Facebook адамның ойын оқитын құрылғыны сынақтан өткізді

Facebook өзінің блогында адамның ой-пікірін мәтінге айналдыруға мүмкіндік беретін құрылғыны тестілеу нәтижелері туралы айтты. Сондай-ақ жаңа технологияны сынау туралы Nature журналы да жазды.

2017 жылдан бері жүргізілген жұмыс пен тәжірибе жүйе адамның ойын декодтап, оны  60 пайыз дәлдікпен мәтінге аудара алатынын көрсетті. Әзірге алгоритм тек шағын сөздер жиынтығын мәтінге айналдыра алады, бірақ уақыт өте келе сөздіктің көлемі ұлғайтылады.

Зерттеу үшін эпилепсиядан зардап шегетін үш адамның миына электрод қондырылды. Болашақта компания мұндай имплантацияны қажет етпейтін құрылғы жасауды жоспарлап отыр.

Ғылыми жаңалық медицина саласына да пайдасын тигізуі мүмкін. Оның көмегімен инсультты бастан кешкен емделушілермен қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беретін құрылғы ойлап табуға болады. Компания хабарламасында:

«AR  (Augmented Reality-толықтырылған шындық) адамдарды қоршаған ортамен және бір-бірімен кедергісіз байланыстыра алады. Телефон экранына немесе ноутбукке қарап отырудың орнына, біз айналамызға қарап, пайдалы ақпарат ала аламыз. Бұл көп еңбекті қажет ететін батыл бастама»

Компания технологиямен байланысты барлық этикалық мәселелерді алдын ала болжай алмайтынын немесе шеше алмайтынын атап өтті.

Factcheck.kz