Елдегі жұмыссыздар саны 34 пайызға өсті ме?

4 сәуір Qazaqstan арнасы елдегі жұмыссыз жүрген халық санының өскенін хабарлады. Пандемия халық табысына кері әсер етіп жатыр делінген. Көрсетілген мәліметтер мен соңғы деректерді салыстырып, жаңалықты тексеріп көретін боламыз.

Пандемия қарапайым азаматтардың да табысына кері әсер етіп жатыр. Былтыр жұмыссыздар саны 37, ал биыл 34 пайызға көбейді.

Qazaqstan арнасы

Үкім: Техникалық қате

ҚР Статистика комитетінің дерегінше, 2020 жылдың 4-тоқсанында жұмыссыз халық саны 453 мың болған. Жұмыссыздық деңгейі жұмыс күші санына (15 және одан жоғары жастағы жұмыс күшінің саны 9,2 млн.адам) шаққанда 4,9%-ті көрсетті. Ал осы жылдың ақпанындағы соңғы дерек бойынша, жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде тіркелген адамдар саны – 192 мың. Бұл еңбекке жарамды адамдардың 2,1 пайызы.

2019 жылдың 4-тоқсанындағы жұмыссыз халық саны – 441,4 мың. Жұмыссыздық деңгейі – 4,8 пайыз.

Байқағаныңыздай, ресми деректер мәлімдемегі көрсеткіштен әлдеқайда алшақ, сәйкеспейді. Елдегі жұмыссыз адамдардың пайыздық көрсеткішін табу үшін жұмыссыз халық санын 15 және одан жоғары жастағы жұмыс күшінің санына бөлеміз. Сол кезде елдегі жұмыссыздық деңгейінің пайыздық көрсеткіші шығады.

Елдегі жұмыссыздар саны 34 пайызға өсті ме?

Сараптама агенттігінің хабарлауынша қазір 192 мыңнан астам жұмыссыз бар. Бұл еңбекке жарамды адамдардың 3 пайызы.

Qazaqstan арнасы

Үкім: Шындық, бірақ…

Арна сәуірде шыққан сюжетке “қазір” сөзін қолданып, ақпан айының мәліметін көрсеткен. ҚР Ұлттық Статистика бюросының дерегі бойынша, Жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде тіркелген адамдар саны 2021 жылы ақпанның соңында 192 мың адам. Бұл еңбекке жарамды адамдардың 3 пайызы емес, 2,1 пайызы.

Бірақ, соңғы мәлімет бойынша Жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде тіркелген адамдар саны 2021 жылғы наурыздың соңына 197,8 мың адамды құрады немесе жұмыс күшіне 2,2%.

Мәселен өткен айда Еңбек биржасында 62 мыңдай вакансия жарияланған. Сұраныстағы мамандар автобус жүргізушісі, күзетші, медициналық қызметкер және даяшылар мен жалпы тәжірибелік дәрігерлер.

Qazaqstan арнасы

Үкім: Жартылай шындық

Электронды еңбек биржасының мәліметі бойынша, наурызда 43 мыңдай вакансия жарияланған. Ескеретін жайт, платформа онлайн форматта болғандықтан, бос орындарға хабарландыру күнде өзгеріп, жаңадан қосылып отырады. Біз алған мәлімет, шамамен, наурыз айының соңы.

Қазіргі уақытта сұранысқа ие топ мамандықтар, шынымен-ақ күзетші, автобус жүргізушісі, медициналық қызметкер, курьер, бухгалтер, үй-жағдайларды тазалаушы, аула сыпырушы, тәрбиеші мен мейіргер.

Елдегі жұмыссыздар саны 34 пайызға өсті ме?
Дереккөз: Электронды еңбек биржасы сайтынан

Сулейман Демирел университетінің журналистика мамандығы бойынша оқиды. "Ұлан" газетінің штаттан тыс тілшісі. 2019 жылдан бастап factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz