БҰҰ: Мүгедектігі бар адамдардың 80%-і табысы төмен не орташа елдерде өмір сүреді

Денсаулық сақтау саласындағы теңсіздік кесірінен мүгедектігі бар адамдардың (МБА) басқаларға қарағанда 20 жылға ерте өлу қаупі бар. Бұл туралы Бірікккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) өз есебінде мәлімдеді.

Есепке сәйкес, дүниежүзінде мүгедектігі бар адамдардың саны 1,3 миллиардқа жеткен. Ал бұл көрсеткіш МБА-ның қоғамның барлық аспектісіне толық қатысуын, денсаулық сақтау саласындағы кез келген қызметті емін-еркін алуын қамтамасыз ететін және кемсітушілікке жол бермейтін қағидаттарды енгізудің маңызын көрсетеді.

Авторлардың сөзінше, дүниежүзіндегі мүгедектігі бар адамның 80%-і табысы төмен не орташа, медицина қызметі шектеулі елдерде өмір сүреді. Мұндай жағдайда оларға қатысты теңсіздікті шешу қиын соғады. Десе де БҰҰ мамандары медицина қызметкерлерінің мүгедектігі барларға деген теріс көзқарасы, түсініксіз форматтағы медицина ақпараттары, денсаулық сақтау мекемесіне жетудегі қиындықтар сияқты денсаулық сақтау саласындағы теңсіздіктерді жою үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет екенін айтты.

Денсаулық сақтау саласы мүгедектігі бар адамдардың мәселесін одан әрі шиеліністіріп емес, керісінше, жеңілдетуі керек.

Тедрос Гебрейюс, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры
Factcheck.kz