Депутат Қаниев инфляция жайлы мәлімдемесінде қателесті ме?

18 қарашада сенат депутаты Бауыржан Қаниев сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановқа сауал жолдады. Ол сауалында инфляцияға қатысты бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz редакциясы депутат мәлімдемесі қаншалықты рас екенін тексеріп көрді.

… Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, Қазақстанда инфляция өсімі 8,9%-ды құрады. Инфляцияның өсуіне негізінен азық-түлік инфляциясы зор әсерін тигізіп отыр. Қазіргі таңда азық-түлік инфляциясы 11,5%-ға дейін жетті. Мысалы, көкөністер 23%, ет 10% және өсімдік майы 63%-ға бағасы өскен…

Бауыржан Қаниев

Үкім: Шындық

Расымен Ұлттық банк дерегінше, биылғы жылдың алғашқы 9 айында Қазақстанда инфляция өсімі 8,9%-ды құрады. Инфляцияның жылдық деңгейі 8,9%-ға дейін өсті. Ұлттық банк инфляцияның негізгі үлесі азық-түлік бағасы екенін де жазған. Өсу қарқыны тамыздағы 11,4%-тен қыркүйекте 11,5%-ке дейін артқан.

Депутат көкөніс бағасы жайлы (23%) деректі жеке келтірген. Біз ресми дереккөзден тек көкөніске қатысты мәліметті таппадық. Статистика бюросының қазанда жариялаған дерегіне сай жеміс пен көкөніс бағасы бірге есептеліп, бір жыл ішінде (2020 жыл қазаннан бастап) 14,2-% өскен. Ал былтыр желтоқсаннан бері 5,8%-ке артқан.

Көкөністердің арасынан картоп бағасы былтыр қазаннан бастап —30,2%-ке, ал желтоқсаннан бастап есептегенде 23,2%-ке өскен.

Ал сәбіз былтыр қазаннан бері — 43,2%-ке, желтоқсаннан бастап бағасы 42,1%-ке артқан. Бұдан бөлек, өсімдік майы 56,2%-ке қымбаттаған. Ал статистика бюросының қыркүйекте жариялаған дерегін қарасақ, өсімдік майы депутат келтірген (63%) көрсеткіштен көп — 65,6%.

Ал ет бағасы депутат айтқан дерекпен сәйкес келеді, яғни, расымен 10,3%-ке қымбаттаған.

Сарапшылар не дейді?

Factcheck.kz редакциясы инфляцияға азық-түлік бағасы қаншалықты әсер етіп жатқаны туралы сұрап, сарапшы, экономистердің пікірін білді. Қаржыгер, Расул Рысмамбетовтың айтуынша, расымен азық-түлік бағасы инфляцияға едәуір әсер етіп отыр.

Қазіргі уақытта бізде бір ғана мәселе бар. Ол – ауыл шаруашылығы сияқты өндірістік қуаттың өте әлсіз болуы. Сондықтан ақшаның көбі импортты қаржыландыруға кетіп жатыр. Яғни, біз іс жүзінде барлығын импорттаймыз, сондықтан баға өсіп жатыр.

Расул Рысмамбет

Расул Рысмамбеттің айтуынша, дәл қазіргі жағдайда баға өсімін тоқтатуға немесе арзандатуға келмейтін сала — азық-түлік. Сонымен қатар, арзан нәрсені экспорттап, ал импортқа қымбат тауар әкелетінімізді де алға тартты.

Сарапшы, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, азық түліктің инфляцияға тікелей қатысы жоқ. Ол инфляцияның өсуіне импорттық инфляция әсер етті дейді.

Негізгі инфляцияның болуына салдар өте көп. Біріншіден, айналымда ақша массасының ұлғаюы, ұлттық қордан аударылған аударымдар және де импорттық инфляцияның орны жоғары болып отыр. Одан кейін “эффект домино” дейді, яғни, бір тауардың бағасы көптеген тауарға әсерін тигізіп отыр.

Мақсат Халық

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz