Фактчек | Әбілдаев: халықтың 27%-ы – банктердің алдында борышкер

8 желтоқсанда өткен мәжілістің жалпы отырысында депутат Азамат Әбілдаев қазақстандықтардың банкке берешегі туралы дерек келтірген. Factcheck.kz депутаттың қаншалықты рас сөйлегенін тексерді.

Депутаттың айтқаны (тайм-код: 1:14:10)

Қазіргі уақытта, халықтың 27 пайызы – банктердің алдында борышкер.

Азамат Әбілдаев

Үкім: Дәлелденбеген

Ұлттық банкте мұндай статистика жүргізілмейді, сондықтан мәлімдеме дәлелденбеген.

Біз тек бейресми, Бірінші кредиттік бюроның аналитикалық дерегін таптық. Кредиттік бюро ақпаратына сай, 2020 жылы Қазақстанда жалпы 7,46 млн адам банк алдында борышкер болған, ал сол уақытта экономикалық белсенді халық – 9,2 млн адам. Демек, банктерге қарыз адам көрсеткіші 81,09%.

Бүгінде ел тұрғындарының ипотекалық несие бойынша берешегі 2,716 трлн. теңгеге жетіпті. Оның ішінде тұтынушылық мақсаттарға алынған несие – 5,19 трлн. теңге болса, мерзімі өткен берешек 199 млрд. теңгені құрап отыр.

Азамат Әбілдаев

Үкім: Шындыққа жақын

Шындығында көрсеткіштер депутат айтқаннан да көп: Ұлттық банк дерегіне сай, банктердің халыққа ипотекалық несиелері 2021 жылдың 10 айында 3 021 354 млн теңгеге жеткен. Ал банктердің тұтыну мақсатында берген несие көлемі дәл сол уақытта жеке тұлғаларға 5 768 562 млн теңгені құраған. Жеке тұлғалардың мерзімі өткен берешек көлемі 2021 жылдың қарашасында жалпы 640 млрд теңге, оның ішінде 90 күннен асқаны 359,3 млрд теңге болған.

Жалпы, қазақстандықтар банктерге 7 906 772 миллион теңге қарыз екен. Халықтың несие алу көрсеткішінің де, төленбей, мерзімі өткен несие көлемінің де артып бара жатқаны айдан анық.

Азамат Әбілдаев

Үкім: Шындықа жақын және манипуляция

Ұлттық банк дерегіне сай, 2021 жылдың 10 айының көрсеткіші бойынша, жеке тұлғаларға 9 930 973 млн теңге несие берілген. Шынымен, соңғы 5 жылды қарасақ, жеке тұлғаларға берілген несие көрсеткіші өсіп келе жатқанын байқаймыз:

Алайда жеке тұлғалардың кейінгі 4 жылдың алғашқы 11 айының банктерге қарызының төленбеуі 90 күннен асқан көрсеткішті алсақ, оның артып емес, кеміп келе жатқанын көреміз (2017 жылғы статисткалық деректің қазіргіден басқаша болғаны үшін бұл көрсеткіш қатарына қоспадық):

Ал 2020 жылы Бірінші кредиттік бюро директоры жыл сайын несиелік жүйеге 500 мыңға дейін қарыз алушы келеді деген.

Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің өркендеуіне өз үлесімізді қосамыз деп, жалғыз пәтерін кепілдікке қойып, несие алып, өз істерін бастаған азаматтардың қазіргі таңда 90 пайызы несиені қайтара алмай банкрот болды.

Азамат Әбілдаев

Үкім: Дәлелденбеген

Депутат мәлімдемесі нақты емес әрі мұндай дерек үшін заңды тұлғаларды банкрот деп тану көрсеткішіне анализ жасалу қажет. 2021 жылдың 10 айының көрсеткіші бойынша, банктік емес заңды тұлғалар банкке 7 трлн теңге несие қарыз. Ал 2021 жылдың 11 айының көрсеткіші бойынша, заңды тұлғалардың 90 күннен асқан төленбеген қарызы 167,7 млрд теңгеге жеткен.

Өйткені 28 жылда өзіміздің ұлттық валютамыз 95 есе өз құнын жоғалтыпты. Банктердің тілімен айтқанда, 9500 пайызға құнсызданды. Бұған қандай кәсіпкер төтеп бере алады!?

Азамат Әбілдаев

Үкім: Манипуляция

Ұлттық банктің ресми ақпаратына сай, 1993 жылы 13 желтоқсанда бір доллар 5,75 теңге болған. Материал жазылып жатқан уақытта (13.12.2021) оның құны 434,4-ке дейін көтерілген. Демек, теңге 95 есе емес, 75,5 есе құнсызданған.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz