Брекситтің үміт оты

ЛОНДОН – Қорғаныс пен қауіпсіздіктің екі бөлек екенін ұмытып кету оңай. Қорғаныс қауіпсіздік бұзылған кезде жүгінетін құрал. Ал бейбітшілік кезеңінде елдер қауіпсіздігіне алаңдайтындықтан қорғанысқа ақша жұмсайды.

2014 жылдан бастап Ұлыбритания мен Еуропа Одағының қауіпсіздік жағдайы күрт нашарлады. Сол жылдың наурыз айында Ресей Украинаға басып кіріп, Қырымды өз аумағына қосып алды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бірінші рет еуропалық держава өз шекараларындағы жағдайды қару-жарақ арқылы қайта қарастыра бастады.

1994 жылы Ресей Украина Кеңес Одағынан мұраға алған ядролық қаруды тапсырған жағдайда оның аумақтық тұтастығын қорғауға келісті. Бірақ Ресей тек Қырыммен тоқтай салмады; сол кезден бері ол елдің шығысындағы Донбасс аймағында Украинаға қарсы баяу соғысты жүргізіп келеді.

Әрі бұл тек Украинаға ғана қатысты емес. Ресей басқа Батыс елдерінің жағалауларына да қауіп төндіру үшін кемелер мен әскери ұшақтарды жіберді, НАТО аумағында Эстонияның барлаушы қызметіндегі офицерін ұрлап қашып, Шығыс Еуропа, Арктикада және басқа жерлерде әскери күшін тұрақты дамытуды жалғастыруда.

Қауіпсіздіктің нашарлауына қарамастан, британдықтардың басым көпшілігі 2016 жылдың маусым айында ЕО-дан кету туралы шешімді қолдады және  бұл шешім Ұлыбританияның Еуропалық НАТО серіктестіктерімен қарым-қатынасы түбегейлі бұзылуына әкелуі мүмкін. Сонымен қоса, 2016 жылдың қараша айында Ресей президенті Владимир Путинді бұрыннан қолдайтын Дональд Трамп Америка Құрама Штаттарының президенті болып сайланды.

Трамп 2016 жылы сайлау науқанында НАТО туралы жирене сөйлесе де, жоғары лауазымға тағайындаған көптеген генералдары оның ойын өзгерткендей көрінеді. Дегенмен, ол әрдайым өз ойын өзгерте алады. Республикашылдар партиясының ішкі терең келіспеушіліктері салдарынан Трамптың ұлтшыл, ЕО-ға қарсы Стивен Бэннон бастаған популистік қанаты жеңіске қол жеткізуі мүмкін.

Егер Бэннон республикашыл партияны өзінің ұлтшылдық көзқарасына сәйкес өзгертсе және егер республикашылдар болашақта билікті сақтап қалса немесе қайта қолына алса, АҚШ-тың Еуропадағы қауіпсіздікті сақтау міндеттемелері бұдан былай сенімді болмайды. Ресей Батыстың саяси жүйелеріне тоқтамай шабуыл жасап, тіпті ол Еуропаға тікелей әскери шабуыл жасап, кіріп жатса да АҚШ ешбір араласпауы мүмкін.

АҚШ-тың мықты қолдауы болмаса, саяси тұрғыдан бөлінген ЕО Ресейдің саяси үстемдігінің алдында барынша осал болады. Ал саяси тұрғыдан мықты ЕО Ла-манштан Украинаның Днепр өзеніне дейін созылатын тұрақтылық тірегі болар еді. Осылайша, АҚШ басшылығы жоқтығында, тұрақты және қауіпсіз ЕО Брекситттан кейінгі Ұлыбританияның  қауіпсіздік стратегиясының маңызды тірегі бола алады.

Дегенмен, Еуроодақтың тұрақтылығында кепілдік жоқ, өйткені Брексит басқа мүше мемлекеттердің де одақтан шығып кетуіне ой тастауы мүмкін. Кейбір адамдар мұндай нәтиженің болуы екіталай деп санайды, өйткені еуроаймақтағы елдер үшін бұлай жасау іс жүзінде мүмкін емес. Егер еуроаймақтағы елдің біреуі еуродан бас тартып, ЕО-дан кететін болса, нәтижесінде капиталдың кетуі оның экономикасын бұзады. Осы көзқарасқа сәйкес, ЕО-ға мүше елдердің үштен екісінің еуро аймағына кіретінін ескерсек, бұл ЕО-ның жойылуына жол бермес.

Егер солай болғанда ғой… Шын мәнінде, Еуроодақтың бірқатар мүшелері, мысалы, Польша, Чехия, Дания, Румыния, Швеция еуроға өтпеді. Сонымен қатар, қолайлы жағдайда еуроаймақтағы ағымдық шотының профициті бар елдер, мысалы, Германия, Нидерланды, Испания және Австрия өздеріне апатты зиян келтірмей-ақ еуродан бас тарта алады. Сонымен бірге, батыстық сайлаушылардың өздеріне өз қолымен зиян келтіре алатын бірегей қабілетін де байқадық. Мысалы, Брексит пен Tрампты ғана емес, сондай-ақ, өткен бір жарым айдан бері орын алған каталониялық сепаратистерінің экономикалық «орыс рулетка» ойнын еске алсақ осыны ұғыну жеткілікті.

Ұлыбританияның Брекситтен мүлдем бас тартуы барлық қатысушылар үшін ең жақсы жол болғанымен, саяси тұрғыдан мүмкін емес. Бірақ «жұмсақ» және «ауыр» Брексит нұсқалары арасында, Ұлыбритания Еуропалық Одақтың бірыңғай нарығы мен кедендік одақтан шықса да, «қаттысының» кем дегенде бір артықшылығы болуы мүмкін. Атап айтқанда, ол Ұлыбританияның ең үлкен қауіпсіздік активі болып табылатын еуропалық тұрақтылықты одан әрі әлсіретпейді.

Әрине, «ауыр» Брексит нәтижесінде Ұлыбритания зор экономикалық шығынға тап болады. Өнеркәсіптік жеткізу тізбектері бұзылып, құрылыс саласы ЕО қызметкерлерін жоғалтып, Лондондағы Сити халықаралық маңыздылығынан айырылып қалады, ал фунттың құнсыздануы жалғасып, мемлекеттік сектор, әсіресе, Ұлттық денсаулық сақтау қызметі едәуір әлсірейді. Еуропалық Одақтың да жалпы экономика үлесі бойынша шығындары болады, бірақ олар әлдеқайда аз болады.

Шығыстарға қарамастан, «ауыр» Брексит Еуроодақтың басқа мүшелерінің Ұлыбританияны үлгі етпей, еуропалық тұрақтылықты сақтауға және Британияға ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектесуге апарар еді, бұл ұзақ мерзімді болашақта ең маңызды мәселе. Мұндай нәтиже тағдыр тәлкегіндей болар еді. Бірақ, одан да қызығы – мұны Еуропалық Одақтың сәтсіздіктерін көргісі келетін Брексит жақтаушыларының талап етуі. Олар жаһандық Ұлыбританияға жету арманы тек Еуропадан толық айрылу арқылы ғана орындалады деп сенеді. Көп ұзамай, олар мұның дұрыс не бұрыс екенін біле жатар.

Яцек Ростовский 2007 жылдан 2013 жылға дейін Польшаның қаржы министрі және премьерминистрдің орынбасары қызметін атқарды.

Авторлық құқық: Project Syndicate, 2017.
www.project-syndicate.org