Facebook аустралиялық депутаттың парақшасын коронафейк жариялағаны үшін өшірді

Facebook әкімшілігі аустралиялық депутат Крейг Келлидің желідегі парақшасын өшірді. Компания депутатты коронавирусты қалай емдеуге болатыны жайлы жалған ақпарат таратты деп айыптады. Бұл туралы депутат 26 сәуірде Twitter парақшасында хабарлады.

«Халықты, (халық сайлаған) адамдарды цензураға бағынышты етіп, сөз бостандығынан айыруға болмайды. Бұл демократиямызға қауіп төндіреді. Әртүрлі пікір жалған ақпарат болып саналмайды. Сонымен қатар, Facebook “шынайы ақпараттың жалғыз қайнар көзі” деген пікірдің өзі шектен шыққанды білдіреді», – деді Келли.

Кейінірек депутат АВС телерадиокорпорациясына берген сұхбатында әлеуметтік желі қызметкерлерін «бұрын кітап өртегендермен» салыстырды. Ал Facebook компаниясының Аустралиядағы бөлімі цензура туралы барлық айыпты үзілді-кесілді жоққа шығарды. Бұған қоса Келлидің коронавирус туралы ақпаратты жариялауға қатысты әлеуметтік желі ережесін бірнеше рет бұзғанын атап өтті.

«Бізде осындай мазмұнға қатысты нақты саясатымыз бар. Біз қолданушыларға COVID-19 туралы жалған ақпарат таратуға жол бермейміз. Бұл денсаулыққа кері әсерін тигізетін немесе коронавирусқа қарсы вакцинация кампаниясына кедергі келтіретін кез-келген ақпаратқа қатысты айтылған», – деді Facebook баспасөз хатшысы.

Сонымен қатар, Facebook компаниясы Денсаулық сақтау саласындағы сарапшылардың пікіріне сүйенетінін ескертті.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz