Фактчек | Айгүл Нұркина жұмысқа орналасқан азаматтар жайлы

9 маусымда өткен Мәжілістің кезекті отырысында депутат Айгүл Нұркина жұмыспен қамту жол картасы аясында жұмысқа орналасқандардың жай-күйі туралы сөз қозғады. Депутаттың айтуынша, 2020 жылы “жұмыспен қамту жол картасы” аясында 239 мың адам жұмысқа орналастырылып, қазіргі таңда соның тек 11 мыңы ғана тұрақты жұмыс істеуде. Сонымен қатар, басқа мәлімдемелер жасап, деректер келтірді, біз тексеріп көрдік.

“Жұмыспен қамту жол картасы” аясында 2020 жылы 239 мың адам жұмысқа орналастырылды.

Айгүл Нұркина, депутат

Үкім: Шындық

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы “жұмыспен қамту жол картасы” аясында 239 мың адам жұмысқа орналастырылған.

“Жұмыспен қамту жол картасы” (ЖҚЖК) пандемия салдарының алдын алу үшін жасалған арнайы әлеуметтік бағдарлама.

Бұл ретте жобалардың қысқа мерзімділігіне байланысты жұмыс алған 158 мың адам қазірдің өзінде жұмыстан босатылды.

Айгүл Нұркина, депутат

Үкім: Шындық

ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің бізге берген мәліметі бойынша, 2020 жылы жобалардың қысқа мерзімділігіне байланысты 158 мың адам жұмыстан босатылған.

Ал жұмысқа орналасқандардың 17%-і бір ай ғана істеген.

Айгүл Нұркина, депутат

Үкім: Жартылай шындық

ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің бізге берген мәліметі бойынша, жобалардың қысқа мерзімділігіне байланысты жұмыстан босатылған адамдардың 32%-і немесе шамамен 51 мың адам бір ай ғана жұмыс істеді.

Ал бір ай ғана істеген 51 мың адам 2020 жылы ЖҚКА аясында жұмысқа орналастырылған 239 мың адамның 21,3%-ін құрайды.

ЖҚЖК аясында тек 11 мың азамат тұрақты жұмыстарға орналастырылды.

Айгүл Нұркина, депутат

Үкім: Жартылай шындық

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, ЖҚЖК шеңберінде 239 мың адамның тек 6,6 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан.

Жансерік Тілеухан
Журналист-фактчекер, медиа-тренер, СДУ түлегі, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-монитор