Белсенділер Асқар Қаласовтың өлімін жіті тексеруді талап етті

Ақтөбе, Орал белсенділері биліктен оппозиция белсендісі Асқар Қаласовтың өлімін егжей-тегжейлі тексеруді талап етіп отыр. Олар полицияның марқұм “өз-өзіне қол жұмсады” дегеніне сенбейді. Бұл туралы Азаттық Радиосы хабарлады.

26 қарашада Ақсалы Каринаға күйеуі Асқар Қаласовтың өлімі туралы қаралы хабар келген. Полиция одан марқұмның денесін Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы мәйітханадан алып кетуін сұраған. Сонымен қатар белсендінің “суицид жасағанын” айтқан.

29 қарашада белсенді Асқар Қаласов Ақтөбе маңындағы Қызылжар ауылында жерленді. Қаласовтың туыстары мен жаназасына келген белсенділер оның өлімінің себебіне күмән келтіріп отыр. Жұбайының айтуынша, марқұм қыркүйекте полициядан жасырыну үшін үйден кетіп қалған.

Ақтөбе және Орал белсенділері Қаласовтың өлімін жіті тексеруді, арнайы тергеу жүргізуді талап етті.

Мүмкін емес! Сенбеймін! Ол нағыз күрескер болатын. Ондай адамдар оңайлықпен өмірін қия салмайды. Сот бостандығын шектеген күннің өзінде Асқар наразылық акцияларына қатысып жүрді. Ол ешқашан ешкімнен қаймыққан емес.

Ақлима Түксікова, белсенді

Айта кетейік, Асқар Қаласов өзінің саяси позициясын ашық білдірген оппозиция белсенділерінің бірі болды. Ол елде әділ сайлау өтуін, саяси тұтқындарды босатуды талап ететін бірқатар митиңгіге қатысқан. Осы әрекеті үшін бірнеше рет айыппұл төлеген, қамауға алынған. Ал 2021 жылғы тамызда “экстремистік ұйым ісіне араласты” деп айыпталған. Алайда өзіне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеп келген.

Factcheck.kz