Бұрмалау | «Фашист вакцинациясы»

Вакцинацияға қарсылар мен түрлі қастандық теорияларын жақтайтын адамдардан «фашист вакцинациясы» немесе осы мәндегі әртүрлі сөз тіркестерін («медициналық фашизм», «фашистер 45 жылы қару-жарақпен өлтірсе… 2020 жылы вакцинамен қырып жатыр») естуге болады. FactCheck.kz редакциясы шындық қаншалықты бұрмаланып жатқанын көрсету үшін осы тектес әңгімелерге мағына және факт тұрғысынан талдау жасауға шешім қабылдады.

Бұрмалау | «Фашист вакцинациясы»

…жаппай вакцинация жаппай қырғынға әкеледі (дүниежүзі халқының саны азаяды, денсаулық құрып, бедеулік артады және т.б., бұл кезіндегі концлагерь тұтқындарына қарсы бағытталған әрекетке ұқсас), демек бұл – фашизм.

Үкім: Бұрмалау

Вакцинацияға қарсы насихат барысында айтылып жатқан бұл әңгімеге қатысты тарихи шындық толығымен бұрмаланып, барлық ақпарат әдейі ауыстырылған. Мәселен нацистер өздері жаулап, басып алған аймақтардағы халықтың санын, керісінше, вакцинация мен медициналық көмекке тыйым салу арқылы (сондай-ақ жүктілікті тоқтату арқылы) қысқартуды жоспарлаған.

Бұған рейхсляйтер Мартин Борманның жаулап алынған шығыс аймақтарының рейхсминистрі әрі нацизмнің негізгі идеологтарының бірі Альфред Розенбергке жазған хаты дәлел бола алады (төмендегі суретте; ол холокостты славяндар мен басқа халықтарды құлдықта ұстаудың негізі деп түсіндірген).

Бұрмалау | «Фашист вакцинациясы»

ҰСНЖП (Ұлттық социалистік неміс жұмысшы партиясы) кеңсесінің басшысы Борман «фюрердің тапсырмасы бойынша» Розенбергке жазған хатында былай дейді:

«1. Біз жаулап алған шығыс аймақтарындағы халық санын тек аборт арқылы азайтуға мүдделіміз…
2. Жаулап алынған шығыс аймақтарында тұратын халықтың бұрынғыға қарағанда көбірек көбею қаупі өте жоғары… Сондықтан біз немістен басқа халықтың көбеюіне қарсы қажетті шаралар қабылдауымыз керек.
3. Сондықтан жаулап алынған шығыс аймақтарындағы тұрғындар үшін неміс қызметін енгізуге болмайды. Мысалы еш жағдайға қарамастан немістен басқа тұрғындар үшін вакцинация және басқа да сауықтыру шаралары жүргізілмеуі керек…»

Борманның Розенбергке жазған хатының мәтіні Волькер Клуптың «Альфред Розенберг: Холокост бастамашысы. Өмірбаян» (236-бет) кітабында; орыс тіліндегі орыс қоғамының тарихи құжаттарының электрондық кітапханасында; Ресей Федерациясының Федералды мұрағаттық жобасының сайтында, сондай-ақ неміс тілінде «Үшінші рейх. 2-том: Әлемдік билік және ұлттық күйреу», 1939-1945 жж. Мюнхен, 1985, 208–210 б. кітабында бар.

Контекст

Борманның Розенбергке жазған хаты туралы мәліметтер «Ост» атты Бас жоспарды зерттеу жұмыстарында көп кездеседі. Ол жерде тек бір құжат туралы емес, жаулап алынған жерлерді отарлау мен германизациялауға бағытталған жан-жақты жоспарлар (1939 – 1943) айтылады.

Аталмыш жоспар «нәсілдік доктринаға» және Шығыстағы «өмір сүру кеңістігін» кеңейту теориясына негізделді. Гитлер былай дейтін: «Біздің мемлекетіміз өзінің әр ұлын ғасырларға жететін жермен қамтамасыз етпей, ұстанымын берік деп санамауы керек…»

«Ост» жоспарының мазмұнын келесі құжаттарға қарап бағалауға болады: Шығыс аймақтары министрлігінің 1-ші Бас саяси басқармасының отарлау бөлімінің 1-ші басшысы Эрхард Ветцель қол қойған 1942 жылғы 27 сәуірдегі «СС рейхсфюрердің «Ост» бас жоспары бойынша ескертулері мен ұсыныстары»; Берлин университетінің профессоры Конрад Мейердің 1942 жылғы маусым мен 1942 жылғы 28 мамырдағы «Ост» бас жоспары туралы баяндамасы; 1941 жылғы 15 шілдедегі «Ост» жоспарын әзірлеу (Германияның Федералды мұрағатында орналасқан). Жоспардың кейін шыққан нұсқалары да болды. Олардың біреуінің түпнұсқасы АҚШ Ұлттық мұрағатында сақталған.

Тарихи сана манипуляциясы

Қазіргі адамдар фашизмді көбіне былай деп түсінеді: бұл қозғалыс ұлттық немесе нәсілдік үстемдік идеяларымен, тоталитаризммен, милитаризммен, геноцидпен, холокостпен, әскери және бейбіт тұрғындардың жаппай өлімімен, сыртқы жауға деген өшпенділікті дамытумен тығыз байланысты; оған реваншизм және жаңа «мінсіз» адам жасаудың мистикалық идеялары, бір ұлтты басқалардың арқасында ұлы ету идеялары тән (мемлекеттік деңгейдегі мегаломания). «Фашизм – моральдық ауру» деген де анықтама бар. Жалпы фашизм дегеніміз – бұл асқынған зорлық-зомбылық, адамзат пен адамға қарсы ойға келмейтін қылмыс, өлім және соғыс.

Фашизмнің не екенін Михаил Роммның «Қарапайым фашизм» деректі фильмі барынша түсінікті әрі жан-жақты көрсетеді. Вакцинацияға қарсылар дәл осы мағыналар мен ұғымдарды өзгерте отырып, ұжымдық сана мен адамдардың эмоционалды бейнесіне әсер етуге тырысып жатыр. Мәселен олар фашистік Германиядағы адамдарға жүргізілген тәжірибелерді COVID-19-ға қарсы жасалған вакциналардың сынақтарымен салыстырып жатыр.

Фашизмнің саяси анықтамаларымен мына жерден танысуға болады.

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz