БҰҰ шпиондық бағдарламаларды сатуға мораторий енгізуге шақырды

Біріккен Ұлттар Ұйымының құқық қорғаушылары бақылауға арналған технологияларға адам құқығын бұзбауға кепілдік беретін ереже енгізілгенге дейін мораторий жариялауға шақырды. Бұл туралы Біріккен ұлттар ұйымының ресми сайтында хабарланды.

БҰҰ хабарлауынша, қазіргі уақытта бақылауға арналған технологияны құқық қорғаушылар, журналистер мен саяси қарсыластарды бақылап дауыс беру құқығынан айыру үшін қолданады.

“Мұндай әрекет сөз бостандығы, адамның жеке өмірі және бостандық құқығын бұзады. Сонымен қатар, жүздеген адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін”, – деді ұйым.

Адамдарға тыңшылық жасайтын бағдарламаны сатумен Израильде орналасқан NSO Group айналысады. Құқық қорғаушылар Израиль билігін компанияның кіммен жұмыс жасағанын тексеру үшін қандай шара қолданып жатқанын жариялауға шақырды.

Бұған дейін Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) және 16 әлемдік БАҚ Pegasus-тың тыңшылық бағдарламасы туралы зерттеу жариялады. Оның көмегімен әртүрлі елдің билігі журналистерді, саясаткерлер мен белсенділерді телефон арқылы аңдыған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz