CDC, Британ үкіметі мен Оксфорд зерттеулері COVID-19 вакцинасының пайдасысыз деді ме?

Әлеуметтік желілерде АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары (CDC), Ұлыбритания үкіметі мен Оксфорд университеті жариялаған үш зерттеу коронавирусқа қарсы вакциналардың пайдасы жоқ екенін «көрсетті» деген ақпарат тарап жатыр.

CDC, Британ үкіметі мен Оксфорд зерттеулері COVID-19 вакцинасының пайдасысыз деді ме?
Instagram-дағы пост скриншоты (makslorann аккаунты)

Посттар The Expose сайтындағы жаңалықтарға сілтеме жасады. Ресурстың мәліметінше, вакциналар туралы мұндай қорытындыны жоғарыда келтірілген зерттеулерді талдап, өзінің ғылыми мақаласын жариялағаннан кейін медицина ғылымдарының докторы Нина Пьерпонт жасады.

Factcheck.kz бұл хабарламаны зерттеп, мұның қаншалық рас екенін анықтады.

Үкім: Манипуляция және Жалған

  • The Expose жазған зерттеу қате түсіндірілген. Онда вакцинаның әсері жоқ деп айтпайды.
  • Нина Пьерпонттың мақаласы ғылыми журналда жарияланбаған. Ол The Expose сайтының өзіне шықты. Пьерпонттың өзі, медициналық білімі болса да, вирусолог емес және ешқашан вирустар мен вакциналар туралы ғылыми мақала жазбаған.
  • The Expose жобасының өзі (бұрынғы The Daily Expose деп аталады) – британ қастандық сайты. Бұқаралық ақпарат құралдарының сенімділігін бағалайтын MediaBiasFactcheck ресурсты The Expose-ді жалған және жаңылыстыратын ақпарат тарататын фактілерді өте аз келтіретін сайт санайды.
  • Вакциналар туралы жалған ақпаратты жүйелі түрде жариялайтын makslorann Инстаграм аккаунты туралы да осылай деуге болады.

The Expose-дегі мақаланы бұрын Logically фактчекерлері тексерген. Біз әріптестеріміздің қорытындысын қайта тексеріп, толықтырамыз.

Толығырақ:

The Expose сілтеме жасаған Нина Пьерпонт, вакцинаның негізгі екі міндетінің бар екенін жазады: біріншісі – аурудың алдын алу; екіншісі – инфекция мен вирустың таралуын болдырмау. Оның айтуынша, «Дельта» жаңа нұсқасы өте жұқпалы екенін ескере отырып, вакциналар енді екінші мақсатын орындамайды. Осыған байланысты Пьерпонт вакцинацияға қойылған талаптар ақталмаған деп қорытынды жасады.

Осыдан-ақ Пьерпонттың аргументінің кейбір сәйкессіздігін айтып өткен дұрыс. Вакцинация міндетті түрде инфекциядан қорғай алмайтыны туралы факт «Дельта» нұсқасы пайда болғанға дейін де белгілі еді. Вакцинация аурудың ауыр ағымын, ауруханаға жатқызудың және өлімнің алдын алуға көмектеседі деген ғылыми келісім бар.

Дегенмен Нина Пьерпонт пен The Expose сүйеніп отырған дереккөздер – сол үш зерттеуді түсінуге тырысайық. CDC, бүкіл Ұлыбритания үкіметі мен Оксфорд университеті кенеттен вакциналардың пайдасы жоқ деген қорытындыға келді ме?

CDC есебі

Зерттеу тақырыбы – 2021 жылдың шілдесінде АҚШ-тың Массачусетс штатының Барнстабл округінде жаппай жиналыстар кесірінен SARS-CoV-2 инфекциясының өршуі болды. Шілдеде инфекцияның 469 жағдайы анықталды. Олардың 346-сы (74%) – мРНҚ вакциналары – Pfizer мен Moderna немесе Johnson & Johnson векторлық вакцинасын толық салдырғандар. Оның ішінде 274-нің (79%) симптомдары болды. Ауруханаға түскен бес адамның төртеуіне вакцина егілді. Адам өлімі туралы хабарланған жоқ. Жалпы, Массачусетс штатының тұрғындары арасында вакцина салғызғандар үлесі 69%-ке жетеді.

Бұл коронавирусқа қарсы вакцинаның пайдасы жоқ дегенді білдіре ме? CDC мұндай қорытынды жасамайды. Оның өз себебі бар. Біріншіден, авторлар айтып өткендей, популяция деңгейінде вакцинация салу көлемі ұлғайған сайын, вакцинацияланған адамдар COVID-19 жағдайының көп бөлігін алады (бұл қисынды). Екіншіден, зерттеудің шектеулері бар. Авторлар коронавирусқа қарсы вакцинаның тиімділігін, соның ішінде «Дельта» нұсқасы туралы қорытынды жасау үшін есептегі мәліметтер жеткіліксіз екенін жазады.

Шындығында, мұнда аса бір жаңа ештеңе жоқ. Ғалымдар вакцинацияланған адамдар вирусты жұқтыруы мүмкін екенін, онда да «Дельта» нұсқасын жұқтыруы мүмкін екенін бұрында-ақ айтты. Біз бұл туралы толығырақ мына жерде жаздық.

CDC есебінің авторлары жасаған қорытынды  мынау: «Дельта» нұсқасы өте жұқпалы; вакцинация жағдайына қарамастан, қоғамдық орындарда маска тағуды қоса алғанда алдын алу стратегиясын кеңейтуді қарастырған жөн.

Оксфорд университетінің зерттеуі

Біріншіден, бұл зерттеу препринт екенін және әлі рецензиядан өтпегенін ескеру қажет.

Зерттеу тақырыбы – Вьетнамның Хошимин қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасының вакцинацияланған қызметкерлері арасында «Дельта» нұсқасын жұқтыруы. Наурыз-сәуір айларында аурухананың 900 қызметкеріне AstraZeneca вакцинасы салынды. Маусымның 11-і мен 25-і аралығында (екінші дозадан 7-8 апта өткеннен кейін) 69 қызметкердің ПТР тесті олардың коронавирус жұқтырғанын растады. «Дельта» нұсқасының серпінді инфекция жағдайларының вирус жүктемесі 2020 жылдың наурыз айынан сәуір айына дейін анықталған ескі штамдары бар инфекциялардың вирус жүктемесінен 251 есе жоғары болды.

Нина Пьерпонт пен The Expose бұл деректерді қалай түсіндіреді? Олар «толық вакцинацияланған жұқпалы топтағы вирус жүктемесі 2020 жылдың наурыз-сәуірінде қызметкерлер вакцина салғызбаған кездегі вирус жүктемесінен 251 есе жоғары болды» деп жазады.

Бір нәрсені айтып тұрған сияқты боп көрінгенімен, мұнда логиканы ауыстырып жіберген. Пьерпонт «Дельта» нұсқасының вирус жүктемелері мен пандемияның басында таралған нұсқаларын салыстырады. Зерттеу вакцина салғызғандар мен салғызбағандар арасындағы «Дельта» нұсқасының вирус жүктемесін салыстыруға арналмаған.

Бұрын дәл осындай жалған ақпаратты кіші Роберт Кеннедиге тиесілі вакциналарға қарсы Children’s Health Defense ұйымы таратқан. Оны Reuters пен Health Feedback тексерген.

CDC есебіндегідей, Оксфорд зерттеуінің авторлары вакцинаның пайдасыздығы туралы айтпайды. Олар тек мынадай қорытынды жасайды:

«Дельта» инфекциясы кезінде вирус жүктемесі жоғарылайды, ПТР тесті ұзақ уақыт оң нәтижені көрсетеді және вакцинациядан кейін және диагноз қойған кезде бейтараптандыратын антиденелердің төмен деңгейін көрсетеді. Бұл факторлар нашар желдетілетін мекемелерде және маска тақпаған кезде вакцина салдырған қызметкерлер арасында вирусты симптомы бар және/немесе симптомсыз түрде таралуына ықпал еткен болуы мүмкін. «Дельта» нұсқасының таралуын азайту үшін физикалық қашықтық шаралары маңызды болып қала береді.

Ұлыбританияның Денсаулық сақтау министрлігі демеушілік еткен зерттеу

Тағы да назар аударыңыз, бұл зерттеу де – препринт.

Мұнда авторлар алдыңғы зерттеуге қарағанда вакцинацияланған және вакцинацияланбаған адамдардың «Дельта» нұсқасын жұқтырған жағдайдағы вирус жүктемесін салыстырды. Елде «Альфа» нұсқасы басым болған кезеңде вакцина алғандарда вирус жүктемесі вакцина алмағандарға қарағанда бірнеше есе төмен болды. Алайда «Дельта» нұсқасы таралғалы бері, ғалымдардың пікірінше, амплификатордағы циклдар санымен өлшенетін вирус жүктемесі арасындағы айырмашылық вакцина салдырғандар мен салдырмағандар арасында анық болмай кетті.

Дегенмен алдыңғы зерттеулердегідей, бұл факт вакцинацияның пайдасы жоқ дегенді білдірмейді. Авторлардың талдауы «Дельта» нұсқасы жағдайында вакциналардың тиімділігі төмендеген (бұл бұрыннан айтылып келе жатыр), бірақ олар әлі де жақсы қорғанысты қамтамасыз етеді. Мысалы, авторлар Ұлыбритания денсаулық сақтау министрлігінің ғылыми мақаласына сілтеме жасап, Pfizer вакцинасының тиімділігі 94%-тен 88%-ке, AstraZeneca вакцинасы 75%-тен 67%-ке дейін төмендегенін айтады.

The Expose, Нина Пьерпонтқа сілтеме жасай отырып, тиімділік көрсеткіші шын жағдайға сай келмейтінін жазады. Дегенмен олар бұл цифрлар инфекциядан қорғау көрсеткіші деп ойлап қателеседі. Шындығында, бұл жағдайда 88% және 67% инфекция жұғуына емес, аурудың дамуынан қорғауға қатысты.

Қорытындылай келе, британ зерттеу авторлары жағдайды ескере отырып, мүмкіндігінше көп адам вакцина салдыруы қажет деп есептейді.

Қорытынды: жалған ақпарат дереккөздері туралы

Осылайша, The Expose мақаласында көрсетілген зерттеулердің ешқайсы вакциналардың қаупін былай қойғанда, олардың пайдасыз екенін көрсетпейді. Зерттеулер «Дельта» нұсқасының таралуын ескере отырып, вакцинация мен аурудың жеке аспектілерін зерттейді және соңында вакцинация қажет деген қорытындыға келеді.

The Expose Нина Пьерпонттың түйіндемесіне ерекше назар аударады. Бұл дәрігер Йель университетінің, Принстон университетінің және Джонс Хопкинс университетінің түлегі екенін алға тартады. Пьерпонттың медициналық білімі болса да, жоғарыда аталған оқу орындарында шынымен де оқығаны расталса да, ол вирусолог немесе эпидемиолог емес және ешқашан бұл салаларда зерттеу жүргізбеген.

Google Scholar іздеуі Пьерпонттың ғылыми мақала саны шамалы ғана екенін көрсетеді. 1983-1990 жылдар аралығында экология бойынша үш мақала жазған. 2000 жылдардың басында Пьерпонт жел қондырғылары жақын маңда тұратын адамдардың бойында түрлі ауру туғызады деп оларға белсенді түрде қарсы шыға бастады, оның ішінде «жел қондырғысы синдромы» (ағылшынша Wind turbine syndrome) бар. Дәрігер тіпті осы тақырыпқа арнап 2009 жылы кітап шығарды. Ол жұмыс эксперттер қауымдастығының сынына ұшырады. Қолда бар зерттеулер жел қондырғыларының адам денсаулығына кері әсерін көрсетпейді. Ал «жел қондырғысы синдромы» аурулардың халықаралық жіктемесінде жоқ және жалған ғылыми термин болып саналады.

Оған қоса, Пьерпонт «табиғи иммунитетті» жақтайды. Ол өзінің мақаласы соңында ғылым докторларының (шамасы, оның ішінде өзі де бар) вакцинадан оның «ауыр жанама әсерлерінің дәлелі» себебінен бас тартатынын түсіндіреді. Ол ғылым докторлары «вакциналарға қарсылығы мықты» екенін атап көрсетеді, себебі олар деректерді талдауға үйренген-мыс. Бір қызығы, барлық ғылым докторының атынан сөйлеу жауапкершілігін мойнына ала отырып Пьерпонт ғылыми қоғамдастық өкілдерінің басым көпшілігі вакцинацияны қолдайтынын ұмытты.

Бұрын The Daily Expose деп аталған The Expose 2020 жылдың қарашасында іске қосылды және содан бері «балама БАҚ» жанкүйерлері арасында өте танымал болды. Сайт қастандық және жалған ғылыми сипаттағы ақпараттарды жариялайды. Ғылыми мақалалар контент жасау үшін алынса да, олардың мазмұны мен нәтижелері біз тексерген мақаладағыдай жиі бұрмаланады. Айтпақшы, авторлардың аты-жөні белгісіз, бұл – бұқаралық ақпарат құралының сапасының төмен екенін көрсететін «қызыл жалауша». Дегенмен біздің Logically-дағы әріптестеріміз бұл жобаның артында тұрған адамдарды тапты (толығырақ мына жерде).

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz