Фактчек әлеміндегі 2017 жылдың негізгі оқиғалары

Фактчек – мейнстрим

2017 жылдан бастап күнтізбеде тағы бір мейрам пайда болды, 2 сәуір – Дүниежүзілік фактчекинг күні. Әрине, қалжың. Биыл бірінші рет өткен шарада фактчекингке қатысты түйткілді мәселелер мен трендтер талқыланды, бұл шара 15-тен астам елде өтті.

Дереккөз: Poynter Institute

Шілдеде Мадридте төртінші  Global Fact 4 саммиті өтті, Халықаралық фактчекинг желісі (IFCN) ұйымдастырған шараға 53 елдегі 188 фактчек ұйымның өкілдері қатысты.  

АҚШ-та фактчекерлер азайып, әлемде көбейген

Америкалық фактчекерлердің басым екеніне қарамастан, 2017 жылы олардың саны азайғанын айтқан жөн: Duke Reporters’ Lab деректері бойынша, жыл басында АҚШ-та фактчекингпен айналысатын 51 белсенді ұйым болса, қазіргі кезде оның 44-і жұмысын жалғастыруда, олардың 28-і жергілікті редакциялар. Politifact негізін қалаушы Билл Эдердің айтуынша, фактчекерлердің азаюын олардың негізінен саясаткерлердің сөзін тексеретінімен түсіндіруге болады. Соңғы он жыл көлемінде фактчек жұмысы осы негізде жүрген. “Маусым” аяқталысымен редакциялардың бюджеті азайып, ауқымы тарылады. “Саясаткерлердің өтірік айтуы сайлаумен шектелмейді ғой, сондықтан бұл дұрыс емес”, – дейді Эдер.  

Ал әлемнің басқа жағын айтар болсақ, бір жылда фактчек саласындағы бастамалар саны 114-тен 137-ге дейін өскен. Олардың арасында біздің Factcheck.kz жобасы да бар. Биыл біз Duke Reporters’ Lab ұйымының базасына ендік (қазақ және орыс тілдерінде фактчек бойынша нұсқаулық шығардық). Аталған ұйым шетелдік фактчекерлердің бұдан әрі де көбейе беретінін айтып отыр. Саяси жағдайдың тұрақсыздығы, соған орай жалған ақпарат пен қауесеттің көптеп тарауы осыған алып келеді. Бразилия мен Оңтүстік Кореядағы президенттің импичменті, әлемдегі иммиграциямен байланысты дау-жанжал, Германия, Ұлыбритания, Италия, Косово, Австрия сияқты елдердегі сайлау мен дауыс беру осы сөзіміздің дәлелі.

Фактчек + Facebook = фейл

Компания бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысты жақсартуды көздеп отырғаны анық аңғарылады, оның мысалы ретінде Facebook желісінің фейк жаңалық таратқан жазбаларға белгі соғуды енгізуі мен жаңалықтар ұйымымен қарым-қатынас орнатуын айтсақ болады. Алайда әзірге бұл әрекеті аса сәтті емес. Оның өзіндік себептері де бар. Біріншіден, компания фейктермен қарай күресетінін ашық айтудан бас тартып отыр, сондықтан бұл жаңалықтың тиімділігін бағалау мүмкін емес. Екіншіден, Facebook өзі де таза болмай шықты, компания сот тергеуі кезінде ресейлік “тролль фабрикасы” жасаған Американың саясаты туралы жазбаларды таратқанын мойындады: жалпы саны 80 мыңға жуық жазба жарияланып, оны 29 миллион адам көрген. The Guardian Facebook желісінің фактчекерлерге жүгінуінен ештеңе өнбейді деп есептейді. Басылым Facebook  модераторлар мен фактчекерлерді жалдап, бұл мәселені өзі шешуі керек еді дейді.

The Guardian басылымына сұхбат берген журналистер әлеуметтік желімен арадағы байланыстың материалдық жағы туралы айта келіп, мүдде қақтығысы тууы мүмкін екенін және белгілі бір түйін жасауға болатынын жеткізген: “Журналистердің ұйымы әрдайым ақшаға мұқтаж, алайда ақшаны Facebook компаниясынан алғаннан кейін солардың пиар-алаңына айналамыз. Ал әлеуметтік желі қашаннан жалған ақпарат таратқаны үшін ақша алатын, ала да береді. Кез келген адам кез келген жарнаманы сүзгіден өткізбей жариялай алады. Facebook құрдымға кетіп қалмау жағын да ойлап отырған секілді”.

Фактчек әлеміндегі 2017 жылдың негізгі оқиғалары
Дереккөз: Скриншот Facebook желісінен

Фейк жазбаларға белгі соғу айтарлықтай тиімді болмауы мүмкін.PolitiFact бас директоры Аарон Шерокман мұндай белгіні де айналып өтетін тәсіл бар екенін айтады, дәлірек айтсақ фейк авторлары контентті түрлі сілтемемен әртүрлі сайттарға көшіріп, оны Facebook белгісінсіз жариялай беруі мүмкін екенін алға тартады. Шерокманның көзқарасын Йель университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу де растайды, ғалымдар мұндай белгінің оқырманға ықпалы шамалы екенін, ал оның жоқ болуы жазылған жайттың рас-өтірігіне қарамастан, ондай контентке сеніп қалу мүмкіндігі жоғары екенін анықтаған. Facebook болса, зерттеуде әлеуметтік желінің нағыз мәліметтері есепке  алынбағанын, тек ақылы респонденттерге назар аударылғанын айтады.

Фактчек + Google = түсініксіз

Google да “тролль фабрикасымен” дауға шатылған болып шықты. Компания өз баяндамасында Youtube желісінен ресейлік “Интернет зерттеулер агенттігінің” 17 арнасын тапқанын, олардың бейнероликтері 309 мың рет қаралғанын айтқан. Google осыдан кейін бірден ресейлік жаңалық сайттарының, соның ішінде “оңшылдығымен” танымал Russia Today мен Sputnik сайттарының іздеу жүйесіндегі рейтингі төмендегенін жария еткен. Құрамына Google компаниясы да кіретін Alphabet холдингінің атқарушы директоры Эрик Шмидт мұны былайша түсіндіреді: “Он жыл бұрын әр адам интернетті пайдалану кезінде қинала қоймайтын, өйткені онда өтірікпен қатар шындық та бар еді. Ал қазір Ресейдің және басқа да топтардың әрекетінен кейін біз шара қолдануға мәжбүрміз”.

2017 жылдың сәуір айынан бастап ірі іздеу желісі сұрау нәтижелеріне орай фактчек материалдарын көрсетеді, соның ішінде олардың сипаттамасы, үкімі, деректің рас-өтірігін тексерген фактчек ұйымның атауы көрсетіледі. Мұндай сұрауға қол жеткізу үшін фактчекке Schema.org ClaimReview деген белгі соғылуы тиіс. Әзірге бұл ағылшын тіліндегі мәтіндерге ғана қатысты.

Фактчекерлердің жұмысын қалай жеңілдетуге болады?

Технология жағынан жалғыз ғана тренд бар – автоматтандырылған фактчекинг. Британдық Full Fact екі жоба даярлауда: Trends жан-жақты тарап кеткен, дегенмен әлі де саясаткерлер мен БАҚ тексеретін жалған тұжырымдарды бақылауға көмектеседі; ал Live тікелей эфирде фактчекинг жасауға арналған, ол мұндай тұжырымдардың бұрын-соңды болған-болмағанын тексереді, сонымен қатар жаңа деректер мен статистикалық талдауды тексеріп, сараптайды, тілдік өңдеу жасайды. Тікелей эфирде фактчекинг жасауды тек Full Fact қана емес, Duke Reporters’ Lab та байқап көрген болатын. Қазан айында ұйым автоматтандырылған фактчекингті дамыту үшін грант алды. Ұйымның табысты жобасы да жоқ емес: олар Арлингтондағы Техас университетіндегі әріптестерімен бірлесе отырып Claim Buster сервисін жасаған болатын, ол АҚШ-тағы сайлауалды дебат кезінде қолданылған. ClaimBuster әлеуметтік желіде жарияланған тұжырымдар мен сөйленген сөздерді бұған дейін жасалып қойған фактчекпен салыстырады.

Валентин Цекас, FightHoax негізін салушы. Дереккөз: fighthoax.com.

Грекиялық студент Валентин Цекас жасаған тағы бір жоба FightHoax деп аталады. Бұл сервис контентті үш түрге бөледі: “Сенуге болады”, “Сізді алдап жатыр” және “Аралас”. Мұны тілдің деңгейі, материал тақырыбының мақала мазмұнына сай болуы, жарияланым авторы туралы мәліметтер, дереккөз туралы мәлімет және тағы басқа критерийлерге сүйене отырып анықтайды. FightHoax ұқсас контентті Google арқылы да тауып бере алады, оларды жинақтап алғаннан кейін бір-бірімен салыстырады. Сервистің айрықша ерекшелігі ретінде пікірді ажырата алуын айтуға болады, ол “автор бағаны” деген сияқты кілт сөздерді танып, бірден есепке алмайды. Алайда Nieman Lab бұл сервис фейктерді анықтағанымен, таза фактчекингпен айналыспайды деп есептейді.

Визуализацияға да кезек берсек…

Керемет фактчек

The Washington Post жасаған Дональд Трамптың АҚШ президенті ретіндегі алғашқы 100 күні. Журналистер 492 мәлімдемені тапқан. Айтпаса да түсінікті…

Журналист, фактчекер, фотограф. Автор factcheck.kz c 2017 года.

Factcheck.kz