Covid-19’‎ға қарсы вакцина 2018 жылы жасалған ба?

Әлеуметтік желі мен мессенжерлер арқылы коронавирусқа қарсы AstraZeneca вакцинасы 2018 жылы жасалғаны туралы ақпарат тарады. Бұл қастандық теориясы жайында кезекті қауесетті тудыратындықтан Factcheck.kz мәселенің анық-қанығына көз жеткізіп көрді.

Covid-19’‎ға қарсы вакцина 2018 жылы жасалған ба?
Жұрт арасында тараған сурет

Үкім: Фейк

Анықталғандай, мұндай ақпарат Қазақстан медиа кеңістігіне батыс елдерінен келген. Фотоның өзі оригинал, алайда дерек іздеу барысында суретте көрсетілген вацинаның шығу уақыты монтаждалған. Ашық дереккөзде осы секілді сурет көп, бірақ олардың ешбірінің фотода көрсетілген тұсында вакцина шығу күні жазылмаған. Оның үстіне датаның басқа символдарға қарағанда әлдеқайда анық көрінетініне де назар аударыңыз.

Covid-19’‎ға қарсы вакцина 2018 жылы жасалған ба?Covid-19’‎ға қарсы вакцина 2018 жылы жасалған ба?
1-сурет. Оригинал. 2-сурет. Желіде таралған сурет.

Контекст

ChAdOx1-S вакцинасы алғашында AstraZeneca деп аталып, кейін Vaxzevria деген атауға көшті. Оны Оксфорд университеті мен AstraZeneca компаниясы бірігіп жасаған. Екпе дененің табиғи қорғанысы (иммун жүйесі) қалыптасуына түрткі болады. Бұл ағзаны вирусқа қарсы өзіндік қорғаныс (антидене) жасауға итермелейді. Вакцинаның бірде-бір ингредиенті COVID-19 тудыруы мүмкін емес.

Еуропаның дәрі-дәрмек агенттігі (EMA) жақында екпенің өте сирек кезігетін жанама әсеріне тромбозды да қосты. Агенттік мұндай шешімге барлық деректерді сараптаған соң келген. Еске сала кетейік, өте төмен деңгейдегі тромбоциттермен тромбоз қалыптасуы вакцинадан соң 2 апта ішінде 60 жасқа дейінгі әйелдерде байқалған.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz