БҰҰ: Әлемде босқындардың саны 82 миллионнан асты

Әлемде зорлық-зомбылық пен адам құқығының бұзылуына байланысты үйінен кетуге мәжбүр болған адамдардың саны 82,4 миллионға жетті. Оның ішінде 42%-ы кәмелет жасқа толмағандар. Бұл туралы Біріккен ұлттар ұйымының есебінде хабарланды.

БҰҰ дерегінше, босқындар жайлы статистика есептелгелі ең үлкен көрсеткішке жетті. Яғни, он жыл бұрынғы статистикамен салыстырғанда екі есе көп. Пандемия кезінде сапарға шектеу енгізілгеніне қарамастан, босқындар саны шамамен үш миллионға артқан.

Өз елінен кетуге мәжбүр болған адамның үштен екісі бес мемлекеттен: Сирия, Венесуэла, Ауғанстан, Оңтүстік Судан және Мьянма. Босқындардың 86 пайызын көрші дамушы елдер қабылдап жатыр.

БҰҰ-ның босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссары Филиппо Грандидің айтуынша, босқындарға гуманитарлық көмек көрсетуден бөлек, олардың қайғылы жағдайын тоқтату үшін шешім табу керек.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz