Доктор Ши және Қытайға қатысты Five Eyes құжаты: БАҚ неден қателесті?

2020 жылдың 2 және 3 мамыры күндері әлемдік БАҚ сенсациялық жаңалық таратты: «Әлем саясатындағы серпіліс, АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Аустралия және Жаңа Зеландия (Five Eyes) арнайы қызметтері жинаған құжат жарияланды. Зерттеу мәліметтерінде COVID-19 таралуына қатысты таңқаларлық деректер бар» – осындай мәтін БАҚ пен әлеуметтік желілерде тарап жатыр, оларда пандемияға Ухан вирусология институты мен Ши Чжэнли есімді вирусологтың қатысы болуы мүмкін екені айтылады.

Доктор Ши және Қытайға қатысты Five Eyes құжаты: БАҚ неден қателесті?
Daily Telegraph мақаласынан скриншот

Мұндай мәлімет алғаш аустралиялық Daily Telegraph-та жарияланып, оны ағылшын тілді БАҚ бірден көшіріп таратты, кейін әлемнің көптеген тілдеріне аударылды. Бұл медиалық бомба болды, бір ғана FoxNews арнасы осы тақырыпқа үш материал арнады. Дегенмен осы «бомбаның» құрылымын қарау кезінде бірқатар маңызды сұрақ туындайды.

Бұл нарративті қайта қарап, материалдың қай жерінде қате кеткенін, неге оған сынмен қарау керек екенін және жаңа коронавирусты жасады деп айыпталып отырған дәрігер Ши Чжэнли деген кім екенін талдап көрейік. Мақала авторлары қоғам пікіріне манипуляция жасағысы келді ме?

Сонымен, не болды?

Алғашқы күмән тудыратын нәрсе – алғашқы дереккөз бен басқа ресурстар сілтеген «15 беттік құжаттың» өзі жоқ. Газет бекітіп, «Бес көз» (Five Eyes) арнайы қызмет альянсы дайындаған құжат Daily Telegraph сайтында да, басқасында да жоқ. Бекіту кезінде құжаттың жоғалып кеткені қызық. Танысып, материал дайындау үшін ол қандай да бір құжатта, тасығышта тұруы керек еді. Ши Чжэнли есімді зерттеушіге келер болсақ, файлдарды түрлі тәсілмен іздеу кезінде Шидің ғылыми мақалалары мен оның жасалуына берілген сілтемеден басқа ештеңе таппадық. Құжаттың өзі болмағандықтан оның шынайы мазмұны мен жасалған уақыты туралы бірнәрсе айту қиын.

Бірақ мұны жаңа ақпарат деп бағалауға бола ма? Осы жерде тағы түсініксіз, материалдың қай жері сенсация? Қытай билігі коронавирус туралы мәліметтің бір бөлігін жасырғаны туралы бүкіл әлем 2020 жылдың қаңтарынан бастап біледі. Қытай Ли Вэньлян (коронавирустан қайтыс болды) есімді дәрігерді сөйлетпеуге тырысып, мемлекеттік комиссия қаңтардың ортасына дейін вирустың адамнан адамға берілетінін және медицина қызметкерлерінің де вирус жұқтырғанын жасырды. Қытайда интернет-цензураның бар екендігі де анық.

Жалпы, Қытай билігінің мәселенің ауқымына қатысты хабар бермегені туралы соңғы айларда БАҚ-та жүзге жуық материал жарық көріп, әлемдік саясаткерлер мен ұйымдардың үндеуі жарияланды. Сонымен қатар вирустың әлемге кең тарап кеткеніне елдер арасында ұшу шектеулерінің кеш енгізілуі де себеп болды.

Нәтижесінде құжат (егер бар болса) Қытай билігінің әрекеті туралы біз қаңтардың соңы мен ақпанның басынан бері білетін мәліметтен артық жаңа ештеңе айта алмайды.

Дегенмен, онда Ухан вирусология институты мен дәрігер Ши Чжэнлиге қатысты жаңа дерек бар болар. Мәліметтерді талдап көрейік.

Ши Чжэнли – «жарқанат-әйел»

Доктор Ши және Қытайға қатысты Five Eyes құжаты: БАҚ неден қателесті?

Вирусолог Ши Чжэнли  (суретте) – жарқанат коронавирусы бойынша әлемдегі танымал маман. Әріптестері оны «жарқанат» деп атайды, себебі ол көп уақытын қала сыртындағы жарақанат үңгірлерінде өткізеді. Оның командасы осы мәселемен 16 жылдан бері, яғни 2004 жыл мен атипті пневмония эпидемиясы (бұл пневмония да адамға жарқанаттан берілген SARS коронавирусының салдары) кезінен айналысып келеді.

Шынында, 2017 жылы Nature журналында Ши жарқанат коронавирусы мутацияланып жатқанын, олардың бірі адам үшін қауіпті және барлығы уақыттың еншісінде екенін ескерткен болатын. 2018 жылы Ши командасы Nature Reviews Microbiology-де коронавирустың екі үлкен үлгісін жариялады. Алдыңғы қатарлы ғылыми журналдарда жарияланған өз зерттеулеріне негізделіп, Ши мен оның авторластары жарқанаттан берілетін коронавирустың туындауы мүмкін екенін тағы да ескертті. Көріп отырғанымыздай, олардың болжамы дәл келді, бірақ бұған Ши зерттеу тобы қуанып отырған жоқ.

Бірақ біз «Бес көз» құжаты» жарық көргенге дейін дәрігер Шидің коронавируспен байланысы туралы білдік пе? Білдік. Оның жұмысы туралы осыған ұқсас мақалалар БАҚ беттерінде қаңтар мен ақпанда пайда болды.

Ухан зертханасын вирустың тарап кетуіне байланысты қаңтарда кінәлай бастады. Сол кезде-ақ ғалымдар вирус табиғи жолмен пайда болды деген тұжырымға келді және Ши дәрігердің командасы вирустың сырын ашу үшін еңбектеніп жатты. Scientific American журналы Ши командасының жұмысы туралы былай деп жазды:

Былтыр 30 желтоқсанда Уханға қайтып келе жатқан пойызда Ши мен әріптестері науқастардың талдау үлгілеріне тестілеуді бастау туралы айтып келе жатты. Одан кейінгі апталар – оның өміріндегі ең күрделі кезең болды – қытайлық жарқанат-әйел өзінің ең қорқынышты түсімен күресіп жатқанын түсінді, бірақ ол соңғы 16 жылда осыған дайындалып еді. Вирусты оның генетикалық материалынан амплификациялау жолымен анықтауға көмектесетін полимераздық тізбек реакция әдісін пайдаланып, команда жеті науқастың бесеуіндегі үлгіде барлық коронавирустарға тән генетикалық бірізділік бар екенін анықтады.

Scientific American

Ши өз тобына талдауды жалғастыруды тапсырып, үлгілерді толық вирустық  геномды секвенирлеу үшін басқа объектіге жіберді. Сонымен қатар, вирус зертхана материалдарынан тарап кетпеді ме деген күдікпен жеке зертханасының соңғы жылдардағы жазбаларын қайта қарап шықты. Нәтижесі дайын болды: бірізділіктің ешқайсысы оның командасы жарқанат үңгірлерінен алған вирустыкіне сәйкес келмеді.

Доктор Ши және Қытайға қатысты Five Eyes құжаты: БАҚ неден қателесті?
SARS-CoV-2 геномының мағынасы (расшифровка)

7 қаңтарда Ухан командасы науқастар зардап шеккен індетті жаңа вирус тудырғанын анықтады. Кейінірек SARS-CoV-2 деп аталған геномдық бірізділіктің  зерттеушілер Юньнань провинциясындағы тұмсығы сүйірленген жарқанаттардан тапқан бізізділікке 96 пайыз ұқсайтыны белгілі болды. Олардың нәтижесі 3 ақпан күні жарияланды.

Осы жері құжатқа тағы сәйкес келмейді. Ши Чжэнли – халықаралық дәрежедегі ғалым, және оның тобы әлемде бірінші болып науқастардан вирусты бөліп алды. Ал Ухан зертханасы Техас университетімен де, Аустралиядағы зертханамен де серістестік орнатқан (толығырақ – төменде, қалай тарап кетуі мүмкін екені туралы блокта).

Содан бері зерттеушілер 4500-ден астам вирустың геномдық бірізділігін жариялап, бүкіл әлемдегі үлгілердің түбі бір екенін көрсетті. Бұл мәліметтер вирус адам ағзасына бір рет түсіп, адамнан адамға берілетініне дәлел, – деп жазды Scientific American. Сонымен қатар, инфекция жұқтырғандардың көпшілігінде жеңіл симптомдар кездесетіндіктен, дабыл қағылғанға дейін патоген бірнеше апта немесе тіпті ай өмір сүрген болуы мүмкін:

Аурудың кішігірім таралу кездері болуы мүмкін, бірақ вирустар не күйіп кетті, немесе хаос тудырудан бұрын бір-біріне берілуі өте төмен дәрежеде болған.

Ральф Барик, Солтүстік Каролина университетінің вирусологы. Scientific American

Осылайша, құжаттамадағы нарративтің бір бөлігі бізге белгілі дүниелерге сәйкес келмейді және жаңалық емес.

Вирустың байқаусызда тарап кетуі және үлгілерді жою хақында

Бұл нарративтің жалғыз қызық бөлігі, бірақ ол да сенсация емес. Егер ғалымдар вирустың зертханамен тікелей байланысын және Ши Чжэнли командасының мәлімдемелеріндегі өтірікті анықтаса – сенсация болар еді. Әзірге мұндай зерттеулер жоқ. Болуы да екіталай, өйткені көптеген вирусологтар, оның ішінде америкалықтар да оның мүмкін екенін жоққа шығарады, себебі мағынасы ашылған вирус геномының 4 %-і Ши командасы зерттеген жарқанат вирусымен сәйкес келмейді. Вирусологтардың пікірінше бұл басқа жануар түріндегі аралық тізбекті көрсетеді, ал Ухан зертханасынан вирустың тарап кетуіне келер болсақ, бұл – «Қытай билігінің жабық саясатымен байланысты конспирологиялық теория. Ал қытайлық ғалымдар бәрін максималды түрде ашық айтады».

Дегенмен, ғалымдар Ухан қаласы ғана емес, басқа  елдерде де тарап кету болғанын алға тартады, 4 дәрежелі биоқорғанысы бар зертханалардың көбінде қауіпсіздік шаралары жеткілікті дәрежеде сақталмайды және осыған көп көңіл бөлу керек.

Оған қоса, 2018 жылы ухандық зерттеушілер Техас университетінің медицина бөлімі жанындағы Галвестон Ұлттық зертханасынан және басқа да америкалық ұйымдардан қосымша көмек сұраған. Хаттарда Құрама Штаттар Ухань зертханасына қосымша көмек көрсетуі керек екені, оның негізгі себептерінің бірі – жарқанат коронавирусын зерттеу маңызды ғана емес, қауіпті екені айтылған. Яғни, Ухан зертханасы әлемдік вирусты зерттеу орталықтарымен серіктестікте болған (қазір де солай).

Мәселе Қытайдың өзінде болып тұр, оның билігі расымен SARS-CoV-2 болуы мүмкін үлгілерді жойған және балық базарындағы жануарлар вирусқа тесттен өтті ме, өтсе нақты қай жануарлар екені бізге белгісіз. Яғни, нөлдік науқасты анықтау мен вирустың жануардан адамға берілу мүмкіндігі Қытай билігінің кесірінен белгісіз болып тұр. Ғалымдардың кінәсі емес.

Бірақ мұны да біз ақпанда білдік! Және осыған қатысты бұрынғы мақалалар мен тақырыптарда не айтылғанын талдап тастадық .

Қандай қорытынды жасауға болады?

  • Қазіргі уақытта «Бес көз» құжаты шын мәнінде бар ма, жоқ па – бізге белгісіз, бар болса – қашан жасалды. Материалда айтылған пікірлердің көпшілігі шындыққа жанасады, бірақ барлығы бізге бұрыннан белгілі, оқып, талдап қойған дүние. Бір қызығы, осы жолы ақпарат арнайы қызмет құжаттамасынан (әлі толығымен бірде бір сайтта жарияланбаған) алынған «сенсация», «таңқаларлық жаңалық» ретінде берілген. Материалда вирустың Ухандағы вирусология институтымен байланысына басымдық берілген, ал Ши Чжэнли командасының ғылыми зерттеуі конспирологиялық сипатта берілді.
  • Мұның барлығы Қытай билігіне қысым жасап, оларды ашық болуға және эпидемиямен бірлесіп күресуге шақыратын манипулятивті пропагандалық кампания секілді. Алғашқы жариялымда да, соңғысында да осындай белгілер байқалды.
  • Мақсаты дұрыс шығар, Қытай ашық болуы керек, бірақ инфодемия жағдайында өте күдікті тәсіл таңдалған: біз вирусолог Ши Чжэнли туралы дезинформацияның тарап кеткенін көріп отырмыз, оны асығып елден кетіп қалды делінген, Daily Telegraph материалы көптеген қастандық теориялары, сонымен қатар синофобтік және ксонофобтік пікірлердің қайта туындауына себеп болды.
  • Оған қоса, болжам бойынша, бұл Трамптың пандемияға кінәліні көрсеткен сөзін қолдайтын ақпараттық кампанияның бөлігі болуы мүмкін. АҚШ вирус жұқтырғандар саны бойынша алғашқы қатарда тұр, жұмыссыздық деңгейінің артуы күтілуде, яғни, экономикаға кері әсерін тигізеді, бұл сайлау алдында Ақ үйдің қазіргі басшысына өте тиімсіз. Мұндай жағдайда Қытайды негізгі және жалғыз кінәлі деп көрсетіп, бар назарды сонда аудару  нәтижелі болмақ, бірақ коронавирустың қауіптілігін дұрыс бағаламай, пандемияның маңыздылығын кеш түсінген билік кінәсін осылай білдіртпеуге тырысу – дөрекі тәсіл.

Контекст: Five Eyes деген не?

«Бес көз» (FVEY) – ағылшын тілді барлау альянсы, оның құрамында Аустралия, Канада, Жаңа Зеландия, Біріккен Корольдік пен Құрама Штаттардың арнайы қызметі бар. Бұл елдер барлау саласындағы серіктестіктің көптарапты келісім қатысушылары.

FVEY туралы деректер Екінші дүниежүзілік соғыс кезінен бар.

1990 жылдардың соңында FVEY бақылау жүйесінің бар екені көпшілікке белгілі болды. Ол Еуропалық парламентте, Құрама Штаттар Конгресінде даулы пікірталас тудырды. Терроризммен күрес аясында FVEY өз мүмкіндігін кеңейтіп, Интернетке мониторинг жасауға ерекше көңіл бөлді. Бұрынғы ҰҚА қызметшісі Эдвард Сноуден «Бес көзді» өз елдерінің заңдарына бағынбайтын ұлттық органнан жоғары барлау ұйымы» деп сипаттады.  

Тәсілге қатысты жалғасып келе жатқан пікірталасқа қарамастан, «Бес көз» тарихтағы ең танымал тыңшылық одақ болып қалады.

Factcheck.kz