Байден қайтыс болған Конгресс мүшесін іздеді ме?

Әлеуметтік желіде және ресейлік медиада АҚШ президенті Джо Байденді аштық, тамақтану және денсаулыққа қатысты конференцияда Конгресс мүшесі және 3 тамызда қайтыс болған Джеки Валорскиді іздеді деген ақпарат тарады. Factcheck.kz ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

АҚШ президенті Джо Байденнің жағдайы америкалықтарды алаңдатып жатыр. Ақ үйдің иесі бос кеңістікпен ғана емес, өлгендермен сөйлесуді бастады. Қазіргі халықаралық жағдайды ескерсек, мұндай жағдай алаңдатады.

Ресейлік медиада тараған ақпарат

Үкім: Манипуляция және шындық

Неліктен манипуляция: ресейлік пропаганда Джо Байден АҚШ президенті болып сайланғалы әрдайым ол жайлы ақпаратты бұрмалап, эмоция қосып көрсетеді. Мысалы бұған дейін оны “алжыды” деп те жазған. Бұл жолы да бос кеңістікпен ғана емес, өлгендермен сөйлесуге көшті деп жазды. “Бос кеңістікпен амандасқаны” туралы фейкті біз бұған дейін де терістегенбіз.

Неліктен шындық: Видеоның толық нұсқасында АҚШ президенті Байден аудиториядан Индиана штатындағы республиканшыл Джеки Валорскиді іздегені рас. Валорски расымен де, 3 тамызда көлік апатынан қайтыс болған. Ал Байден “Джеки, сен осындасың ба?, Джеки қайда?” деп сұраған.

Nytimes дерегінше, Байден өзінің мәлімдемесін аяқтаған соң Ақ үйдің баспасөз хатшысы Карин Жан-Пьер Байденнің Валорски жайлы сөзіне қатысты пікір білдіруден бас тартты.

Контекст

  • Валорски 3 тамызда көлік апатынан қайтыс болғаннан кейін Ақ үй Джо Байденнің атынан оның қазасына байланысты ресми түрде көңіл айтты.
  • АҚШ президентінің саяси қарсыластары және ресейлік пропаганда Байден президент болғалы “оның ойлау жүйесі ел президенті болуға лайық емес” деп бірнеше рет айтқан. Ал Ақ үй өкілдері Байденнің интеллектуалды тұрғыда әлі де белсенді екенін айтып, желіде тараған ақпараттарды жоққа шығарып келеді.
  • Бұған дейін желіде Байден ауамен амандасты немесе Рим папасын ең танымал афроамерикалық бейсболшысы деді деген секілді фейктер тараған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz