BSL-4 зертханасы һәм Қазақстанның лабораторияға мұқтаждығы

Әлеуметтік желіде Қазақстанда BSL-4 зертханасы мен қауіпті және аса қауіпті штаммдар коллекциясы үшін жерасты қоймасын салу туралы жоспарларға қатысты дау шықты. Қаулы жобасы 5 қарашада “Ашық НҚА” платформасында жарияланған.

Оған қоса зертхана құрылысына қоғам қайраткері және ақын Олжас Сүлейменов қарсылық білдіріп, мессенжерлерде келесідей сипаттағы хабарламалар тарай бастады.

4,1 мыңдай қаралым жинаған посттың авторы дайындалып жатқан жобаны «өлімге әкелетін биолаборатория» деп атайды, сонымен қатар өзі мен балаларын қорғау үшін «әлем болып осы НҚА-ға қарсылық білдіруге» шақырады.

Мұндай үндеулердің ықпалымен бір айдан астам уақыттан кейін қаулы жобасы 692 дизлайк (лайк саны тек 13), сондай-ақ 1,5 мыңнан астам комментарий жинады. Пікірдің көбі биліктің жоспарына қарсылық білдіріп, сыни сипатта.

Медиада да осыған қатысты материалдар жариялана бастады. Оның біразы зертхананы «шетелдік» деп, Пентагонмен байланыстыратын ресейлік БАҚ-тың материалы.

BSL-4 немесе биоқауіпсіздіктің 4-деңгейі дегеніміз не?

BSL-4 (Biosafety Level 4) — зертханалары аэрозольдер арқылы тарайтын зертханалық инфекциялар мен вакцина, емі жоқ қауіпті ауруларды, жұқпалы агенттерді немесе токсиндерді зерттеу үшін және жаңа дәрі-дәрмек, вакцина мен диагностикалық сынақтар жасау үшін қолданылады.

Биоқауіпсіздіктің мұндай төрт деңгейі бар. Әр деңгейде микробтар мен биологиялық агенттердің сақталуын бақылаудың арнайы құралдары болады. Оқшаулау деңгейін анықтайтын негізгі критерийлер — инфекция, аурудың ауырлық деңгейі, жұғуы және зертханада жүргізілетін жұмыстың сипаты.

BSL-4 зертханасы һәм Қазақстанның лабораторияға мұқтаждығы

Қазақстан BSL-4 деңгейіндегі зертхана салуды жоспарлап жатқанына таңғалудың қажеті жоқ. 2020 жылы басталып, бүгінге дейін жалғасып жатқан COVID-19 пандемиясы биологиялық қауіпсіздіктің маңызын көрсетті. Мұндай жағдайда елдер зерттеу мен қауіпсіздікті күшейтеді деп күтілгенін кей ғалымдар бұған дейін де айтқан. Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар Ұлттық ғылыми орталығының ғылыми қызметкері, PhD докторы Нұргелді Төребеков те Қазақстанға мұндай зертхана не үшін керек деген сұраққаПандемия инфекциялық аурулардың трансшекаралық тасымалының аса қауіпті екенін көрсетті. Халықтың көші-қонының өсуіне, бизнестің, сауданың және басқаларының дамуына байланысты соңғы жылдары аса қауіпті қоздырғыштарды әкелу қауіпі тағы өсті дейді.

Қазір Қазақстанда BSL-3 деңгейіндегі зертхана бар және оларға қатысты да алып-қашпа әңгіме де аз болған жоқ.

Халықаралық практика мен қауіпсіздік

Мұндай зертхана салуға қарсылық білдіруге шақырып жатқан телеграм каналдың мәтінінде “Өзіңіз бен балаларыңызды өлтіретін зертханамен көрші болғанын қаламасаңыз” деген сөйлем кездеседі. Алайда қазір біз онсыз да, тура мағынасында, мұндай деңгейдегі зерханамен “көршіміз”. Себебі Қытай мен Ресейде мұндай зертхананың бірнешеуі бар, ал Еуропа мен АҚШ-та одан да көп. Бірақ лаборатория мақсаты әлдекімді “өлтіру” емес, керісінше, биоқауіпсіздікті қамтамасыз ету екенін естен шығармайық.

Бұдан бөлек, пост авторы “әлемде емі мен вакцинасы жоқ ауруларға” аса мән беріп, бұл ақпаратты манипуяция үшін пайдаланғысы келеді. Бірақ мұндай зертхана салудың мақсаты да сол вирус түрлерін зерттеу және оның емін табу. Шындығында бізде салынғалы жатқан BSL-4 зертханасы “өлімге әкелмейді”, керісінше, биоқауіпсізікпен айналысады. Мысалы, Орталық референттік зертхана базасындағы BSL-3 деңгейіндегі лаборатория туралы бұған дейін “Пентагондық жоба, биоқару жасайтын зертхана” деген фейк тараған, ал қазір сол зертхананың ерекше жағдайына байланысты вакциналық препараттарды клиникаға дейінгі сынақтан өткізуге мүмкіндік бар және соның базасында QazVac вакцинасы жасалды.

Олжас Сүлейменов зертханаға өзінің қарсылығын білдіргенде “Егер олар қаласа АҚШ-та салсын, ал біз бақылап отырайық” деген пікір айтқан. Шындығында, BSL-4 зертханаларын бақылап, соған қатысты зерттеу жүргізіп отыратын globalbiolabs.org сайтының ақпаратына сай, АҚШ-та мұндай зертхананың 7-і, әлемде жалпы алғанда 59-ы бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да 2017 жылы әлемдегі BSL-4 зертханаларының саны 50-ден астам екенін жазған.

BSL-4 зертханасы һәм Қазақстанның лабораторияға мұқтаждығы
Еуразияда орналасқан BSL-4 зертханалар

Мұндай зертханалардың қауіпсіздігі ең жоғары деңгейде болғанына байланысты өзге деңгейлерге қарағанда басқаша шаралар қарастырылған. Оны PhD Нұркелді Төребеков былай түсіндіреді: Кез келген патогенді зертханадан алып шығу қауіпін болдырмау үшін бірнеше қорғаныс деңгейі құрылады. Адами фактор болмайды. Қысым не басқа нәрсе бұзылса, [қорғаныс-авт.] жүйесі адам зертханаға кіре алмайтындай жасалған.

Постсоветтік елдердегі зерханалар: Пентагон және ресейлік пропоганда

Ресейлік кейбір медиада Қазақстанда АҚШ-тың әскери биолабораториясы бар дегенді алға тартатын және кейінгі зертхана туралы жоспарларды да сонымен байланыстыратын материалдары көбейе бастады. Бірақ денсаулық сақтау экс-министрі Алексей Цой осыған дейін құрылыс толықтай мемлекеттік қаражатқа жасалатынын хабарлаған және АҚШ-тың бұл жобаға қатысы туралы ештеңе айтпаған. Оның үстіне, Ресейдің өзінде BSL-4 деңгейінде екі зертхана бар. Қазақстандық тарап биоқару жасауға құлықты емес екенін қанша қайталаса да, ресейлік медиа осыны алға тартуды доғарар емес.

Жалпы биозертхана салу тақырыбына келгенде ресейлік медиа тарапынан дезинформация көбейеді деуге болады. Мысалы, Sputnik сайтының YouTube арнасын BSL-4 зертханасы туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат таратқан және оны АҚШ-тың биоқару жасауына арналған зертхана дейді. Оның дәлелі ретінде 2018 жылы Қазақстанда менингит эпидемисы BSL-3 деңгейіндегі зертханадан тараған дегенді алға тартады. Алайда ол зертханада менингит штаммдары мүлде жоқ еді және екеуінің арасында ешқандай байланыс болмаған.

Биологиялық қауіп туралы Ресейде 2006 жылдары айта бастаған, бірақ ол кезде қауіп қайдан келері “белгісіз” десе, 2012 жылы медиада Путиннің “Ұзақ перспективада қару-жарақ жүйелері жаңа принципте (сәулелік, геофизикалық, толқындық, генетикалық, психофизикалық және басқа да технологиялар) әзірленеді. Мұның бәрі ядролық қарудан басқа, саяси және стратегиялық мақсаттарға қол жеткізудің жаңа құралдарын ұсынады” деген сөзі тарады. Ал 2013 жылы Роспотребнадзор басшысы Геннадий Онищенко Ресейдегі африкалық шошқа обасының “Грузиядағы АҚШ Әскери-теңіз күштерінің Әскери биологиялық зертханасымен” байланысын “көретінінайтты. Содан кейін, 2015 жылы Ресей Сыртқы істер министрлігі “Ресей шекарасына жақын орналасқан Пентагонның биологиялық зертханаларына” алаңдаушылық білдірді. Кремльдің биоқару туралы риторикасы осылайша өзгеріп, “славяндарға қарсы” биологиялық қару турлы абсурд ақпарат таратқанға дейін жетті.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, яғни 1991 жылы постсоветтік елдерде ядролық қару мен ракеталық технологиялардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және демонтажға көңіл бөле отырып, Cooperative Threat Reduction Program (CTR) бағдарламасы пайда болды. Ал биологиялық қауіпті азайту бағдарламасы (BTRP – Biological Threat Reduction Program) осы CTR-ның компоненттерінің бірі. Себебі Кеңес Одағының ыдырауы оның ондаған мың ядролық қаруының; жинақталған улы заттардың жоғалуы мен қорғанысының осалдығына қатысты алаңдаушылық туғызды. Бірақ бағдарлама қабылданған соң, көп ұзамай, биологиялық қару және онымен байланысты компоненттер мен бұрыңғы тәжірибе де қауіпті азайту бағдарламаларына мұқтаж екені белгілі болды. Осылайша, BTRP тұрақты негізде ынтымақтастыққа айналды және Қазақстанға 2016 жылы Алматыда ашылған ОРЗ-ны салуға көмектесті.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz