Бас прокуратура фейкке қатысты үндеу жасады

Бас прокуратура интернетте тараған фейктерге байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады. Ведомстсво мәліметінше, отандық ақпарат кеңістігінде, әлеуметтік желілерде түрлі тақырыпта көрінеу жалған ақпарат тарату көбейген.

Бұл ретте олар жекелеген блогерлердің арандатушылық мәлімдемелерімен және әлеуметтік желілер пайдаланушыларының ұлттық алауыздықты тудыратын белгілері бар комментарийлерімен бірге жүреді. Нақты азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, сондай-ақ бірқатар танымал адамдарды ұстау және қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы жалған хабарламалар жариялануда.

Ж.Ж. Өмірәлиев, ҚР Бас Прокурорының орынбасары

Сонымен бірге прокуратура мұндай фейк мәліметтер қоғамда жалған пікір қалыптастырып қана қоймай, қоғамдағы тәртіпке де теріс әсер етуі мүмкін екенін айтты.

Осындай шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратуды көбіне блогерлер қасақана, өздерінің және үшінші тұлғалардың мүдделері үшін жүзеге асырады. Олардың мақсаты – жеке пайда табу және бопсалау арқылы материалдық табыс көру. Көрсетілген ұлттық алауыздықты қоздыруға, қорқытып алуға, көрінеу жалған ақпарат таратуға бағытталған іс-әрекеттер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174, 194 және 274-баптары бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.

Ж.Ж. Өмірәлиев, ҚР Бас Прокурорының орынбасары

Бас прокуратура ел азаматтарын, журналистерді, әлеуметтік желілердің пайдаланушыларын заңнаманы сақтауға, тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырады.

Factcheck.kz