Фактчек | Айжан Сқақова ғылым саласы туралы

14 сәуірде өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат Айжан Сқақова ғылым саласы туралы мәселе көтеріп, тақырыпқа қатысты дерек келтірді. Factcheck.kz депутат сөзін тексерді.

Ұлттық статистика бюросының, ҚР білім және ғылым минситрлігінің және Ғылым қорының ресми деректері бойынша ғылыми ұйымдар санының қысқаруы зерттеушілер санының азаюына алып келді. Мемлекеттік ҒЗИ-ларда ғылыми зерттеушілер саны 2015 жылы 12 660 адамнан 2019 жылы 9 533 адамға дейін (24,7%-ке) қысқарды.

Айжан Сқақова

Үкім: Жалған

Соңғы жылдары Қазақстанда шынымен-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік- конструкторлық жұмыстармен (ҒЗТКЖ) айналысатын ұйым саны азайған. Мұндай кәсіпорын саны 2015 жылы 390, 2019 жылы 386, ал былтыр 373 болған. Депутат нақты қандай дерекке сүйене сөйлеп отырғаны бізге беймәлім, алайда Статситика бюросындағы деректер оның айтқанынан басқа: ҒЗТКЖ-ның мемлекеттік секторда қызмет ететін зерттеуші-маман саны 2015 жылы 5 046-дан 2019 жылы 5 301-ге көбейген. Яғни 5%-ке көбейген.

Соңғы он жылда ғалымдардың ғылыми біліктілігінің сапасы да айтарлықтай нашарлады. Ғылыми әзірлемелерге тартылған зерттеуші мамандардың жалпы санынан республика бойынша 2015 жылдан бастап 2019 жылға дейін ғылым докторлары – аға буын ғалымдарының саны 82%-ке азайды. Оның ішінде тек “инженерлік әзірлемелер және технологиялар” бағыты бойынша ғылым докторларының саны 88%-ке қысқарды.

Айжан Сқақова

Үкім: Үкім жоқ

Депутат “аға буын” туралы айтқанда нақты қай жас аралығын меңзеп отырғаны түсініксіз. Статистика бюросының дерегіне сай, 2015 жылы 55-64 жас аралығында 709, 65 жастан асқан 600 ғылым докторы болған. Бұл көрсеткіш 2019 жылы 55-64 жас аралығында 582, 65 жастан асқан 690 ғылым докторы болып өзгерген.

Макро деңгейде Қазақстанда 2019 жылы ҒЗТКЖ-ға (ғылыми-зерттеу тәжірибелік – конструкторлық әзірлемелер) шығын деңгейі бойынша тарихи минимумға, ЖІӨ-нің 0,12%-іне жеткеніне назар аударған жөн.

Айжан Сқақова

Үкім: Шындық

2019 жылы ҒЗТКЖ-ға жұмсалған ішкі және сыртқы шығын көлемі 118 070,7 млн теңгені құраған. Бұл 2015 жылғы көрсеткіштен көп болса да, 2013 жылдан бері ЖІӨ-ге проценттік қатынастағы көрсеткіш шынымен-ақ төмендеген және соңғы 3 жылда өзгермеген. ЮНЕСКО мен Статистика бюросының дерегіне сай, Қазақстандағы ҒЗТКЖ-ға бөлінетін ЖІӨ-нің үлесі төменде:

Алдыңғы қатарлы елдердің ғылымға арналған шығындары бойынша рейтингі көрсетіп отырғандай, ол елдерде жыл сайын ҒЗТКЖ-ға ЖІӨ-нің орта есеппен 2,5%-і жұмсалады.

Айжан Сқақова

Үкім: Шындық

ЮНЕСКО статистика институтының дерегіне сай, ҒЗТКЖ-ға ЖІӨ-нен көп қаржы бөлетін алғашқы бес елге Оңтүстік Кореяны (4,1%), Жапонияны (3,4%), Швейцарияны (3,2%), Австрияны ( 3,1%), Финляндияны (3,1%) жатқызуға болады.

Одан кейін Швеция (3,1%), Дания (2,9%), Германия (2,9%), АҚШ (2,7%) пен Словения (2,4%) тұр.

Орта Азия елдері халықаралық көрсеткіш аутсайдерлері десе де болады:

Фактчек | Айжан Сқақова ғылым саласы туралы
Әр аймаққа тән тенденция ( ҒЗТКЖ-ға бөлінген ЖІӨ-нің проценттік көрсеткіші, 1996-2013 жылдар)

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz