Еуроодақ Алексей Навальныйды босатуға қайта шақырды

Еуроодақ Мәскеуден қамауда отырғанына бір жыл болған ресейлік тұтқындағы оппозиционер Алексей Навальныйды “дереу босатуға” шақырды. Бұл туралы Deutsche Welle cайты хабарлады.

Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель Навальный мырзаға жаңа қылмыстық айып таққан ресейлік сот жүйесін Брюссель тарапы әлі де айыптайтынын айтты.

Еуроодақ Навальныйды қудалау да, оған шығарылған үкімнің де “саяси астары бар” деп санайды.

Cонымен қатар, Еуроодақ Мәскеу тарапын Навальныйды “Новичок” тобына жататын умен улау қылмысын тексеруге шақырды.

Былтыр 17 қаңтарда Шереметьево әуежайында Мәскеудегі УФСИН жедел басқармасы іздестіру бөлімінің қызметкерлері шартты жазаға сотталған Алексей Навальныйды ұстады.

Биыл жыл соңына дейін Ресей сотына Навальныйға қатысты тағы бір қылмыстық іс түсетіні белгілі болды. Жаңа іс бойынша Навальныйға қаржы алаяқтығы және билік өкілін қорлау бойынша айып тағылды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz