COVID-19: ДДСҰ коронавирус пандемиясы туралы мәлімдеме жасады

11 наурыз, сәрсенбі күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың таралуын ресми түрде пандемия деп жариялады.

Қазіргі күні COVID-19 вирусы кем дегенде 114 елге тарап, 4000-нан астам адамның өмірін қиды.

«Бұл коронавирус тудырған алғашқы пандемия… Соңғы екі аптада Қытай шекарасынан тыс аумақта COVID-19 жұқтырғандар саны 13 есеге, ал зардап шеккен ел саны 3-ке артты», – деді ДДСҰ бас директоры Тедрос Адхан Гебрейесус баспасөз конференцясы кезінде. Сонымен қатар ол бұл сөзді мұқият қолданып, халықтың үрейін тудырмауға және індетпен күресудің тиімділігі үшін әлем елдерінің үкіметін барынша ашық болуға шақырды.

Пандемия сөзі ДДСҰ классификациясы бойынша жаңа аурудың әлем кеңістігіне таралуын көрсетеді және аурудың қауіптілігіне, өліммен аяқталатын жағдайларға қатысы жоқ. Сол себепті оны мәтінде дұрыс қолдану керек.

Қазіргі уақытта 8 ел өз аумағында COVID-19 жұқтырғандар саны 1000-нан асқанын хабарлады. 81 ел COVID19 -ға қатысты ешқандай хабар бермеді, ал 57 ел 10 немесе одан да аз адам жұқтырғанын мәлім етті. Расталған мәліметтер бойынша, әлемде 120 000-нан астам адам вирус жұқтырған.

Коронавирус эпидемиясы (енді пандемия) саяси және экономикалық қиындықтар тудырды. Сарапшылардың пікірінше, оның әлем экономикасына тигізер залалы үлкен болуы мүмкін. Бұған вируспен қатар, дезинформация мен фейктердің таралуы да себеп болады. Өйткені онымен үкімет, денсаулық сақтауға жауапты мекемелер, журналистер де күреседі. Ресми билік пен БАҚ-қа сенімсіздік салдарынан фейктер эпидемиясы вирустың өзі секілді үлкен қауіп төндіруі мүмкін.

Қазақстанның ақпарат кеңістігінде жүрген COVID-19 туралы тараған жалған ақпараттар тізбегі мен фейктердің шешімін біздің жаңартылып отырған материалдан көре аласыз.

Factcheck.kz