Белсенді Шарипов феминистік шеруден кейін қоқан-лоқы көбейгенін мәлімдеді

«Oyan, Qazaqstan!» қозғалысының белсендісі Дархан Шариповқа 8 наурызда феминистік шеруге қатысқаннан кейін қоқан-лоқы көбейді. Ол бұл туралы Factcheck.kz журналисіне телефон арқылы хабарлады.

«Бір танысым марш туралы видеолардың арасынан мені танып, көршісі екенімді айтты. Кейін қайда тұратынымды білетінін хабарлап, қоқан-лоқы көрсете бастады. Бұған қоса менің аккаунтыма жан-жақтан “өлтірем” деп жазғандар аз болмады», – деді Шарипов Factcheck.kz тілшісіне.

Шарипов адамдардың неліктен осындай реакция танытқанын түсінбегенін айтып, марш аяқталғалы екі күн бойы аккаунтына шабуыл тоқтамағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, агрессивті еркектердің осылай реакция танытуы елде әйел құқығын талап ететін марштар керек екенін дәлелдеді.

Сонымен қатар, Vlast.kz журналисіне барлық хабарламадан скриншот сақтап қойғанын айтты.

         «Мен барлық хабарламаларды скриншоттаймын. Мен тіпті қайда бару керектігін де білмеймін. Полицияға ма? Полиция келе ме? Мен мұндай нәрселер заңмен қалай реттелетінін білмеймін. Олар енді тынышталады деп үміттенемін», – деді ол Vlast.kz журналисіне.

Белсендінің айтуынша, бұл реакция елдегі әйел құқығының нақты хал ахуалы қандай екенін көрсетті.

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні Алматыда феминистік қозғалыс белсенділері гендерлік теңдікке үндейтін шеру өткізген. Онда әйелдердің жиі зорлық-зомбылық құрбаны болатыны, білім алу, еңбек ету, саяси құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мәселелері көтерілген.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz