Еуроаймақтың алдындағы үш таңдау

ВАШИНГТОН – Еуропадағы саяси жағдай былтырғы дүрбелеңнен кейін біршама тұрақтанған тәрізді. Германияның соңғы федералды сайлауда оңшыл радикалды бағыттағы «Alternative für Deutschland (AfD)», яғни «Германияға балама» партиясы 13% дауыс жинағанымен, бұл канцлер Ангела Меркельдің басшылығына айтарлықтай қауіп төндірмейді. Еуропалық жобаның тағы бір тірегі болған Францияда президент Эммануэль Макрон парламенттегі көпшіліктің қолдауына арқа сүйейді. Брекситке қатысты беймәлім жағдайға қарамастан, Еуропалық Одақ енді қандай да бір жоспарларын Ұлыбританиясыз іске асыратын болады.

ЕО, соның ішінде нақты еуроаймақтың ендігі жерде қандай таңдау жасайтыны маңызды. Қазірге үш түрлі таңдау бар.

Бірінші жол –Еуропалық Комиссияның төрағасы Жан-Клод Юнкер жыл сайынғы жолдауында айтып өткендей, «ұйымдасқан одақты» таңдау. Юнкер Еуропалық Одақтың барлық мүшесі бірыңғай қадам жасауын қолдайды және әртүрлі жылдамдықпен алға басқан Еуропадан бас тарту керек деп біледі. Бұл Шенген аймағына Болгария мен Румынияны да қосу деген сөз. Юнкер, сондай-ақ, бірыңғай нарықта жалпылама әл-ауқат құқығын қолдайтын еуропалық әлеуметтік стандарт одағын құруды ұсынды.

Еуроға қатысты айтқанда Юнкер оның тек таңдаулы елдердің валютасы емес, Еуропа мен Еуроодақтың бірыңғай валютасы екенін айтты. Осыны ескере отырып, ЕО мүше барлық елде банк ережелері мен қадағалау бірдей болатындай банк одағын құруға ұмтылу керек. Экономика және қаржы мәселелері жөніндегі комиссары Еуропаның қаржы министрі болып, ал Еуропалық тұрақтандыру механизмі Еуропалық валюта қорына айналуы керек.

Бір жыл бұрын мұндай «қатаң» интеграцияға деген сенім жоқ еді, себебі Ұлыбритания мұны ешқашан қолдамас еді. Бірақ, Брекситтен кейін Юнкер идеясының шындыққа айналу мүмкіндігі жоғары болып отыр.

Дегенмен, Юнкердің интеграцияға арналған біртұтас тәсілі әлі де қарама-қайшылыққа толы. Макронның Еуропаның болашағы туралы амбицияшыл көзқарасы да осыдан кейін туып отыр. Юнкер айтқан ұсыныстардың көбін қайталағанмен, оның тұжырымдамасында Еуроодақ ішіндегі әркелкілік аса дәріптелмейді. Әсіресе, орта мерзімді перспективада.

Мысалы, егер Польша еуроны қабылдағысы келмесе, оны мәжбүрлеуге болмайды және бұл шешім еуроаймақтағы басқа елдердің интеграциясына кедергі болмауы керек. Сондықтан Макрон еуропалық парламенттің барлық мүшесін қамтымайтын мәселелерді қарастыратын жеке Еуроаймақ парламентінің болуын қалайды. Бүгінгі күні елдердің интеграция деңгейіндегі айырмашылықтары олардың барлығының түбінде ЕО-ның терең интеграцияланған «негізіне» енуіне кедергі болмайды.

Еуроаймақтың алдындағы үшінші жол (ықтимал таңдау осы) – қалыптасқан саясатты әрі қарай жүргізе беру. Ұзақ уақыт бойы интеграцияға (енді бір жағдайларда бөлектенуге) ықпал еткен экономикалық дағдарыс қазір әлсіреді, Еуроаймақтағы ЖІӨ-нің өсуі қазір 2%-дан асып, жұмыссыздық айтарлықтай төмендеді. Тіпті, дағдарыс жағдайында қалып тұрған Грекияда да жағдай реттеліп келеді.

Бұл тұрғыда саясаткерлер дағдарыс кезеңінде жүргізілген реформалар жеткілікті деп біліп, бұған дейінгідей амбицияға құрылған реформаларды тоқтата тұру жөнінде шешім қабылдауы мүмкін. Бұлай жасау қазіргі жағдайда көбірек назар аударуды қажет ететін энергия, цифрлы технологияларды реттеу және көші-қон секілді басқа салаларға көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді.

Егер саясаткерлер осы бағытты таңдаса, онда оларға тәуекелге баруға тура келеді. Иә, қазір еуроаймақ жұмыс жасап жатыр және басқа салаларда негізгі реформалар маңызды-ақ. Бірақ, монетарлық тұрғыда одақта әлі де айтарлықтай жетіспеушілік бар, мысалы, айырбас бағамын реттеумен айналыса алмай қалған елдер бойынша баға айырмашылықтарын болдырмайтын механизмдердің жоқтығын айтуға болады.

Осындай механизмнің бірі қызмет көрсету саласында жұмыс күшін оңтайландыру  бола алар еді. Бірақ, еуроаймақтағы елдер еңбек нарығын ырықтандыруға келіскен болса да, жұмысшылар мәдени және тілдік кедергілерге тап болады. Қалай болғанда да, мұндай механизм болмаса, соңғы экономикалық дағдарыстағы үрдістер тағы бір дағдарысқа әкелуі мүмкін.

Экономикалық дағдарыстың сабағына үңілсек, егер болашақта баға өсімінің айырмашылығы пайда болса, еуроаймақтағы елдер арасындағы пайыздық мөлшерлеменің айырмасы да жылдамырақ өсетін болады. Бұл төніп келе жатқан қатердің белгісі. Оның үстіне, қарыздың көп бөлігі әлі де сақталғандықтан және құтқаруға арналған қаражаттың көп бөлігі жұмсалғандықтан, бұл соққы аса ауыр болуы мүмкін.

Мартин Вульф айтып өткендей, экономист Адам Леррик пайыздық мөлшерлемелердің кенеттен өзгеруінен пайда тапқан адамдар қаражаттың жартысын «қаржыландыру шығындарын тұрақтандыру есепшотына» аударып, ал пайыздық мөлшерлемелер өтемпұлы төмендегенде сол ақшаны қайта ала алатын жолды ұсынған. Бірақ Еуроаймақтың басқа да реформалары секілді, мұндай схема еуроаймақ мүшелерінің арасында келісім бойынша іске асырылуы керек.

Меркель жаңа коалициялық үкімет құрудың әуресімен жүргендіктен, алдағы жылдарда Еуропа интеграцияның қандай жолын таңдайтынын нақты айту мүмкін емес. Бірақ, оның коалициясына Еркін демократиялық партияның еуроскептиктері мен  еуроинтеграцияны қолдайтын Жасылдар партиясының өкілдері кіруі ықтимал екенін ескерсек (арасында өзінің христиан-демократтары да бар), бүкіл Еуроодақ үшін амбицияшыл интеграциялық мақсатқа жылдам қол жеткізу екіталай.

Мейлінше мүмкін нұсқа – түрлі жылдамдықпен алға жылжу, яғни еуроаймақтың бір елдері алға жылжыған уақытта енді біреулері күту тұра алады. Мұның нәтижесі керемет болмас, бірақ мәртебесін сақтап қалуға ұмтылыспен салыстырғанда, әлдеқайда дұрысы осы.

Кемал Дервиш, Түркияның бұрынғы экономика министрі және Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) бұрынғы жетекшісі, Brookings Institution вице-президенті.

Авторлық құқық: Project Syndicate, 2017.
www.project-syndicate.org

Factcheck.kz