Фактчек | Арал теңізінің тартылуы туралы

23 маусымда өткен Сенат отырысында депутат Ақылбек Күрішбаев Арал теңізіне қатысты бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz депутат мәлімдемесінің растығын тексеріп көрді.

Тайм-код: 2:29:20

Қазір теңіздің құрғаған табаны шамамен 6 млн га құрайды. Оның ішінде Өзбекстан аумағында — 3,2 млн га, ал қалған 2,8 млн га Қазақстан аумағында орналасқан. 

Ақылбек Күрішбаев

Үкім: Шындыққа жақын

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Аралды құтқару қорының халықаралық басқармасына сілтеп берген ақпаратына сай, Арал теңізінің құрғаған табаны 5,4 млн га құрайды. Осы жерде Аралқұм құмды-тұзды шөлі пайда болды, оның 2 млн га Өзбекстан аумағында, шамамен 3 млн га Қазақстан аумағында орналасқан.

Сарапшылардың пікірінше, құрғаған теңіз түбінен ауаға жылына 150 млн тоннадан астам тұз, шаң мен құм көтеріледі.

Ақылбек Күрішбаев

Үкім: Шындық

Аралды құтқару қорының халықаралық басқармасының мәліметінше, жыл сайын құрғаған теңіз түбінен ауаға жылына 150 млн тоннадан астам тұз, шаң мен құм көтеріліп, планетамыздың өзге аймақтарына дейін тарайды.

Министрлік дерегінше, Арал теңізінің құрғаған табанынан желмен бірге 80 млн тоннаға дейін улы тұз көтеріледі. Ал БҰҰ дерегінше, жыл сайын мыңдаған шақырымға 100 млн тоннадан астам шаң мен улы тұз атмосфераға таралады.

(Тұз, шаң мен құм — авт.) 1000-10000 шақырымға, континенттің басқа аймақтарына тарайды.

Ақылбек Күрішбаев

Үкім: Шындық

Аралды құтқару қорының халықаралық басқармасының мәліметінше, жыл сайын Арал теңізінің құрғаған түбінен көтерілген улы тұздарды шаңды дауылдар мыңдаған шақырымдарға, дәлірек айтқанда Батыс Еуропадан (шамамен 8000 км) Тянь-Шань мен Гималай шыңдарына (шамамен 3000 км) дейін тарайды.

Бұдан бөлек, министрлік дерегінше, Арал өңірінде жылына 30-50 күннен болатын жел шаңды дауылдарға айналады. Шаң шлейфінің ұзындығы 600 километрге, ал бөлшектердің көтерілу биіктігі 4 километрге дейін жетеді.

Жалпы, бағалау деректері бойынша Арал теңізінің түбінде шамамен 117 млрд тонна тұз жатыр.

Ақылбек Күрішбаев

Үкім: Шындық

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегіне сай, Арал теңізінің құрғаған түбінде шамамен 107-114 млрд. тонна тұз жатыр.

Контекст

  • ҚР Халықаралық Аралды құтқару қорының басқармасының ақпаратынша, соңғы жарты ғасырда Арал теңізінің көлемі 10 есеге азайып, көлемі жағынан әлемдегі төртінші орынды алған теңіз қазір бірнеше су қоймасына бөлінді.
  • Оған қоса, Арал теңізінде балықтар жыл сайын азайып жатыр. Бұл бір кездері 60 000-ға жуық адамды жұмыспен қамтыған жергілікті балық өнеркәсібіне үлкен соққы берді.
  • Аймақтағы жүздеген мың адам улы ауамен тыныс алады. Бұл көз, өкпе, ас қорыту және несеп-жыныс жүйесі ауруларының көбеюіне және судың сапасына теріс әсерін тигізеді.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz