Дума Ресей әскері туралы фейк таратқандарды қылмыстық жауапқа тартатын заң қабылдады

Ресей Мемлекеттік Думасы екінші және үшінші оқылымда Ресей Қарулы күштерінің әрекеті туралы жалған ақпарат таратқандарға қатысты жаза енгізу туралы заң жобасын қабылдады. Бұл туралы “Фонтанка” сайты хабарлады.

Құжатта мынадай жазалар қарастырылған:

  • Көрінеу жалған ақпарат таратқандар үшін 0,7-1,5 миллион рубль немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
  • Лауазымды адамдар немесе ұйымдасқан топ жасанды дәлел келтіріп, жалған мәліметтерді көпшілікке таратқаны үшін 3-5 миллион рубль көлемінде айыппұл салу немесе 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
  • Ауыр зардаптарға әкеп соққан көрiнеу жалған ақпарат таратқаны үшiн – 10-15 жылға бас бостандығынан айыруға;
  • Ресейге қарсы санкция салуға шақырғаны үшін (егер құқық бұзушы тартылған болса) — 500 мың рубльге дейін айыппұл немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Контекст

  • 2019 жылдың наурызында Ресейдегі интернет-ресурстар мен медиа жалған жаңалықтар таратып, билікті, мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін жазаға тартылатыны белгілі болды. Кейін 29 наурызда Ресей президенті Владимир Путин қол қойып, заң күшіне енді. Заң бұзушыларға қомақты айыппұл мен қамауға алу қарастырыла бастады. Заңда интернет-ресурстарды бұғаттау мүмкіндігі де жазылған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz