Елімізде құс еті қымбаттағаны рас па?

12 ақпанда Сұлтан Дүйсембинов бастаған бір топ сенат депутаты ҚР премьер-министрі А.Маминге депутаттық сауал жолдады. Сауал мазмұнында елдегі құс етінің бағасы өскенін әрі оған себеп еттің Ресей мен Беларусьтен импортталатыны жазылған. Сенатор отандық тауар өндірушілерді әділетсіз бәсекеден қорғау үшін тағам өнімдері импортына қойылатын талаптардың орындалуы бойынша мемлекеттік бақылауды күшейту, мүдделі органдарға құс етінің импортына қатысты тарифтік квоталарды 50 пайызға дейін азайту қажет дейді. Тексеріп көрейік.

Соңғы кездері еліміздегі құс өнімдерінің сапасы мен бағасы тұтынушылар көңілінен шықпай отырғаны бәрімізге белгілі. Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айында бір келі тауық еті 930 – 950 теңгеге, ал үстіміздегі жылдың қаңтар – ақпан айларында жұмыртқаның он данасы – 600 теңгеге дейін көтерілген.

Сұлтан Дүйсембинов, сенат депутаты

Үкім: Жартылай шындық

Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2020 жылдың желтоқсан айында тауық етінің орташа бағасы килограмына 789 теңге болған. Депутат дүкен сөрелеріндегі бағаларды шамалаған болуы мүмкін.

Қаңтарда жұмыртқа бағасы желтоқсанға қарағанда 6,9 пайызға өскен. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті хабарлаған болатын. 2019 жылдың желтоқсанында жұмыртқа бағасы 299 теңге болса, 2020 жылдың дәл осы айында 353 теңге болған.

Желтоқсанда жұмыртқа бағасының қымбаттауына байланысты арнайы зерттеу жүргізген orda.kz сайты Алматы базарларында 10 дана жұмыртқа 500 теңге екенін жазды.

Құс еті мен жұмыртқасының негізгі құнының 70 пайызын жем-шөп шығындары құрайды. Құс шаруашылығындағы жем-шөптің негізгі компоненттері болып табылатын бидай, жүгері және соя күнжарасының бағалары соңғы бір-екі жылда 1,5 еседен 3 есеге дейін қымбаттаған.

Сұлтан Дүйсембинов, сенат депутаты

Үкім: Жартылай шындық

ҚР Статистика комитетінің дерегінше, 2020 жылдың қаңтарынан 2021 жылдың қаңтарына дейін бидай 0,2 пайызға қымбаттаған болса, соя күнжарғасы 0,1 пайызға арзандаған.

Ал 2019 жылдың қаңтарынан 2020 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта бидайдың өсуі 0,5 пайыз. Ал соя бұршағы 0,1 пайызға қымбаттаған. Жем-шөп бағасы жылдан жылға біркелкі өсті немесе кеміді дей алмаймыз. Статистика әр жылда әр түрлі болғанын көрсетіп тұр.

Елімізде құс еті қымбаттағаны рас па?

Тіпті кейбір отандық құс фабрикалары жабылудың алдында тұр, есесіне елімізге құс етінің негізгі бөлігі Ресей мен Беларусь елінен келуде.

Сұлтан Дүйсембинов, сенат депутаты

Үкім: Манипуляция

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігің редакциямызға жіберген жауабы бойынша, елімізге құс етінің негізі бөлігі АҚШ, Ресей, Украина мен Беларусь елдерінен келеді. Нақтырақ айтсақ, 2020 жылдың алғашқы 11 айы бойынша құс етінің импорты 155, 6 мың тонна болған.

Төмендегі кестеге көз салатын болсақ, Қазақстан жалпы алғанда 12 елден құс етін импорттайды. Соның ішінде, АҚШ – 86 527, 5 тонна, Ресей – 40 487,2 тонна, Украина – 15 442, 4 тонна, Беларусь – 8 603, 7 тонна жеткізеді.

Елімізде құс еті қымбаттағаны рас па?

Сулейман Демирел университетінің журналистика мамандығы бойынша оқиды. "Ұлан" газетінің штаттан тыс тілшісі. 2019 жылдан бастап factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz