Фактчек | Бекболат Орынбеков Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы туралы

19-мамырдағы Сенаттың жалпы отырысында депутат Бекболат Орынбеков Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымына қатысты дерек келтіріп, “Қытай — еліміздің ең ірі сыртқы сауда серіктесі” деп мәлімдеді. Депутат сөзі шындыққа жанаса ма, Factcheck.kz тексеріп көрді.

Еліміз үшін Қытай халық республикасы ірі сыртқы сауда серіктесі екені белгілі. Оның меншікті салмағы жалпы тауар айналымында 2021 жылы 24%-ті құрады. Атап айтқанда, 2021 жылы екіжақты сауда көлемі 18,2 млрд долларды құрады. Оның ішінде экспорт 9,9, импорт 8,3 млрд долларды құрады.

Бекболат Орынбеков

Үкім: Техникалық қате

Қытай — кейбір тауарлар бойынша (мысалы, газ және мыс) Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі, бірақ жыл сайынғы көрсеткіш бойынша Ресейден кейін екінші орында тұр. Ал 2022 жылдың бірінші тоқсанында сауда өсімі бойынша Ресейді басып озғанымен, жалпы тауар айналымы бойынша — Ресейден артта. Сонымен қатар, Қытайдың ресми деректері Қазақстан мәліметіне қарағанда айтарлықтай жоғары сандарды тіркеген, бұл кедендегі сыбайлас жемқорлықтың бухгалтерлік есепке әсерінен болуы мүмкін. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылы жалпы тауар айналымы 18 195 113,2 мың долларды құрады; сауданың жалпы көлеміндегі Қытай үлесі 17,9% (депутат айтып отырғандай 24% емес). Оның ішінде экспорт — 9 873 514,4 мың доллар, импорт — 8 321 598,9 мың доллар.

Қазақстанның Қытайға экспорты тау-кен металлургия өнімдеріне (кен, мыс және оның туындылары) және қазба отындарына (мұнай және газ, мұнай өнімдері), ал импорт жоғары технологиялық өнімдерге негізделген.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, 2021 жылғы Қазақстанның негізгі сауда серіктестері: Ресей, жалпы екіжақты сауда — $24,2 млрд, Қытай — $18,2 млрд, Италия — $9,6 млрд. Одан кейінгі ондыққа Нидерланды, Түркия, Өзбекстан, Франция, Оңтүстік Корея, АҚШ, Германия, Үндістан, Испания, Румыния, Греция, Швейцария кірген.

Индустрия министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдың қаңтар-наурызында Қазақстан мен Қытай арасындағы өңделген тауарлар айналымы 3,1 млрд долларды құрады, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (2,5 млрд доллар) 21,9%-ке жоғары. Сонымен қатар:

  • Қазақстан ҚХР-дан ауаны баптауға арналған қондырғыларды, есептеу машиналарын, топырақты сұрыптауға және майдалауға арналған жабдықтарды, көтеруге, жылжытуға, тиеуге немесе түсіруге арналған машиналар мен құрылғыларды, электр генераторлық қондырғыларды, шиналарды, телефон апараттарын және т.б. импорттайды.
  • 2022 жылы мыс және мыстан жасалған катодтар, өсімдік майлары, титан және одан жасалған бұйымдар, дәнді немесе бұршақты дақылдарды қайта өңдеу қалдықтары, циклдық көмірсутектер және т.б. тауарлар жеткізілімдері артты.

Өңірлер бойынша: 2020 жылғы мәліметке сай, Қытаймен сауданың негізгі аймақтары — Алматы, Астана қалалары және Қарағанды ​​облысы.

Оқи отырыңыз:

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz