеді деп айту дұрыс емес.

Авторлар неге вакцина тексерілмеген болады дегені түсініксіз. Барлық лайықты вакцина клиникалық сынақтардан өтіп жатыр. Сондықтан да коронавирусқа қарсы дайын вакцина әлі жоқ – бұл уақытты қажет етеді.

Роберт Кеннеди мен Хейко Шёнинг

Алдын ала нәтижелерде айтқанымыздай, хат авторлары көбіне сенімсіз дереккөздерге сілтеме жасаған. Мұны атап өту маңызды, өйткені бұл – олардың дәлелдерінің қайнар көзі. Атап айтқанда, бір қызық жағдай біздің назарымызды аударды. Хаттың соңында мыналарды оқи аласыз:

ACU 2020 нұсқауларына сүйене отырып, ДДСҰ ролін және осы ұйымдағы мүдделер қақтығысының ықтимал әсерін терең зерттеуге шақырамыз. ДДСҰ «инфодемияға» қарсы күресте де, яғни бұқаралық ақпарат құралдарындағы барлық ерекше пікірге жүйелі түрде цензура қоюда да үлкен роль атқарды. Бұл демократиялық және құқықтық мемлекет үшін жарамсыз.

Сілтеме «Коронавирусты тексерудің парламенттен тыс комитеті» деп аталатын ұйымның сайтына кіреді. Сайт негізінен Хейко Шоэнинг есімді дәрігердің, сондай-ақ екпеге қарсы белгілі конспиролог Роберт Кеннедидің қатысуымен түсірілген бейнелер топтамасынан тұрады. Роберт Кеннеди туралы тоқтамай айта беруге болады, бірақ біз оның қызметін зерттеп көрдік. Бұл туралы мақаланы мына жерден оқи аласыз. Шойингіге келетін болсақ, біз оны бұған дейінгі тексеру жұмыстарында кездестірген емеспіз. Дегенмен ол өзінің отаны Германияда қастандық теоретигімен және маска киюге қарсылығымен  танымал. Онсыз да даулы хат осындай тұлғалардың мәлімдесіне сүйене отырып, өзін одан сайын жоққа шығарады.

Қорытынды

«Дәрігерлер мен медицина мамандарының Бельгияның барлық билік органына және барлық бельгиялық БАҚ-қа жіберген ашық хаты» коронавирус туралы фактілерді қайта анықтайтын өте қарама-қайшы құжат болып шықты. Біз тексерген мәлімдемелер негізінен манипуляция екені анықталды

Бұл материал Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігінің COVID-19 туралы жалған ақпаратпен күрес жобасы аясында жарияланды.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz