Басшы, сарапшы әйелдер көбеюі керек: Қазақстан медиасы мен халқы не ойлайды?

2 желтоқсанда MediaNet халықаралық журналистика орталығы Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің серіктестігімен және қолдауымен, «‎Гендерлік қудалауға қарсы 16 күндік белсенді әрекет»‎ атты халықаралық науқанын қолдау мақсатында «‎Қазақстандағы гендерлік теңсіздік мәселелерін талдау»‎ тақырыбы бойынша қоғамдық дискуссия өткізді.

Шара басында сөз алған ЕҚЫҰ Бағдарламалар Офисінің адами өлшем жөніндегі бөлім жетекшісі Бисерка Иванович теңдіктің маңызды екенін айта келіп, әйелдерге қатысты гендерлік стереотиппен күрестің қажеттігін атап өтті. Ал MediaNet ХЖО сарапшысы Игорь Братцев ерлер мен әйелдер теңсіздігінің проблемасына қазақстандық қоғамның көзқарасы жайында жүргізілген сауалнама туралы айтып берді. Жұмыс нәтижесіне сай, сауалнамаға қатысқан адамдардың 86%-і еркек пен әйелдің теңдігі маңызды екенін айтқан. Одан бөлек, сауалнама аясында қыздарға гендерлік стереотиптер туралы сұрақ қойылған. Нәтижесінде, 36%-і әйелдердің үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысқаны дұрыс десе, 64%-і әйелдер де ерлермен қатар жұмыс істеп, карьера құра алады деп жауап берген. Одан бөлек, нақты әйелдерді алалау не кемсітумен 7%-і ғана жиі кезіккенін, 29%-і арагідік осындай жағдайға куә болып тұратынын айтқан.

Стратегиялық және ұйымдастырушылық даму жөніндегі маман Аида Әлжанова мемлекеттің гендерлік теңдік концепциясын сынап, көп жоба айтылған күйінде ғана қалып қоятынын ескертті. Оның сөзінше, мемлекеттік қызметкерлердің 56%-і әйел бола тұра, оның тек 10%-не жуығы ғана «‎саяси олимпқа»‎ жетеді. Ол қалған 46%-і қайда кетті деген сұрақ қояды. «‎Қазақстандағы жоғары білімі бар еркектерге қарағанда әйел көп, бірақ олар “пайдаланылмайтын ресурс”, олар карьералық өсім жасай алмайды»‎ дейді Аида Әлжанова.

Халықаралық заңгер Аяжан Ойратова жыныстық бопсалау мәселесі туралы сөз қозғап, сексуал харассмент кесірінен көп әйел карьералық өсімнен айнып қалатынын, харассменттің кері әсер ететінін айтты. Оның сөзінше, жыныстық бопсалау заңды түрде реттелмеген, соның кесірінен проблема көп. Тіпті, құқық қорғау органдары харассментті былай қойғанда, зорлық-зомбылық фактілерін тіркеуге құлықты емес дейді ол.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қауымдастырылған профессоры Молдияр Ергебеков қазақ тілінде ақпарат тарататын медиадағы гендер көрінісіне жасалған контент анализ нәтижесін таныстырды. Оның сөзінше, «‎Қоғамдық қатынастарды мәдени салада трансформациялайтын институт, ол – медиа. Медианың қоғамның күнделікті өмірінің қалай қарай ағатынын белгілейтін рөлі бар екенін айтуға болады»‎. Контент-анализ мемлекеттік медиа мен өзін мемлекеттен тәуелсіз санайтын медиаға жасалған.

Басшы, сарапшы әйелдер көбеюі керек: Қазақстан медиасы мен халқы не ойлайды?
Контент-анализ жасалған медиа тізімі;
Молдияр Ергебеков слайдынан үзінді

Анализ 2021 жылдың ақпан-сәуір аралығындағы жарияланған ақпаратқа жасалған. Оның себебі – 8 наурызда өткен әйелдер маршының медиада көптеп айтылуы. Әйелді кемсіту көрсеткіші бойынша Ashyq alań және Пендеміз ғой бағдараламалары алға шығады. Оның себебі, аталған бағдарламаларға қонаққа келген адамдардың сексисттік не алалайтын белігісі бар мәлімдеме жасауында дейді Молдияр Ергебеков. Алайда жүргізушілер медиа этиканы сақтау мақсатында, кемсітушілік мәлімдемелерге тойтарыс бермеген, қой демеген сондықтан да олардың аудитория алдында жауапкершігіне салғырт қарайды дейді.

ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкілі Юлия Хаас онлайн, офлайн жұмыс істейтін әйел жруналистің қауіпсіздік мәселелеріне тоқталды. Оның сөзінше, гендерлік теңдікке қатысты іс-шаралар және проблеманы жиі көтеру халықтың бұл мәселеге назар аударуына ықпал етеді.

Сарапшылар дискуссия соңында әр медианың гендерлік теңдікке қатысты ішкі саясаты және басқарушы позицияларда әйелдердің болуы, сарапшы ретінде әйелдердің қоғамға белсене араласуы, көрінуі маңызды екенін айтып тарасты.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz