Балаларға вакцина салу қауіпті ме?

Жақында «Общественная служба новостей» (ОСН) сайты «Пациенттерді қорғаушылар лигасының» басшысы Александр Саверский вакцина алған адамдардың бір бөлігі өлетіні туралы айтты деген ақпарат таратты. Материалға сай, балаларға вакцина салу — қауіпті, сондықтан да бұл қылмыс болып саналады-мыс. Жақында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова Қазақстанда балаларға Pfizer вакцинасын салуды қарастырып жатқанын айтқандықтан, Fаctcheck.kz бала, SARS-Cov-2, вакцина қарым-қатынасы жайында тараған ақпараттың ақ-қарасын тексеруді жөн деп тапты.

Үкім: Шындық және манипуляция

Неге рас? Балаларға арналған «Спутник V» вакцинасының тиімділігі мен қауіпсіздігіне қатысты зерттеулер әлі аяқталған жоқ (мұның Қазақстанға қатысы жоқ — ол туралы төменнен толығырақ оқыңыз). Бірақ зеттеу аяқталмай жатып екпе салу туралы да сөз болмады.

Неге манипуляция? Шынымен-ақ SARS-Cov-2 жұқтырған балалардың біраз бөлігі үшін ауру жағдайы ауыр өтпеуі мүмкін. Алайда бұл вакцина салдырмауға себеп емес. Өйткені, біріншіден, инфекция жұқтырған кейбір балаларда мультижүйелік қабыну синдромы (MIS-C) анықталған. Мұндай жағдай Қазақстандық балалардың басынан да өтті. Екіншіден, вакцина алмаған балалар вирус жұқтырса, оны тасымалдаушы болады. Ал бұл, өз кезегінде, әлсіз топтарға инфекция жұғуын жеңілдетеді. Үшіншіден, семіздік пен қант диабеті сияқты ауруы бар жасөспірімдерде COVID-19’‎дың ауыр өту қауіпі бар. COVID-19’бен‎ ауруханаға жатқызылған 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдердің шамамен 50-60%-інің созылмалы ауруы болған. Сонымен қатар, балаларға вакцина салудың зияны туралы мәлімдеме фактілермен расталмайды.

Сәуірден бастап вакцинациядан қайтыс болғандар туралы хабарламалар келе бастады. Теледидар экранынан ешқандай асқыну жағдайы жоқ дейді. Шындығында, ол бар. Естеріңізге сала кетейін, бізде адамдардың 80%-і ауру белгілері байқалмайтын тасымалдаушы. Егер сіз оларды ауырған адамдардың қатарына қоссаңыз, онда өлім тұмаумен бірдей болып шығады. Тұмауда коронавирус сияқты мутация болмайды, өйткені ковид өте тез мутацияға ұшырайды. Менің көп дәрігер тынысым бар, олар бұл мүмкін емес, бұл тұмау емес дейді. Тұмау вирусқа жеткілікті бірегейлікке ие. Бір-бірімен оңай алмастыра салу дұрыс емес.

ОСН Александр Саверскийға сілтейді (басылым авторларының пунктуациясы мен орфографиясы сақталған)

Үкім: Техникалық қате

Ресейде не басқа елде ауру беліглері жоқ вирус жұқтырған адамдар саны жалпы көлемнің 80%-ін құрамайды. Автор пандемия басталған кездегі алдын-ала деректерге сүйеніп сөйлеген. Ал COVID-19 бен тұмауды салыстыру бұрыс әрі екі аурудың салдары бірдей емес.

Былтырдың 3 маусымынан бастап Қазақстанда бейсимптомды адамдар жалпы статистикаға қосылмайтындықтан оның қазіргі нақты көрстекішін білу мүмкін болмай тұр. Ресейдің де ортақ статистикасында клиникалық белгілері байқалмайтын адамдар есептелмейді. Алайда былтыр 13 сәуірде Роспотребнадзор басшысы Анна Попова бұл көрсеткіштің 13-15%-тен 40%-ке артқанын айтқан. Сонымен қатар, былтыр Қазақстанда вирус бір күнде анықталған адамдардың ішінде симптомы байқалмайтындар көрсеткіші орта есеппен 42%-47% айналасында болған.

Дей тұрғанмен, Саверский пандемияның алғашқы кезеңіндегі алдын-ала деректерге сүйенсе керек. Ол кезде клиникалық белгілері жоқ ауру тасымалдаушылар көрсеткіші 81%-ке жетуі мүмкін екені туралы жазылған. Алайда былтыр сәуірде Nature сайтында жарияланған ақпаратқа сай, жеті елдегі 21 708 адам қатысқан зерттеудің метаанализі бейсимптоматикалық көріністердің жиілігі 17% екенін көрсеткен.

COVID-19 бен тұмау жұқпалы респираторлық ауруларға жатқанымен, біріншісі коронавирусты (SARS-CoV-2) жұқтырудан туындайды, ал екіншісі тұмау вирусын жұқтырудан болады. COVID-19 тез жұғады және ауыр өтеді. Екеуі арасындағы өлім-жітімді де салыстыруға келмейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) жазуынша, тұмауға қатысты респираторлы аурулардан жылына 290 000-нан 650 000-ға дейін адам өледі. Ал Covid-19’‎дан 2020 жылы 1,8 млн адам өлген. Алайда ДДСҰ-да бұл көрсеткіштің өзі шындығында 2-3 есе жоғары болуы мүмкін екені туралы жазған.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz