ДДСҰ әлем қауымдастығынан 7,7 миллиард доллар сұрады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем қауымдастығынан коронавирустың қауіпті нұсқаларымен, соның ішінде «дельта» штаммға қарсы күресу үшін 7,7 миллиард доллар бөлуді сұрады. Бұл туралы ұйымның ресми сайтында хабарланды.

ДДСҰ басшысы Тедрос Аданом Гебрейесустың айтуынша, AСТ-Accelerator халықаралық бағдарламасын қаржыландыруға бағытталатын қаражат «дельта» штамм мен пандемияны тоқтатуға қажет.

Сонымен қатар, Гебрейесус осал елдерде «дельта» штаммды тоқтату маңызды екенін айтты. Егер қазірден бастап әрекет жасалмаса, келесі жылы әлем қауымдастығына “оңай болмайтынын” ескертті.

ДДСҰ дерегінше, қазіргі уақытта көптеген елде вакцина егу деңгейі төмен болғандықтан әлем коронавирус пандемиясының қауіпті кезеңін өткеруде.

Былтыр сәуір айында ДДСҰ, Еуроодақ, Франция, филантроп Билл және Мелинда Гейтс COVID-19-ға қарсы құралдарға тез қол жеткізу үшін ACT-Accelerator халықаралық бағдарламасын іске қосты.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz