Facebook Қырғызстан президентінің коронавирусты уқорғасынмен емдеу туралы жазбасын өшірді

Facebook компаниясы Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың 15 сәуір күні жариялаған жазбасын өшірді. Онда коронавирус инфекциясын Ыстықкөл тамырымен (уқорғасын) емдеу туралы жазылған. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

“Біз жазбаны өшірдік. Себебі, біз ешкімге, оның ішінде ресми басшыларға да дұрыс емес ақпаратты таратуға рұқсат бермейміз. Ондай ақпарат адамның денсаулығына, коронавирустан емделу мен оның алдын алуға қауіп төндіруі мүмкін”

Facebook-тың баспасөз қызметі Азаттықтың Қырғыз қызметіне жіберген жауабында

Коронавирус індеті басталғалы бері Facebook “әлеуметтік желінің ережесін бұзғаны үшін” коронавирус және вакцина туралы 12 млн жазба өшірген. Президенттің баспасөз қызметі әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді. Садыр Жапаровтың уқорғасын туралы жазбасын Instagram да өшірген.

Бірқатар сарапшылар мен дәрігерлер шенеунікке Ыстықкөл тамыры немесе уқорғасынның өте улы өсімдік екенін, тіпті оны дене сыртына қолдану қауіпті екенін ескерткен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы клиникалық сынақтан өтпеген препараттың тіркелуі мүмкін емес екенін және пайдалануға ұсынылмайтынын айтқан.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz