Дархан Мыңбай арақ-шарап туралы не деді?

Қыркүйектің 30 күні өткен мәжілістің жалпы отырысында депутат Дархан Мыңбай қазақстандықтар көп алкоголь тұтына бастағанын меңзеп, біраз дерек келтірді. Factcheck.kz депутат сөзін тексеріп, қаншалықты шын сөйлегенін анықтады.

Депутаттың айтқаны (тайм-код: 2:12:50)

Еліміздегі кронавирусқа қарсы карантин мезгілінде арақ-ликер өнімдерін тұтыну мөлшері 21,5%-ға, 2020 жылы қаңтар-қарашада 35,7 млн литрге өскен.

Дархан Мыңбай

Үкім: Техникалық қате

Проценттік көрсеткіш туралы айтқанда депутат қай уақыт аралығын меңзеп отырғаны белгісіз. Алайда статистика бюросының жазуынша, былтыр қаңтар-қараша аралығында арақ-ликер өнімдерін пайдалану алдын-ала дерек бойынша 35 702,4 мың литрді құрап, 2019 (28 789,5 мың литр) жылғы сол айларға қарағанда 24% көп болғаны рас. Бірақ бюрода бар ақпарат әлі нақтыланбағандықтан және депутат алдын-ала деректерді келтіргендіктен “техникалық қате” деген үкім қойдық. Кейінгі 5 жылдағы арақ-ликер тұтыну көрсеткішін төменнен қараңыз:

Дегенмен, жоғарыдағы инфографикадан көріп отырғанымыздай, алдын-ала мен нақты дерек арасында айтарлықтай айырмашылық бола бермейді.

Ал спирт ішімдігі иммунитетті әлсіретіп, адам организмінің жұқпалы аурулар мен вирустарға қарсы қабілетін нашарлататыны белгілі жайт. Түрлі қатаңдату, шектеу шараларына қарамастан былтыр [2020 ж. – ред.] мас күйінде көлік жүргізген 8 900 адам ұсталған.

Дархан Мыңбай

Үкім: Жалған

Polisia.kz ақпаратына сай, былтыр мас күйінде көлік жүргізген 21,4 мың адам ұсталған. 25,9 мың жүргізуші жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін көлік басқару құқығынан айырылып, 21,2 мың адам әкімшілік қамауға алынған.

Жалпы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, бүгінде Қазақстан халқы жан басына шаққанда 11 литр таза спирт тұтынады екен. Бұл жағынан әлемде 34-орындамыз. Мысалы Қырғызстан 106, Түркіменстан 114, Өзбекстан 131, Тәжікстан 134-орынды иемденіпті. Қытай 95-орында.

Дархан Мыңбай

Үкім: Манипуляция

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңарған ақпаратына сай, Қазақстанда жан басына шаққандағы алкогольді жалпы тұтыну (15 жастан асқандар) таза спиртпен санағанда жылына 5 литр. Депутат деректі қайдан алғаны белгісіз, 2000 жылдан бергі көрсеткіш 9 литрден (2004, 2005 жылдар) аспаған.

ДДСҰ дерегі рейтиң ретінде берілмеген, дегенмен, Қытайды санамағанда, қалған елдер көрсеткіші Қазақстанға қарағанда төмен екені рас: Қырғызстан жылына — 4,85 литр, Түркіменстан — 3,09 литр, Өзбекстан — 2,61 литр, ал Тәжікстан — 0,88 литр болса, Қытайдың көрсеткіші — 6,04 литр тұтынады.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz