БҰҰ жүйесіндегі ұйымдар балалар порнографиясы мен педофилияны насихаттай ма?

16 маусымда «Қазақстанның ата-аналар одағы» қоғамдық бірлестігі «Отбасы институтын жою. Халықаралық ұйымдардың мақсаты» атты онлайн-конференция өткізді. Үш сағатқа созылған іс-шараның тақырыбы жиын мазмұнын жақсы сипаттап тұр, десе де қысқа қайырсақ, аталмыш конференция барысында халықаралық ұйымдардың қазақстандықтарға қылмыстық және жат құндылықтарды насихаттауға, дәстүрлі отбасын жоюға және балаларды ата-анасынан айырып алуға бағытталған зұлымдар екені айтылды. Конференцияда сөз сөйлеген 14 спикердің (оның ішінде жүргізушінің) пікірі осындай сипатта болды.

«Қазақстанның ата-аналар одағымен» және оның мүшелерімен біз бұған дейінгі фактчектерде, атап айтқанда, түрлі қастандық теорияларын талдап, заңдарға қарсы шығатын ұйымдар туралы зерттеу жүргізген кезде танысқан едік. Жалпы бұл қауымдастықтың ниеті жақсы, бірақ ойын іске асыруы нашар. Сондықтан, негізінен, вакцинация мен ювеналды әділет органдарына қарсы шығып, осы тақырыптарға қатысты көптеген жалған ақпарат таратады.

Осыған байланысты Factcheck.kz-ке конференцияда не айтылғаны және қандай мәлімдемелер жасалғаны қызық болды. Үш сағат ішінде біраз нәрсе айтылды, дегенмен бізді «БҰҰ жүйесіндегі халықаралық ұйымдар балалар порнографиясы мен педофилияға қолдау көрсетеді» деген пікір қызықтырды, себебі бұл таңқаларлық мәлімдеме. Осы орайда бүгінгі материалымызды дәл осы тақырыпқа қатысты айтылған мәлімдемелерді тексеруге арнадық.

Қысқаша қорытынды

  • Егер сіз мақаладан сенсация тапқыңыз келсе, бірден айтайық, ол жоқ. Біз тексерген барлық мәлімдемелер не жалған, не манипуляцияға ұшыраған. Халықаралық ұйымдар балалар порнографиясы мен педофилияны насихаттамайды, керісінше балаларды осындай қылмыстық әрекеттен қорғау үшін шаралар қабылдайды. Біз бұл тақырыпты бірнеше рет көтерген едік.
  • Дегенмен егер біз тексерген мәлімдемелердің авторлары ақпаратты қалай бұрмалайтынын білгіңіз келсе, сізге жан-жақты талдау жұмысын ұсынамыз.

1 бөлім: Халықаралық ұйымдар және балалар порнографиясы

Мәлімдеме: Мен сіздерге БҰҰ-ның бала құқықтары жөніндегі соңғы құжаттарының бірінен алынған үзіндіні оқып берейін. Онда былай деп жазылған: «Балалар иелігіндегі немесе олардың келісімімен тек жеке пайдалану мақсатында таратылатын сексуалды сипаттағы материалдар үшін қылмыстық жауапкершілік болмауы керек. Балалардың өзі жасаған сексуалды контентке байланысты кеңес алуға және қауіпсіз көмекке жүгінуге мүмкіндік беретін арналар жасау керек». Бұл БҰҰ-ның бала құқықтары жөніндегі құжаты. Құжатқа сәйкес, балаларға порнографиялық контент жасап, оны қауіпсіз арналар арқылы таратуға құқық берілген. Дәл осы жерде бізде мынандай қосымша бар: «профилактикалық және консультациялық қызмет көрсететіндер баланың мұндай қызметке қол жеткізуі үшін ата-анасының келісімін алу талабынан босатылуы керек». Оған қоса бұл құжатта «осындай қызмет көрсететіндер әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы керек» деген бар. Қымбатты ата-аналар, балаларымызға берілген осындай құқықтарға не дейсіздер?

Юлия Черданцева

Осы жерде тағы бір мәлімдеме қоса кетейік, себебі ол жаңағыны нақтылай түседі.

Бала құқықтары туралы конвенция. Наурыз айында оның жалпы тәртіп бойынша №25-ші ескертулері жарияланды. Юлия бізге бұған дейін осы қорқынышты 118-бап туралы айтқан еді. Онда балалардың өздері сексуалды контент жасай алатыны және ол қылмыс болып саналмайтыны айтылған. Бұл үшін арнайы арналар мен ресурстар жасалып, онда балалар осы контентті жасау бойынша кеңес ала алады. Менің ойымша, бұл кәдімгі балалар порнографиясы болады.

Анастасия Машнина

Үкім: Манипуляция және жалған

Бұл тіпті өтірік мәлімдеме. Қай жері манипуляция: 118-бап 2021 жылы наурызда жарияланған цифрлы ортаға байланысты Бала құқықтары туралы жалпы тәртіптегі №25-ші ескертуінде расымен бар. Мәлімдеме авторы осы баптың сәл өзгертілген мәтініне сілтеме жасап отыр.Алайда осындай тексеру жұмыстарында «ең маңыздысы контекст» дегенді қайталаудан шаршамаймыз. Аталмыш 118-бап «Қорғаудың арнайы шаралары» деп аталатын бөлімнің «Балаларға қатысты сот төрелігін жүзеге асыру» бөлімшесінде орналасқан. Яғни оған сәйкес, балалар, бірінші кезекте, өздері жасаған және таратқан сексуалды сипаттағы материалдары үшін қылмыстық қудалауға ұшырамайды. Мұндай жағдайлар өмірде болып тұрады, сондықтан оны жоққа шығару – дұрыс емес. Әрине бұл құбылыстың этикалық жағы туралы ұзақ уақыт дауласуға болады, бірақ бұл бап нақты мәселенің құқықтық жағын реттеуге бағытталған. Сондықтан қай тұрғыдан қарасақ та, бұл ата-аналар үшін жақсы жаңалық, себебі олар да балалардың сексуалды сипаттағы контент жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылмауын қалайды. Дегенмен балаларды қылмыстық жауапкершіліктен босату деген оларды бетімен жіберу дегенді білдірмейді. Оған кейінірек жан-жақты тоқталамыз.

118-баптың нақты мәтіні: «Балалардың өздері жасап, иелік ететін және/немесе олар өз келісімімен және тек қана өзінің жеке пайдалануы үшін таратқан сексуалды сипаттағы материалдар үшін қылмыстық жауапкершілік болмауы тиіс. Бұл ретте балалардың мүдделерін ескеретін арналар жасау керек, олар ол жерде өздері жасаған сексуалды контентке қатысты кеңес пен көмекке жүгіне алады».

Енді жалған ақпаратқа тоқталсақ: Бұл жерде әңгіме Черданцева айтқандай «порнографиялық контентті қауіпсіз арналар арқылы таратуға» немесе Машнина айтқандай сексуалды контентті жасауға кеңес беруге еш қатысы жоқ. Бар әңгіме балаларда осындай контент жасаған кезде пайда болатын проблемалардың алдын алу бойынша кеңес пен көмек алуға қатысты, себебі мұндай істің қауіп-қатері өте көп.

Оған қоса профилактикалық және консультациялық қызмет көрсететіндер туралы ақпарат Юлия Черданцева мәлімдегендей «дәл осы жерде» емес, мүлдем басқа бөлімде орналасқан. Оны 78-баптағы «Жеке өмірдің құпиялық құқығы» деп аталатын бөлімнен табуға болады. Онда баланың жеке өмірінің құқығын қамтамасыз ету үшін отбасылық және басқа қызметтер бойынша кеңес берушілер туралы айтылған (контекстті түсіну үшін 77-бапты қараңыз). Мұның 118-бапқа еш қатысы жоқ.

Жиында сөз сөйлеп отырған спикерлер «БҰҰ балалар порнографиясының таралуын қолдайды» деген қорытындыға келеді. Бұл тұжырыммен конференцияның басқа қатысушылары да келіседі. Жоғарыда айтылғандай, спикерлер ережелерге қатысты бірнеше қателікке жол беріп, аудиторияға БҰҰ қызметі туралы бұрмаланған ақпарат таратып отыр. Сондықтан сіздерге көбірек контекст ұсынамыз.

Біріншіден, цифрлы ортаға байланысты бала құқықтары туралы жалпы тәртіптің №25-ші Ескертуіндегі кіріспенің 6-тармағында былай делінген: «Жалпы тәртіптің осы ескертуі Комитеттің жалпы тәртібінің басқа да тиісті ескертулерімен және балаларды сатуға, балалар жезөкшелігіне және балалар порнографиясына қатысты Конвенцияға Факультативтік хаттаманы жүзеге асыруға байланысты оның басшылық қағидаттарымен бірге қарастырылуы керек».

Енді сол Конвенцияның факультативтік хаттамасында не жазылғанын қарайық, онда былай делінген: «Қатысушы мемлекеттер осы Хаттамада көзделгендей, балаларды сатуға, балалардың жезөкшелігіне және балалар порнографиясына тыйым салады».

Екіншіден, БҰҰ өзі жалпы тәртіптің №25-ші Ескертуінің бірнеше жерінде қатысушы елдерді балаларды порнографиялық контенттен және сексуалды қанаудан қорғауға шақырады. Нақты мысалдар келтірейік.

5-бөлім, 25-бап: «Балаларды интернетте қорғау әр елдің балаларды қорғау ұлттық саясатымен үйлесуі керек. Қатысушы мемлекеттер балаларды Интернетте цифрлы технологияларды пайдалана отырып киберагрессия мен балаларды сексуалды қанау мен қол сұғушылық сияқты қауіп-қатерлерден қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыруы, осындай қылмыстарды тергеуді қамтамасыз етуі және зардап шеккен балаларға құқықтық қорғау мен қолдау құралдарын ұсынуы тиіс. Сондай-ақ олар ыңғайсыз немесе осал жағдайдағы балалардың қажеттіліктерін, оның ішінде қажет болған жағдайда аз топтардың тілдеріне аудару арқылы балаларға бейімделген ақпаратты ұсыну керек.

6-бөлім, 54-бап: «Цифрлы ортаға жыныстық стереотиптер, дискриминациялық және нәсілшілдік мәлімдемелер, зорлық-зомбылық пен қанау көріністері және порнография, дезинформация мен жалған ақпарат, сондай-ақ балаларды заңсыз немесе зиянды әрекеттерге итермелейтін ақпарат кіруі мүмкін. Олар әртүрлі ақпарат көздерінен, оның ішінде басқа пайдаланушылардан, коммерциялық контент жасаушылардан, сексуалды сипаттағы қылмыс ұйымдастырушыларынан немесе террористік немесе экстремистік ұйымдардың тізіміне енген қарулы топтардан тарауы мүмкін. Қатысушы мемлекеттер балаларды зиянды және күмәнді контенттен қорғауы тиіс. Сонымен қатар тиісті кәсіпорындар мен басқа да цифрлы контент ұсынушылар балалардың әртүрлі контентке қауіпсіз қол жеткізуіне кепілдік беретін нұсқаулықтарды әзірлеп, жүзеге асыруын қамтамасыз етуі керек. Осы тұста олар балалардың ақпарат пен сөз бостандығы құқығын мойындай отырып, олардың құқықтары мен дамып келе жатқан қабілеттеріне сәйкес зиянды материалдардан қорғауы қажет….».

7-бөлім, 82-бап: «Қатысушы мемлекеттер балаларды цифрлы ортадағы зорлық-зомбылықтан қорғау үшін заңнамалық және әкімшілік шараларды қабылдауы керек. Оған бәріне таныс және жаңадан пайда болған қауіп-қатерлерден қорғауға бағытталған қайта қарау, жаңарту және заңнамалық, нормативтік және институционалдық базаны берік сақтауды қамтамасыз ету кіреді. Мұндай қауіп-қатерлерге физикалық немесе психологиялық зорлық-зомбылық, жарақаттау немесе қорлау, немқұрайдылық немесе дөрекілік, қанау және қорлау, оның ішінде сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық, балалар саудасы, киберагрессия, кибершабуыл және ақпараттық соғыс жатады. Қатысушы мемлекеттер балалардың дамып келе жатқан қабілеттеріне сәйкес қауіпсіздік және қорғау шараларын жүзеге асыруы керек».

12-бөлім, 112-бап: «Цифрлы ортаға байланысты балаларды зорлық-зомбылықтың кез келген түрінен қорғау керек. Олардың арасында балалар еңбегі кіретін экономикалық қанау, балаларды сату мен ұрлау кіретін сексуалды қанау мен зорлық-зомбылық, қылмыстық әрекетке қатыстыру үшін балаларды пайдалану, оның ішінде киберқылмыстың кейбір түрлеріне мәжбүрлеу бар. Балалар цифрлы ортада контент жасап, оны тарату арқылы экономикалық субъектілерге  айналып кетуі мүмкін, бұл өз кезегінде оларды басқа біреулер пайдаланып кетуге әкеледі».

Басқаша айтқанда, БҰҰ балалар порнографиясын ТАРАТПАУҒА үндейді және балаларды қанаудың кез келген түрінен, соның ішінде жыныстық қатынастан қорғау керек екенін бірнеше рет мәлімдейді.

Сонымен қатар БҰҰ балалардың сексуалды сипаттағы материалдарды өздерінің жасағанын қолдамайды және қалыпты деп есептемейді, дегенмен цифрлы заманның рөлі артып келе жатқанын ескеріп, мұндай жағдайлар болуы мүмкін екенін мойындайды. Мысалы 2015 жылы Еуропаның бес елінде жүргізілген зерттеу көрсеткендей, 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдердің үштен бірі секстингпен айналысқан (бір-біріне жеке фотосуреттер мен интимдік мазмұндағы хабарламаларды жіберу – Ред.). Осындай шындықты ескере отырып, мұндай мәселе жоқ деудің орнына балаларды цифрлы ортада қорғауға мүмкіндік беретін ережелерді айқындау әлдеқайда қисынды.

Алайда порнографияны талқылау бұл әңгімемен бітпейді. Тағы бір мәлімдемені тексеріп көрейік.

Не болса да балалар порнографиясы мен оны балалар арасында таратуға жол берілмеуі керек, негізі бұл ақылға қонымсыз нәрсе ғой. Алайда ЮНИСЕФ бізді сендіріп әлек. Мәселен олар «Цифрлы дәуірдегі бақылау құралдары және бүкіл әлемдегі балалардың құқықтары» деп аталатын соңғы құжаттарының бірінде 2020 жылы 19 елде жүргізілген зерттеудің керемет деректерін ұсынады. Зерттеу бойынша порнографияны онлайн көрген балалардың көбі қуанбаған да, көңілі де түспеген. Демек ЮНИСЕФ-тің ойынша, порнография балалар психикасына зиян тигізбейді. Ал балаларға арналған мұндай тәжірибенің этикалық жағын айтпай-ақ қояйын.

Юлия Черданцева

Үкім: Манипуляция

Бұл да осыған дейінгі жағдайға ұқсайды, яғни мәлімдеме нақты фактіге негізделген, алайда барынша бұрмаланған. Шамасы, мәлімдеме авторы бұл жаңалықты бірнеше ай бұрын осы тектес түрлі қастандық теорияларын белсенді түрде таратумен танылған сенімсіз ақпарат көздерінен алған (оған мысал мына, мына, мына және мына жерде).

Жоғарыда аталған құжат (айтпақшы, ол «Бүкіл әлем бойынша балалардың жасы мен құқығын онлайн растайтын цифрлы құралдар» деп аталады) пен ондағы зерттеуден келтірілген сөз шынымен де бар. Алайда ЮНИСЕФ балалар психикасы үшін порнография қауіпсіз деп мәлімдемейді. Бұған көз жеткізу үшін құжатты мұқият оқып шығу керек.

Басынан айта кетейік, бұл ештеңеге үгіттемейтін және ештеңені насихаттамайтын, бірақ пікірталас тудыратын құжат. Жалпы алғанда онда балаларға интернетке кіруді шектеу және жасын тексеру құралдары арқылы қауіпті контенттен қорғау туралы айтылған. Оның басында дисклеймер бар, онда «бұл құжат ЮНИСЕФ-тің жасты растау құралдарына қатысты ресми ұстанымы емес» деп жазылған. Сондай-ақ онда «ЮНИСЕФ осы құжаттағы кез келген мәлімдеменің, ақпараттың, деректердің, нәтижелердің, түсіндірмелердің, кеңестердің немесе пікірлердің дереккөзіне, түпнұсқалығына, дәлдігіне, толықтығына немесе сенімділігіне қатысты ешқандай мәлімдеме жасамайды» делінген. Оған қоса «Әдістеме» бөлімінде «бұл құжат жасты тексеру жүйесіне арналған шолу ретінде ұсынылған және баланың құқықтары тұрғысынан талқылауды ынталандыруға арналған» деп жазылған.

Құжаттың негізгі мәніне үңілсек, интернеттегі контенттің (құмар ойындар, порнография, онлайн ойындар және әлеуметтік желілер) бірнеше түрінен келуі мүмкін зиянды талқылайтын бөлім бар. Оның әрбір түріне қатысты мынадай тақырыптар бойынша талдау жүргізіледі:

  • Саясатты анықтайтын адамдар не дейді?
  • Қауіп пен зиянның дәлелі қандай?
  • Дәлелдер жас шектеулерін ақтай ма?
  • Осы тұрғыда жасты тексеру құралдары тиімді бола ала ма?

Порнографияның қауіп-қатері мен зияны туралы дәлелдерге қатысты құжатта былай деп жазылған: «Порнографияның балаларға тигізетін әсеріне қатысты қауіп-қатер мен зиянның бірнеше түрі бар, бірақ порнографияның балаларға қаншалықты зиянды екендігі туралы ортақ пікір жоқ. Танымал құқық қорғаушылары порнографиямен жас кезде әуестену психикалық денсаулықтың нашар болуына, сексизм мен объективтілікке, сексуалды агрессияға және басқа да жағымсыз салдарларға байланысты деген зерттеулерге назар аударады».

Интернеттегі сексуалды бейнелерді көрген балалардың көбі не қуанбағаны, не көңілі түспегеніне қатысты 19 елде жүргізілген зерттеуге келер болсақ, ол да қауіп-қатерлерді талқылау бөлімінде келтірілген. ЮНИСЕФ нақты осы зерттеудің нәтижелерін ұстанады дегенді білдірмейді.

Кейін құжатта келесідей қорытынды жасалады: «Дәлелдер нақты емес, бір-біріне қарама-қайшы және қазіргі уақытта балаларға порнография деп танылған контентті қарау қаншалықты зиян екені мен әсер ету дәрежесі туралы ортақ пікір жоқ. Дегенмен бірнеше елдің саясаткерлері жасы кіші балалар 18 жастан асқан пайдаланушыларға арналған коммерциялық порнографиялық веб-сайттарға кірмеуі керек деп санайды».

Қысқаша айтқанда, ЮНИСЕФ порнография баланың психикасы үшін қауіпсіз деп мәлімдемейді, тек қолда бар деректерге сәйкес оның зиянына қатысты біржақты қорытындыға келу мүмкін емес екенін айтады.

Алайда тақырып мұнымен бітпейді. Құмар ойындар, порнография, онлайн ойындар және әлеуметтік желілердің қауіп-қатеріне арналған зерттеуден кейін балалардың сексуалды зорлық-зомбылығына қатысты материалдар жинақталған арнайы бөлім бар. Онда балалардың интернеттегі жас мөлшерін тексеру құралдарын қолдана отырып, оларды осындай контенттен қорғауға болатын жолдар жан-жақты талқыланады.

Сондай-ақ Черданцева жоғарыда «балаларға жасалған тәжірибе» деп атаған 19 елде жүргізілген зерттеуге қатысты жағдайды нақтылап алған жөн. Бұл да жалған ақпарат: зерттеу авторлары балаларға жыныстық суреттер көрсетпеген. Тек деректерді жинау барысында респонденттерден соңғы бір жыл ішінде онлайн немесе офлайнда сексуалды контент көрді ме, жоқ па және қандай әсерде болды деген сұрақ қойған.

Бір қызығы, айтарлықтай қате тұжырымдардың болмауына қарамастан, интернет желісінде құжатқа деген наразылық көп болды. Осыған орай ЮНИСЕФ оны сайттан алып тастады. Қазір ол ұйымға қатысы жоқ платформада қол жетімді. ЮНИСЕФ-тің ресми өкілінің Snopes фактчекинг басылымына берген мәлімдемесіне сәйкес құжат интернетте қатты бұрмалана бергендіктен алынып тасталды.

2 бөлім: Халықаралық ұйымдар және педофилия

Мәлімдеме: Әйтеуір үшінші құжатқа да жеттік, бұл жолы әңгіме БҰҰ-ға қарасты тағы бір ұйым, атап айтқанда ДДСҰ туралы болмақ. Бұл АХЖ-11 (аурулардың халықаралық жіктемесі) құжаты. Онда гомосексуализмді депатологизациялап, заңдастырғаннан кейін кезек транссексуализм мен педофилияға жеткен көрінеді. Яғни менің және жалпы дені сау қоғамның пікірінше осындай қорқынышты психикалық ауруларды депатологизациялау бұған дейінгі гомосексуализмге ұқсас сценарий бойынша жүреді.

Юлия Черданцева

Осыған қатысты тағы бір мәлімдеме

Олар тоқтамайтын көрінеді, енді педофилияны да АХЖ-11 кіргізіп жібермекші. Яғни кеше ғана педофилия психикалық ауру болып саналса, қазір ол норма, бар болғаны жай жыныстық көзқарасты білдіреді. Міне олардың үгіттеп отырған мәселесі – осы.

Анатолий Ким

Үкім: Жалған және манипуляция

ДДСҰ педофилияны заңдастырайын деп жатыр деген мәлімдемелер желіде бұрыннан, кем дегенде 2020 жылғы жаздан бастап тарала бастады (мысалы мына жерде).

Қай жері жалған: АХЖ-11 педофилияны депатологизациямайды және заңдастырмайды. АХЖ-11-дегі педофильдік бұзылу парафилді бұзылуларға, ал олар өз кезегінде психикалық және мінез-құлық бұзылыстары класына жатады. Парафилді бұзылыстарды кейбір диагноздардың (оған педофилия кірмейді) пайда болуына байланысты жыныстық денсаулыққа қатысты санаттан да көруге болады.

Қай жері манипуляция: жыныстық сәйкессіздікке (немесе жыныстық дисфорияға) келетін болсақ, ол АХЖ-11-дің нұсқасында психикалық және мінез-құлық ауытқулар санатынан жыныстық денсаулыққа байланысты жағдайлар санатына ауыстырылды, себебі қазір жыныстық сәйкессіздік психикалық бұзылыс деп саналмайды.

Мәлімдеме: БҰҰ мен ЮНИСЕФ-ке арналған құжаттарды кім жазады деп ойлайсыздар? Осындай педофильдік құрылымдардың барлығы ЮНИСЕФ-тің бала құқығын әзірлеумен тығыз байланысты екені дәлелденген. Меніңше, Питер Ньюэллді барлығы біледі. Ол ондаған жыл бойы балаларды ұрлап, зорлап келген сериялық гомосексуал педофил. Британиялық азамат қазір түрмеде отыр. Міне осындай адам ондаған жыл бойы ЮНИСЕФ-тің бала құқықтары жөніндегі құжаттарын әзірлеген басты тұлғалардың бірі болған. Қазір ЮНИСЕФ ол жасаған нұсқаулықтарды, оқу құралдары мен кітаптарын пайдаланып келеді. Менің білуімше, оның барлығы қазір олардың сайтында тұр.

Юлия Черданцева

Үкім: Манипуляция

Тағы да бір нақты факт конспирологиялық әңгімеге негіз ретінде пайдаланылған. Шынында да, 2018 жылы ЮНИСЕФ-тің бірнеше жыл бойы кеңесшісі болған Питер Ньюэлл 1960 жылдары бірнеше рет жасаған сексуалды зорлық-зомбылық әрекеттері үшін сотталды.

Қай жері манипуляция мен конспирология десеңіз: Біріншіден, нақты бір жағдайға ғана сүйене отырып, ЮНИСЕФ-тің бала құқығын әзірлеуге қандай да бір «педофилдік құрылымдардың» қатысы бар деген жалпы қорытынды жасалады. ЮНИСЕФ-тің бұрынғы кеңесшілерінің бірі педофил болып шыққаны ұйымның педофилдермен байланысы бар  екенін және олармен жұмыс істейді дегенді білдірмейді. Сондай-ақ бұл ЮНИСЕФ құжаттарында педофилия насихатталады деген сөз емес. Ньюэлл қылмыс жасағанына қарамастан, бізде оның ЮНИСЕФ құжаттарында қандайда бір қауіпті идеяларды алға тартты деп айтуға ешқандай негізіміз жоқ. Сондай-ақ халықаралық ұйымдағы кез келген маңызды құжатты, әдетте, бір ғана адам жазбайды, ол қабылданып, жарияланбас бұрын жан-жақты талдау мен зерттеуден өтеді.

Екіншіден, Ньюэлл бірнеше құжатты әзірлеуге қатысса да, оны «басты тұлғалардың бірі» деп айту әсіре сілтеу. Ол, тіпті, ұйымның қызметкері де болған емес. Тексеріліп отырған мәлімдемеде қастандық теориясын барынша сенімді ету үшін белгілі бір адамның рөлі мен маңызы асыра айтылған.

Питер Ньюэллдің қылмысы әшкере болған кезде ЮНИСЕФ сексуалды қанау мен зорлық-зомбылыққа қарсы екенін бірден мәлімдеді. Ұйымның ресми өкілі мынадай мәлімдеме жасады: «Питер Ньюэллдің тұтқындалғаны туралы хабарды естігенде қатты таңқалдық. Ол 10 жыл бұрын ЮНИСЕФ-те кеңесші болып жұмыс істеген кезде осындай қылмыс жасағаны туралы білмедік. Одан бері ұйым қызметкерлер мен кеңесшілерді тексерудің қатаң ережелерін енгізді».

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz