Facebook қолданушыларының нөмірі бар деректер базасы табылды

Интернетте 419 миллион Facebook қолданушыларының нөмірі бар деректер базасы табылды. Нөмірмен қоса әлеуметтік желілердегі ID профильдері, туған күні, туған қаласы, елі мен жынысы да жазылған. Деректердің жаппай таралуы жайлы TechCrunch хабарлайды.

Қорғалмаған серверде түрлі елдегі фейсбук қолданушылары туралы деректер, оның ішінде 133 миллион американдық, 18 миллион британдық және 50 миллионнан астам вьетнамдықтар туралы жазбалар сақталған. Сервер құпиясөзбен қорғалмаған, сондықтан деректерге кез келген адам қолжеткізе алады. Сол себепті журналистер хостинг-провайдерге жүгінді.

Facebook өкілі Джей Нанкэрроу табылған базадағы деректер ескі екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, деректер фейсбук нөмірлерді жинауға қолжетімділікті жапқанға дейін жасақталған. Нанкэрроу:

«Бұл ескі деректер базасы. Деректер өткен жылғы өзгерістерге дейін, яғни телефон нөмірі бойынша достарды қосу мүмкіндігін алып тастағанда таралып кетуі мүмкін. Қазір деректер өшірілді және базаны біреу бұзғаны жайлы дәлел таппадық”,- деп жауап берді.

TechCrunch хабарлауы бойынша деректерді кім, не үшін және қалай жинағаны белгісіз. Facebook 2011 жылы API арқылы телефон нөмірлері туралы деректерді жинауға тыйым салды, сондай-ақ 2018 жылы дау-дамайлардан кейін достар профильдерінен деректерді жинауды шектеді. Бірақ, базаға соңғы деректер 2019 жылдың шілде айында енгізілген.

Фейсбуктегі профильге бекітілген телефон нөмірлері алаяқтар үшін пайдалы болуы мүмкін. Қолданушылар спам-қоңыраулардың құрбаны болып, сондай-ақ SIM-карт— хакерлер нөмірді бақылауға алып, көптеген қызметтер мен әлеуметтік желілерде құпиясөзді ауыстырып тастай алады.

Фейсбук қолданушыларының деректері бірнеше рет желіде таралып кетті. 2018 жылдың наурыз айында компания АҚШ-тағы сайлауға қатысты дау-дамайды бастан өткерді. Cambridge Analytica аналитикалық фирмасы Дональд Трампты қолдау мақсатында 80 миллион фейсбук қолданушының фотосуретіне қол жеткізді. Үш күннен кейін Марк Цукерберг әлеуметтік желінің қатесін мойындап, көпшілік алдында кешірім сұрады.

Осы жылдың көктемінде сарапшылар Amazon-ның бұлт серверлерінде 540 миллион фейсбук қолданушысы туралы дерек тапты. Жазбада аккаунттардың аттары, ID және қолданушылардың белсенділігі туралы ақпарат сақталған.

Factcheck.kz