Бішкекке оралған экс-президент Асқар Ақаевты ҰҚМК-да тергеп жатыр

Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) іздеуде болған экс-президент Асқар Ақаевтың Бішкекке келгенін хабарлады. Ол қазіргі уақытта ведомствоаралық тергеу тобына тапсырылды.

Ведомство дерегінше, Ақаевқа “Құмтөр” алтын кеніндегі жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс аясында іздеу жарияланған. Қазіргі уақытта Асқар Ақаевты Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) ғимаратында тергеп жатыр.

8 шілдеде Қырғызстан ҰҚМК төрағасы Камшыбек Ташиев елдің бұрынғы президенттері Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиевке “Құмтөр” алтын кеніндегі жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс аясында іздеу жарияланғанын мәлімдеген.

Азаттық радиосының жазуынша, Қырғызстан үкіметі Құмтөр ісі бойынша халықаралық сотта канадалық Centerra Gold Inc. компаниясы республиканың бұрынғы басшыларына “пара беріп, сатып алды” деген болжамды дәлелдемек.

Ақаев — Қырғызстанның тұңғыш президенті. Ол 1991 жылдың тамызынан 2005 жылдың сәуірі аралығында елде “төңкеріс” болғанға дейін президент қызметін атқарды. Сол уақытта отбасымен бірге Ресейге кеткен.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz