Деректі фильмдерге фактчекинг қалай жасалады?

Үлкен газеттер мен фрилансерлердің тәжірибесіне сүйене отырып, International Documentary Association деректі кинодағы фактчекингтің негізгі белгілерін анықтаған екен.

NY Times

Линда Крус The New York Times Op-Docs деректі фильмдер бөліміндегі әр туындыны мұқият тексереді. Фактчек екі кезеңнен тұрады. Ең алдымен Крус материалдағы күдікті көрінген атауларды, цифрларды, деректерді белгілеп алады да, оны нақтылау үшін алғашқы дереккөзге сұрау салады.

Дереккөз: UNIONDOCS

Екіншісі – анықтығын тексеру. Фильмдердің көпшілігі Крусқа монтаждалып келеді, сондықтан да ол режиссердің жұмысын қайтадан електен өткізеді. Режиссерге қоятын сұрақтары да аз емес: түсірілім қашан болды, оған кімдер қатысты, қай жерде және неліктен болды? Фильмге түскендерге ақша төлеген жоқ па? Фильмнің қай бөлімі арнайы жоспарланып ойналды? Қысқасы, Крус режиссердің сәтті сюжет үшін шындықтан ауытқып кетпегеніне көз жеткізуге тырысады. Плагиатқа да тексереді, әсіресе, бұрын Op-Docs бұл тақырыпта деректі фильм көрсеткен болса, жаңа автордың жаңа дүние тапқан-таппағанына назар аударады. Шынымен жаңалығы бар ма, әлде бұрынғы айтылған дүниені басқаларға айтқыза салды ма? Егер жұмыс айрықша болса, оны сарапшыларды қатыстыра отырып және басқа дереккөздермен тексереді. NY Times оқырмандары да ескертпелерін айта алады.

«Режиссер барлық дереккөзге сілтеме жасай отырып, сценарийді ұсынса, ең дұрысы сол, – дейді Крус. – Сонда мен эксперттерді іздеймін. Фильмде айтылған көзқараспен келіспейтін сарапшы табу аса маңызды. Режиссер тепе-теңдікті сақтауға міндетті емес, олардың көзқарасы бөлек. Дегенмен, олар мәселенің екінші жағы бар екенін білетіндерін де көрсетуі тиіс».

Дереккөз: The New Yorker

New Yorker

The New Yorker редакциясында 17 фактчекер бар, бұлардан бөлек тек видеоны тексеретін үш адам бар. Фактчек бөлімінің басшысы Питер Кэнбидің айтуынша, олар әр материалды тарам-тарам етіп бөліп, соның әрқайсысына дереккөз іздейді. Ненің қайдан шыққанын, кім кімнің сөзінен дәйек келтіргенін, қандай да бір заттардың кімге тиесілі екенін, қандай оқиға баяндалып отырғанын, кімнің кіммен сөйлескенін немесе сөйлеспегенін, бәрін табу керек», – дейді Питер Кэнби.

«Алғашқы, түпнұсқа дереккөзді табу маңызды. Екінші дереккөзден кейін оқиғаның қызығы кемиді. Әсіресе, дерек көзі көрсетілмеген, ұзақ нарративке айрықша мән береміз. Автордан кімдермен сөйлесуге болатынын, ал кімдермен байланыс жасағанда абай болу қажет екенін сұрап аламыз. Автор бізге жазбаларды және расшифровканы жібереді, қандай да бір адамдарға хабарласпас бұрын автор жіберген мәтінді мұқият оқып аламыз. Кейбір адамдар бұрын айтқан сөзінен тайқып шығуы да мүмкін», – дейді ол.

The New Yorker қолында адамдарды іздеп табуға көмектесетін бірқатар сайттар мен сервистер бар: LexisNexis, PACER, Leadership Directories, People Locator, Celebrity Service. Олар жалпыға қолжетімді құжаттар мен деректерді табуға мүмкіндік береді. Дегенмен, Кэнби ондай сайттардың тез өзгеріп отыратынын да жоққа шығармайды. «Біраз уақыт бұрын бұған қатысты бүкіл сайт тізімін табуға талпынып едім. Жаңа ойыншылар пайда болып, ескілерін ығыстырып отырады екен», – дейді Кэнби.

Режиссер үшін…

Ал режиссерлер үшін маңыздысы – фактчек кезінде дұрыс құралдарды қолдану. Captive Radio, Rape in the Fields деректі фильмдерінің авторы Лорен Кэппс қылмыс әлемі және сот отырыстары туралы материал жасағанда жазба алу үшін соттарға баратынын айтады. «Жауап беріп жатқан бейнекөріністер кәдімгідей көмек береді. Кейде сот құжаттарының өзі-ақ ешқандай бейнематериалсыз да фактілерді дәлелдеуге көмектесе алады. Негізі, фактчекингті түсірілімнің ең бастауында жасаған дұрыс. Бұл қандай құжаттарды тексеру қажет екенін немесе біржақты болып кетпес үшін қай жағына мән беру керектігін ойлануға мүмкіндік береді», – дейді Кэппс.

Лорен Кэппстің «Captive Radio» деректі фильмінің трейлері

Жаңалық тарататын ұйымдар фактчек жасайтын мамандарды тарта алады, ал тәуелсіз кинода бар жауапкершілік режиссер мен продюсерге жүктеледі. Кэппс мұндайда Google Spreadsheets пайдаланады. «Әр дерекке жеке баған арнаймын, сол жерге дереккөзді жазамын. Егер ол мемлекеттік құжат немесе сот шешімі түріндегі ашық дерек болса, онлайн сілтемесін қоса жүктеймін. Егер ондай болмаса, құжатты Dropbox-қа жүктеп, қажетті парақша мен дөйексөзді сол жерде көрсетемін. Егер сұрақ туындап жатса, Google Spreadsheets арқылы қажетті жолды тауып аламын да, ақпараттың қайдан екенін және оны қалай нақтылауға болатынын көре қоямын. Мұндайда аса мұқият болған жақсы, әсіресе, даулы мәселелерде. Егер нақтылайтын дереккөз болмаса, оны фильмге қосудың да қажеті жоқ. Тіпті, материалдың тартымдылығы соған тіреліп тұрса да», – дейді Кэппс.

Ол, сондай-ақ, барлығын өзі жасағанды жөн көреді. «Сценарийді сергек көзбен бір қарап шығатын адамдар керек. Егер сценарий өзгерсе, фактчекинг құжаттарын жаңалап, тексеруді қажет ететін фактілерді жазып отыратын біреу болғаны жақсы. Мұны да Google Spreadsheets жүйесінде жасауға болады, тек өзгерісті кім енгізгенін көрсетіп қойса болғаны. Сұрақтар туындап жатса, сол адамнан сұраймыз», – дейді ол.

Сонымен қатар, Кэппс пікірді факті ретінде беріп жібермеудің аса маңызды екенін айтады. «Оқиғаға сәйкеспейтін тұстарды ерекше белгілеп қойған дұрыс. Нақтыланбайынша, кім-кімнің де естелігін, пікірін факті ретінде жария ете алмайсыз. Оқиғасын баяндап отырған адамдардың алдында ғана емес, көрерменнің алдында да жауапкершілігіңіз бар екенін естен шығармау керек, әйтпесе болашақта олар сенбейтін болады», – дейді Кэппс.

Виктория Ли
Журналист, фактчекер, фотограф. Автор factcheck.kz c 2017 года.