Эрик Майер: Қытай адамзатқа қарсы қылмыс жасады

АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Эрик Майер журналистермен өткен онлайн кездесуде фейк жаңалықтар жайлы және Шыңжаңдағы түркітілді мұсылмандардың мәселесі туралы айтты. Бұл туралы Factcheck.kz сайты хабарлады.

Бас консулдың айтуынша, дезинформациямен күресудің бір жолы — журналистика.

Қазіргі уақытта коронавирус пен вакцинация жайлы жалған ақпараттың жиі тарағанын байқаймыз. Біз Instagram, Facebook желісі арқылы да шара қолданамыз. Бұл негізгі құралдарымызға жатады. Сонымен қатар, фейк ақпаратқа қарсы қолданып жатқан шаралардың қатарына сұхбат жасау, жобаларға шақыру, журналистермен және мемлекеттік өкілдермен кездесуді жатқызуға болады. Алайда жалған ақпаратқа қарсы күресу оңай емес. Бұл жердегі ең басты назар аударатын жайт — баспасөз бостандығы. Себебі дезинформациямен күресудің бір жолы — журналистика.

Эрик Майер

Бұған қоса, Эрик Майер Вашингтон тарапы Шыңжаңдағы этникалық қазақтар мен ұйғырларға қарсы қысымға қандай шара қолданып жатқанын айтты.

Біз Шыңжаң саясатынан зардап шеккен қазақтардың отбасыларымен үнемі кездесеміз. Естеріңізде болса Майкл Помпео (АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы) 1,5 жыл бұрын солармен кездескен еді. Былтыр қарашада мемлекеттік хатшының көмекшісі Мари Ройс қазақ және ұйғыр отбасыларымен кездесіп, есепті Вашингтонға алып кетті. Себебі Шыңжаңда болып жатқан жағдайдың шындығы ашулы тиіс. Қытай адамзатқа қарсы қылмыс, Шыңжаңда геноцид жасады.

Эрик Майер.

Эрик Майердің айтуынша, АҚШ Қытайдың бұл әрекетін тоқтатуға және түрмеде қамауда жатқандарды босатуға шақырды.

Контекст

Шыңжаңдағы қазақтар мен ұйғырлардың және басқа да аз ұлттардың өкілдері қысым көріп, лагерьге қамала бастағаны жайлы ақпарат 2017 жылы көктемде шыға бастаған. Өткен жылы БҰҰ Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін Қытай “саяси тәрбие лагерьлерде” ұстап отырғанын мәлімдеген. Бастапқыда мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны “экстремизмге қарсы шара” деп түсіндірген және саяси лагерьлерді “тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар” деп атаған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz