БҮГІН | Ауғанстандағы жарылыс, АҚШ-тың Колесникованы қолдауы, Путинге тағылған айып

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Вашингтонның Беларусь шенеуніктеріне қарсы жаңа санкция дайындап жатқанын мәлімдеді. Помпеоның айтуынша, АҚШ серіктестерімен және одақтастарымен келісе отырып, Беларусьтегі адам құқығының бұзылуына қатысы барларды жауапқа тартуды жоспарлап отыр.

Помпеоның айтуынша, Беларусь билігінің Мария Колесниковаға қатысты әрекетіне АҚШ тарапы алаңдаулы және Колесникованың батылдығына тәнті болды. АҚШ хатшысы Беларусь билігіне елде болып жатқан жағдайларға байланысты халықты заңсыз ұстауды және зорлық-зомбылықты тоқтатуға шақырды. Сонымен қатар Беларусь қоғамының өкілдерімен ашық диалог орнатуды ұсынды.

Кеше Беларусь оппозициясы жетекшілерінің бірі Мария Колесникованың Украина шекарасында ұсталғаны белгілі болды. Ол күшпен депортациялауға келгендерге төтеп беру үшін төлқұжатын жыртты. Колесникова жақтастарының айтуынша, Оппозицияның үш мүшесін (Мария Колесникова, Иван Кравцов, Антон Родненков) дүйсенбіде белгісіз біреулер ұстап әкеткен. Олардың қайда екені бір тәуліктен астам уақыт белгісіз болды.

БҮГІН | Ауғанстандағы жарылыс, АҚШ-тың Колесникованы қолдауы, Путинге тағылған айып
Мария Колесникова

Сейсенбіде Кравцов пен Родненков (Беларусь-Украина шекарасынан өткен соң) Киевте өткен баспасөз конференцияда болған оқиғаны баяндап берді. Оларды бір күн бұрын Минскте ұстап, бір ғимараттан екінші ғимаратқа бастарын жауып апарып, содан кейін елден кетуге ұсыныс жасады. Бірақ олар тек Мария Колесниковамен кетуге келісті. Көлік Беларусь пен Украинаның шекарасына жеткенде Колесникова шешімін өзгертіп, шекарадан өтуге бас тартты.

БҮГІН | Ауғанстандағы жарылыс, АҚШ-тың Колесникованы қолдауы, Путинге тағылған айып
Иван Кравцов оң жақта және Антон Родненков сол жақта

Родненковтың айтуынша, Марияны көліктің артқы орнына күшпен отырғызған. Колесникова көліктен шыға алмай ешқайда кетпейтінін айтып, қолындағы төлқұжатын жыртты. Бұл жағдайдан кейін Мария көліктің артқы терезесінен қашып, Беларусь шекарасына қарай кетті. Родненковтың айтуынша, Марияның қазір қайда екенін отбасы мүшелері, құқық қорғаушысы және жақтастары да білмейді.

Беларусь билігінің мәліметінше, Мария Колесникова Украина шекарасын заңсыз өтуге тырысқаны үшін ұсталған.

Еуропарламент фракциясының басшысы Лукашенкоға қарсы мерзімінен бұрын санкция салуға шақырды

Еуропарламент фракциясының (Еуропалық халық партиясы) басшысы Манфред Вебер ZDF арнасына берген сұхбатында Беларусьтегі ахуалға байланысты мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Беларусьтегі қақтығыстың артында “Путиннің жүйесі” жатыр. Сонымен қатар тез арада қара тізімді дайындап, оған Беларусь президенті Александр Лукашенконы қосуды ұсынды.

БҮГІН | Ауғанстандағы жарылыс, АҚШ-тың Колесникованы қолдауы, Путинге тағылған айып
Манфред Вебер

Манфред Вебер “Беларусьтегі жағдайға Ресей президенті Владимир Путиннің ықпалы бар екенін” мәлімдеді. Ол Алексекей Навальный (Ресейлік оппозиционер Ресейде уланып, қазір Германияның “Шарите” емханасында ем алып жатыр – ред.) туралы да айтып, “Путин жүйесі өзінің билігін сақтап қалу үшін өлтіруге де дайын екенін” де ескертті.

Ауғанстанның вице-президентіне қастандық жасалды

Ауғанстан астанасында үкімет конвойының қозғалысы кезінде жарылғыш зат іске қосылып, адамдар қаза тапты. Бірінші вице-президент Салех зардап шеккен жоқ. AFP агенттігі жарылысты жанкештінің ұйымдастырғанын хабарлады.

БҮГІН | Ауғанстандағы жарылыс, АҚШ-тың Колесникованы қолдауы, Путинге тағылған айып
Жарылыс болған жерден түсірілген сурет

Амрулла Салех зардап шекпеді, бірақ оның оққағарлары жарақат алды. Ауғанстан ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, жарылыс салдарынан екі адам қаза тауып, 12 тұрғын жарақат алды. Tolo News арнасы үш адамның қазасы туралы хабарлады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz