Еуропарламент депутаттары Нұр-Сұлтанды “адам құқығын бұзғаны үшін” сынады

11 ақпанда Еуропарламентте Қазақстандағы адам құқығы ахуалы талқыланып, соған қатысты бес резолюция жобасы дауыс беруге ұсынылды. Дебат тікелей эфирде көрсетілді. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Талқылау кезінде депутаттардың басым бөлігі Нұр-Сұлтанды адам құқығын өрескел бұзып, белсенділерді қудалағаны үшін өткір сынады. Дебат кезінде депутаттар төмендегідей мәселелерді қозғады:

  • Адам құқығы, әділ сайлау мәселелерімен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарға Қазақстан билігінің айыппұл салып, жұмысын уақытша тоқтатуы, тәуелсіз кәсіподақтарды жабуы;
  • 2020 жылы қайтыс болған бес белсенді: Дулат Ағаділ, оның ұлы Жанболат Ағаділ, Аманбике Хайрулла, Серік Ораз, Ғарифолла Ембергенов өлімінің ашық зерттелмеуі;
  • Пікірін ашық айтқысы келген, бейбіт жиналу құқығын пайдаланған азаматтардың ұсталып, жазалануы, белсенділердің қудалануы. Бейбіт оппозициялық ұйымдарға тыйым салынуы;
  • Жемқорлықтың жайылуы;
  • Әділетсіз сайлау, оның ішінде 10 қаңтар күнгі парламент сайлауының бәсекеге сай өтпеуі;
  • Сөз бостандығының тарылуы, тәуелсіз журналистерге шабуылдың жиілеуі;
  • Түрмелердегі азаптаудың тоқтамауы және т.б мәселелер.

Депутаттар Қазақстан адам құқығын құрметтеген жағдайда ғана ынтымақтастық орнату қажеттігін, экономикалық мүддені адам құқығынан жоғары қоймауды алға тартты.

Дауыс беруге ұсынылған жобада Алмат Жұмағұлов, Арон Атабек, Нұргүл Қалуова, Ержан Елшібаев және өзге 30-ға жуық саяси тұтқынды шартсыз босату, саяси істерді жабу, пандемияны белсенділерді қудалау құралы ретінде пайдаланбау, сайлау заңнамасын халықаралық стандартқа сәйкестендіру сияқты 16 рекомендация жазылған. Алматы уақытымен кешкі сағат 8-дерде құжатқа дауыс беру басталады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz