CNN: Минск маңында саяси тұтқындарға арналған лагерь болуы мүмкін

Беларусьте Минск қаласынан бір сағаттық жерде орналасқан Новоколосово ауылында саяси тұтқындарға арналған лагерь болуы мүмкін. Бұл туралы америкалық CNN телеарнасының журналистері хабарлады.

Журналистер мұндай болжамды куәгерлердің сөзіне сүйеніп айтты. Сонымен қатар, куәгерлер редакцияға Новоколосоводан бірнеше видео жіберген.

CNN хабарлауынша, объект Новоколосово аумағында орналасқан және аумағы 0,8 шаршы км құрайды. Аумақты тікені бар сыммен, электр тоғымен қоршаған.

Сонымен қатар, бейнебақылау камерасы орнатылып, әскери күзет жүріп жатыр. Ал қоршалған жерде “Шекарадан өтуге тыйым салынады” деп жазылған.

Сонымен бірге, «Белсат» сайтының дерегінше, Новоколосовода «кеңес уақытында құпия болған» 25819 әскери бөлімінің бұрынғы әскери қалашығы (Стратегиялық ракеталық күштердің 25-ші арсеналы) бар. Ал әскери база әлі де ауылда орналасқан.

Әзірше, Беларусь билігі CNN зерттеуіне байланысты мәлімдеме жасамады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz