ДДСҰ мен АҚШ қатынасы | Кім кінәлі?

АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан (ДДСҰ) 2021 жылы 6 шілдеде шығуды жоспарлап отыр. АҚШ-тың ресми өкілінің айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына (ДДСҰ) шамамен 80 миллион доллар төлемей, оның орнына ақшаны Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар ұйымының шотына аударады.

Жанжал қалай басталды?

Биыл 15 сәуірде Дональд Трамп Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына қаржы
бөлуді тоқтатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ұйым Қытайға тым қатты
сенім білдірді. ДДСҰ тарапынан 20 сәуір күні жауап та келді. Ұйым басшысы
Тедрос Адханом адам денсаулығына байланысты ақпараттың жасырын емес
екенін, алғашқы күннен бастап CDC мамандарымен (АҚШ-тың ауруды
бақылау және алдын-алу орталығы) жұмыс жасалып жатқанын айтты, АҚШ президентінің айыптауын жоққа шығарды.

Трамп ұйымды “ДДСҰ Қытай билігінің мүддесін қорғайды” деп айыптаған. Бұған дейін Дональд Трамп вирус жұқтырғандар Еуропа мен АҚШ-та күрт өсуін алға тартып, Қытайда ауру жұқтырғандар өзге елдерден аз екеніне сенбеді. Сондықтан Қытайды коронавирусқа байланысты ақпаратты жасырды деп айыптаған еді.

«Дональд Трамп барлық кінәні ДДСҰ-ға тағып отыр»

25 қаңтарда Дональд Трамп Қытайға алғысын білдіріп, туиттерде пост
жариялады. Ол Қытай президенті Си Цзиньпинге мақтау айтып,
коронавирусты тоқтату үшін жасап жатқан еңбегін де бағалады.

Сол уақытта “коронавирустың тұмауға ұқсас ауру және алаңдайтын ешнәрсе жоқ” деп сенім білдірген болатын. Бірақ уақыт өте Трамптың ойы өзгере бастады.

Ресейдің мемлекеттік ғылым академиясының қызметкері Константин Блохинның айтуынша, Трамптың ДДСҰ-ға қаржы бөлуді тоқтатуы, оны айыптағандарға қарсы көрсеткен әрекеті.

«Оның қарсыластары оны айыптайтын себеп іздеп отыр. АҚШ-та орнаған экономикалық кризис демократтар үшін (2020 жылдың 3 қарашасында өтетін президенттік сайлау алдында) Трамптың ауыз толтырып айтатындай лидер емес екенін көрсетуге себеп болды.
Дональд Трамп барлық кінәні Денсаулық сақтау ұйымына тағып отыр»,

– деді ол Russia today-ге берген сұхбатында.

Қытайдың сыртқы істер министрлігінің өкілі Чжао Гэн Шуан АҚШ
тарапынан айтылған әңгімелерге ызаланды. Оның айтуынша, Бейжіңнің
вирусты жоюға жасаған әрекеті әлем елдеріне эпидемияға дайындалуға
қосымша уақыт берді.

Ал АҚШ-тың ДДСҰ-ға қаржы бөлуді тоқтатқаны жөнінде БҰҰ (Біріккен ұлттар ұйымы) өкілі де пікірін айтты. Стефан Дюжарриктің айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының коронавирусты тоқтату үшін жасап жатқан әрекетін бағалау қажет.

Қытайдың СІМ ресми өкілі Чжао Лицзяньның сөзінше, АҚШ-тың қаржы
бөлуді тоқтатуы коронавирус пандемиясын тоқтатуға жасалып жатқан шараларға кері әсерін тигізуі мүмкін.

Енді не болмақ?

АҚШ Мемлекеттік департаменті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығуына байланысты мәлімдеме жасады.

“АҚШ бұрыннан әлемдегі адамдардың барлығына медициналық және гуманитарлық көмек көрсететін ең жомарт мемлекет. Мұндай көмек америкалық салық төлеушілердің қолдауымен жасалады. Сондықтан да әрдайым дұрыс мақсатта және керек жағдайда жұмсалады деп үміттенеді. Өкінішке орай, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 жағдайында ғана емес, соңғы онжылдықта басқа да денсаулыққа байланысты дағдарыс уақытында өзін нашар көрсетті. Сонымен қатар, ДДСҰ Қытай коммунистік партиясынан тәуелсіздігін көрсете алмай, шұғыл қажетті реформаларды жүргізуден бас тартты”.

АҚШ Мемлекеттік департаменті

Контекст

  • Дональд Трамп АҚШ-тың ДДСҰ-нан шығатынын жариялаған тұста, сенімді серіктестер іздейтіндерін айтты. Осыған дейін Washington post басылымы АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Халықаралық даму агенттігіне халықаралық көмек бере алатын бағдарлама табуға (ДДСҰ-дан бөлек) тапсырма бергенін хабарлаған.
  • Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына ең көп қаржы бөлетін ел – АҚШ. 2016-2017 жылдары шамамен 1 млрд доллар бөлді. Ал 2018 жылы тағы да ең көп қаржы бөлген елдің қатарында болды – 400 млн доллар.
  • Трамп әкімшілігі “АҚШ коронавирус вакцинасын шығаруға ұмтылып отырған халықаралық қауымдастыққа қосылмайды, себебі ДДСҰ мен Қытайдың ықпалында қалғысы келмейді” деп мәлімдеді.
  • Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 11 наурызда (75 күннен соң) Covid-19 коронавирусын пандемия деп жариялады. Ал 17 сәуірде Қытай билігі Уханьда вирустан қайтыс болған адам саны толық жарияланбағанын мойындады.
  • АҚШ ДДСҰ-нан 2021 жылдың 6 шілдесінде шығуды жоспарлап отыр.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz