COVID-19-бен симптомсыз ауруға бола ма? Беда Штадлердің мәлімдемесін тексеріп көрейік

Бірқатар шетелдік, орыс тілді және қазақстандық БАҚ-та швейцариялық иммунолог Беда Штадлердің зерттеуінен алынған цитаталар тарап жатыр. Оның сөзінше, коронавирустың еш белгісіз, яғни симптомпсыз өтуі – миф.  Сондай-ақ Штадлер COVID-19 туралы қазіргі ғылыми дәлелдерге қайшы келетін бірқатар мәлімдеме жасаған. Оқырмандардың өтініші бойынша біз Штадлердің не айтқанын талдап, оның келтірген деректері қаншалықты дәлелді екенін тексеріп көреміз.

Бірден айта кетейік, Штадлердің жазғаны зерттеу жұмысы емес, оның сайтқа жариялағаны жай ғана мақала. Ол мақалада өз пікірін білдіре отырып, логикалық қателіктер жіберген және әлсіз дәлелдер келтірген. Ал Штадлердің симптомсыз науқастар туралы мәлімдемесіне келетін болсақ, ол – қате. Қазіргі ғылыми консенсус бойынша коронавируспен симптомсыз ауырған адам оның тасымалдаушысы болуы әбден мүмкін. Жалпы иммунологтың мақаласы жалған ақпарат пен манипуляциялық тұжырымдарға толы.

«Неге барлығы қателесті?»

Беда Штадлердің «Неге барлығы қателесті» деген мақаласы алғашында швейцариялық «Weltwoche» журналында 10 маусым күні неміс тілінде жарық көрді (бұл медициналық журнал емес). Оның ағылшын тіліне аудармасы medium.com порталына 2 шілдеде Back to reason аккаунты атынан жарияланды. Осыдан кейін мақала өмірді ұзартумен айналысатын Америка медицина академиясына (бұл ғылыми мекеме емес, тек үкіметтік емес ұйым) тиесілі медицина саласына тікелей қатысы жоқ «Longevity magazine» журналының сайтында пайда болды. Көптеген БАҚ өкілдері ақпаратты дәл осы сайтқа сілтеме жасап таратқан. Онда мақала 40 мыңнан астам қаралым жинап, көп оқылды. Factcheck.kz иммунологтың кей тұжырымдарын тексеруді жөн санады.

Әр БАҚ өкілі Штадлердің әртүрлі мәлімдемесіне сілтеме жасаған. Біз талдау жүргізу үшін РБК сайтындағы мақаланы таңдадық, себебі онда иммунолог келтірген тезистердің көбі бар. Сондай-ақ контекстті толық түсіну үшін біз керек кезде түпнұсқадағы мақаладан да үзінділер келтіріп отырамыз.

Мәлімдеме: SARS-CoV-2 коронавирусы – бұл жаңа вирус емес, ол басқа коронавирустарға ұқсас. Ол мутацияға ұшырап, жазда жоғалып кететін, тұмау сияқты маусымдық вирус.

Б. Штадлер

Үкім: Манипуляция және жалған

SARS-CoV-2 коронавирустар тобына жатады және адамға жұғуы мүмкін алғашқы коронавирус емес (бұл жетіншісі). Сондықтан ол да басқа коронавирустарға ұқсас. Алайда бұл мәлімдеменің қандай контекстте айтылғаны маңызды. Штадлер өз мақаласында коронавирусты неге «жаңа» деп айтатынына таң қалып, «жаңа вирустың басқа коронавирустарға ұқсас екенін ғалымдар енді ғана түсіне бастады» дейді. Шындығында вирустың табиғаты туралы баяғыдан белгілі. Сондықтан профессордың бұл мәлімдемесі – манипуляция.

Fig. 1
SARS-Cov-2 геномы деген не?

Бұл вируспен тек «маусымдық кезеңдерде» ауырып қалу мүмкін деген болжамдар айтылғанымен, олар әзірге дәлелденген жоқ. Вирус жазда жоқ болып кетпейді. Ол үшін Қазақстанда қанша адам сырқаттанып қалғаны туралы жаңалықтарды көрсеңіз жеткілікті.

Біз бұған дейін бұл аурумен бірнеше рет ауырып қалуға болатынын болжап айтқан ғылыми мақала жайында және оған қатысты фейк туралы да жазған едік.

«Жаңа» деген қосымшаға келетін болсақ, бұл адам осы уақытқа дейін коронавирустың дәл осындай штаммымен кездеспегенін білдіреді. Бұл дегеніміз, вирустың бір тобына жататынына қарамастан, SARS-CoV-2 басқа коронавирустардан ерекшеленеді. Өз кезегінде қалған коронавирустар да бір-бірінен айырмашылығы бар.

COVID-19-бен симптомсыз ауруға бола ма? Беда Штадлердің мәлімдемесін тексеріп көрейік
Yen-Chin Liu et al. (2020)

Мәлімдеме: дүниежүзіндегі сарапшылардың пікірінше, коронавирустың басты қауіпі – оған қарсы иммунитет жоқ. Алайда бұл тек болжам ғана, себебі тиісті зерттеулер жүргізілмеген. Бұл ғылымға емес, тек интуицияға негізделген нағыз өтірік. Ал адамдар болса осы жалған ақпаратты таратуда.

… Сондай-ақ SARS-CoV-2 бұған дейін SARS вирусы өршіген Қытайдың кей аймақтарына айтарлықтай аз әсер еткені белгілі болды. Біздің иммундық жүйеміздің SARS және SARS-CoV-2 вирустарын ұқсас деп санайды, бұл бір вирус бізді екіншісінен қорғай алады дегеннің айқын дәлелі.

…Сәуір айының ортасында Андреас Тильдің Шаритедегі (Берлиндегі клиникалық кешен – Авт.) жұмыс тобы дайындаған мақаласы жарық көрді. Арасында вирусолог Кристиан Дростен бар 30 автордың жиынтық мақаласында SARS-CoV-2-ні ешқашан жұқтырмаған Берлин тұрғындарының 34%-ында вирусқа қарсы Т-жасушаларының иммунитеті пайда болғаны жазылған.

Б. Штадлер

Үкім: Жалған және манипуляция

Бүгінде ғылыми қауымдастық SARS-CoV-2 вирусына қарсы тұра алатын иммунитет осы уақытқа дейін болмады деген пікірде. Бұған дәлел – дүниежүзін жаулаған пандемия. Осы вирусқа қарсы иммунитеттің болмауы дегеніміз – оны жұқтырған адамның көбі сырқаттанып қалады және иммунитет тек ауырып шыққаннан кейін ғана пайда болады.

Жаңа коронавирустың 2000-шы жылдардың басында SARS вирусы өршіген Қытайдың кей аймағында әсері аз болды дегенге еш дәлел жоқ. Алайда SARS-қа қарсы иммунитет SARS-CoV-2 кезінде көмектеспейтіні туралы ғылыми жұмыс бар.

Штадлер сілтеме жасаған неміс ғалымдарының мақаласы – препринт. Осыған қоса, барлығы иммунолог көрсетуге тырысқандай нақты әрі айқын емес. Зерттеу авторларының өзі 100 пайыз иммунитет болады деп нақты айтпайды.

Cell Reports ғылыми журналында SARS-CoV (SARS) және SARS-CoV-2-нің антиденелерін салыстырған зерттеудің нәтижелері жарияланды. Ғалымдар бір коронавирустың антиденелері екіншісінен қаншалықты қорғай алатынын тексермек болған. Алайда тәжірибелердің қорытындысы екі коронавирустың антиденелері кросс-реактивті болғанына қарамастан, кросс-бейтараптандыру сирек кездесетінін көрсеткен. Зерттеу жұмысы туралы толығырақ мына жерден орыс тілінде оқи аласыз.

Осыған қоса SARS-CoV және SARS-CoV-2 вирустарының ошақтары Қытайдың әртүрлі аймағында болғанын айта кетейік. Сондықтан болар жаңа коронавирус Хубэйге (COVID-19 ошағы) қарағанда Гуандун провинциясына (SARS ошағы) әлдеқайда аз әсер етті.

Штадлер сілтеме жасаған неміс ғалымдарының мақаласы сәуір айында medRxiv сайтында, яғни ғылыми мақалалардың препринттарына арналған серверде жарияланды. Препринт дегеніміз – сараптамалық бағалаудан өтпеген мақала. Кез келген ғылыми мақаланы жариялау үшін сараптамалық бағалау қажет. Препринт туралы толығырақ мына жерден оқуға болады.

Мақаланың мазмұнына келетін болсақ, оның авторлары, расымен, бақылауда болған сау адамдардың ағзасынан кішкене болса да CD4 + T-жасушаларын тапқан. Бұл жасушалар SARS-CoV-2 вирусының белгілі бір нәруыздарын анықтай алады. Бұл CD4 + T-жасушалары тұмау кезінде пайда болатын эндемиялық коронавирустан қалған T-жасушалар болуы да мүмкін. Коронавирустар бір-біріне ұқсас болғандықтан, SARS-CoV-2 де кәдімгі тұмау кезінде пайда болатын коронавирус сияқты «көрінуі» ықтимал. Сондықтан теориялық тұрғыдан бұл Т-жасушалар SARS-CoV-2-мен реакцияға түсуі мүмкін.

Дегенмен әзірге бұл тек болжам ғана. Мақала авторларының өздері CD4 + T жасушалары SARS-CoV-2 вирусын жұқтырудың сезгіштігіне және COVID-19-дың жас ерекшелігіне қарай клиникалық нәтижелерге қалай әсер ететіні туралы әлі де лонгитюдтық зерттеулер қажет екенін жазады.

Айта кету керек, Cell Reports журналында жарияланған рецензиясы бар тағы бір зерттеу нәтижесі бойынша, CD4 + T-жасушалары бұрын COVID-19-бен ауырмаған адамдардың 40–60%-ында анықталған. Бұл кейбір адамдар бойында «тұмау кезіндегі» коронавирустар мен SARS-CoV-2 арасында Т-жасушалардың кросс-реактивті байланысы бар деп болжауға мүмкіндік береді. Зерттеу авторларының сөзінше, бұл иммунитет клиникалық нәтижелерге әсер ете ме, жоқ па белгісіз. Себебі ол үшін Т-жасушаларындағы өзгерістерді SARS-CoV-2 вирусын жұқтырғанға дейін және кейін мұқият бақылау қажет. Алайда кросс-реактивті CD4+ Т-жасушалары қорғаныш иммунитетінде маңызды рөл атқарады деген болжам өте қызықты тұжырым.

Мәлімдеме: Эпидемиологтар коронавирус жазда жоқ болып кетеді және бұл жай ғана маусымдық тұмау дегенге сенгісі келмеді. Бұл өз кезегінде қате болжам жасап, жоспарды дұрыс құрамауға әкелді. Бастапқыда айтылған ең нашар сценарий еш жерде болмаса да, кейбіреулер екінші толқын келеді деп шулап жатыр.

Б. Штадлер

Үкім: Жалған

Коронавирустың кей түрі кәдімгі тұмауға алып келуі мүмкін, алайда оларды қазіргі коронавируспен шатастыруға болмайды. Біз COVID-19 жазда жоқ болып кетеді деп айтатын Штадлер қай планетада тұрып жатқанын білмейміз. Себебі иммунолог тұратын Швейцарияның өзі коронавирусты әлі жеңе алмай отыр. Ал оның мәлімдемесіндегі «ең нашар сценарий еш жерде болмады» деген сөздерінің мағынасын түсіну қиын.

Мәлімдеме: Коронавирустың симптомсыз тасымалдаушылары деген жоқ: оларда, қауіп тобына кірмеген балалардың көбі сияқты, ауруға қарсы тұра алатын иммунитет бар. Бұл қателік коронавирус тесттерінің салдарынан кетті, себебі олар адам ағзасында вирус тірі екенін әлде иммундық жүйе оны басып тастағанын анықтай алмайды. Нәтижесінде тест адамды шатастырып, «вирустың кішкентай жойылған бөлшектерін» аурудың белсенді кезеңі ретінде көрсетуі мүмкін. Ал вирус жұқтырғандар санының күн сайын артуы тек вирустық қоқысқа байланысты болуы мүмкін.

…Кей вирусологтардың тағы бір әзілі – симптомсыз ауыратын адамдар вирусты басқалар арасында тарата алады деген мәлімдемесі. «Дені сау» науқастың тамағындағы вирустың көп болғаны соншалық, екі адам арасындағы жай ғана сөз алмасу басқа біреуді жұқтыруға жеткілікті.

Б. Штадлер

Үкім: Жалған және манипуляция

Қазіргі ғылыми консенсус бойынша вирусты симптомсыз тасымалдаушылардың бар екені рас. Балалар ауруға әлдеқайда бейім екені де белгілі. Алайда бұл вирус оларға жұқпайды деген сөз емес. Бар болғаны ауру ересектерге қарағанда балаларда жеңіл өтеді. Дегенмен қант диабеті сияқты ілеспелі аурулармен ауыратын балаларда ауру ауыр жағдайда өтуі мүмкін.

Профессор айтып жатқан қателік шынымен де болуы мүмкін. Мысалы ол Оңтүстік Кореяда емделіп шыққан адамдардың ПТР-тесттері оң нәтиже көрсеткенін айтады. Алайда оң нәтиже көрсеткен сынақтардың барлығы «вирустық қоқыстың нәтижесі» деп айту – нағыз спекуляция. Тек бір жағдайға бола жалпы қорытынды жасау ғылыми тұрғыдан дұрыс емес.

Вирустың симптомсыз тасымалдаушылар арқылы берілуі әлі де зерттеліп жатыр. Бірақ әзірге олар да басқаларды жұқтыруы мүмкін деген болжам бар. ДДСҰ-ның ақпараты бойынша: «Симптомсыз ауырып жүрген адамдар да басқаларды жұқтыруы мүмкін, алайда оның қандай дәрежеде болатыны әлі түсініксіз. Бұл кезек күттірмейтін мәселе ретінде зерттеуді жалғастыруды талап етеді».

Бұл жағдайда симптомдары ешқашан көріне бермейтін симптомсыздар мен симптомдары әлі байқала қоймаған симптомалды адамдарды ажырату керек. Естеріңізге сала кетейік, коронавирустың инкубациялық кезеңі өте ұзақ, ол екі аптаға дейін созылуы мүмкін. Егер тестілеу кезінде вирус жұқтырған адамда ешқандай белгілер болмаса, бұл оның симптомсыз екенін білдірмейді. Себебі ол симптомалды адам болуы мүмкін.

Осыдан кейін Беда Штадлер вирустың қазір кетіп, қыста қайтып келетінін тағы да ескертеді. Вирус қыста орала ма, жоқ па, оны ешкім нақты айта алмайды. Алайда оның әлі ешқайда кетпегені – нақты факт.

Бір қызығы, иммунологтың мақаласы жарияланған Америка медицина академиясының сайтында дисклеймер (ескерту) бар, онда былай деп жазылған:

Әрбір құжатты жүйелі түрде тексеріп тұруға көп күш-жігер жұмсалады, алайда соған қарамастан Дүниежүзілік денсаулық сақтау жүйесі (World Health Network), оның мүшелері, демеушілері және сайтты жүргізушілер (бәрінің атауы – WHN) белгілі бір мақсат үшін пайдаланылатын ақпараттың немесе көзқарастың нақтылығына, толықтығына, уақытылығына, дұрыстығына немесе жарамдылығына кепілдік бере алмайды. Бұл осы тасымалдаушы құралға және ішіндегі материалдарға қатысты.

worldhealth.net

Беда Штадлер деген кім?

Беда М. Штадлер – Берн университетінің иммунология институтының бұрынғы директоры, иммунология профессоры. Оның негізгі ғылыми ізденістері аллергия мен аутоиммунитет саласындағы іргелі зерттеулерге және иммунологиядағы қолданбалы зерттеулерге қатысты болды. Қазір ол швейцариялық ExpertInova консалтинг фирмасының директорлар кеңесінің төрағасы. Иммунолог Facebook әлеуметтік желісінде өте белсенді және сонда мақалалары мен сұхбаттарын жиі жариялап тұрады.

Өмір бойы ғылыми ортада жұмыс істеген адам ғылымға қатысы жоқ, ақылға қонбайтын бірқатар мәлімдемені не үшін жасағаны белгісіз. Бірақ Штадлерді бұған дейінгі айтқан қарама-қайшы пікірлері үшін де «қызық адам» деп атап кеткен.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz