Еуропа соты Азаттық радиосының Ресей билігіне қарсы шағымын қарайды

Еуропадағы адам құқықтары жөніндегі сот Азат Еуропа/Азаттық радиосының арызын қабылдады. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Арыз Ресей билігінің Азаттық радиосына салған миллиондаған рубль айыппұлына байланысты тапсырылды. Арызданушылар Ресейдің “шетел агенттері” туралы заңы Еуропаның адам құқықтары жөніндегі конвенциясы ережелеріне қайшы деп есептейді.

Биыл қаңтар-мамыр айларында Ресейдің байланыс, ақпараттық технология және бұқаралық коммуникацияны бақылау қызметі (“Роскомнадзор”) Азат Еуропа/Азаттық радиосы жобаларына қатысты 520 хаттаманы сотқа өткізген. Маусым айында мекеме тағы 130 айыппұл рәсімдеп жатыр. Радиоға салынған айыппұлдардың жалпы құны 140 миллион рубль болды.

Еуропадағы адам құқықтары жөніндеді сот – халықаралық сот органы, оның шешімдерінің күші Еуропа Кеңесіне мүше елдерге жүреді. 1998 жылдан бастап сот юрисдикциясы Ресейге де таралады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz