Байден баласын емдеу үшін Обамадан қарыз алды ма?

АҚШ-тағы президент сайлауы тұсында Қазнеттің әлеуметтік желісінде жеңімпаз Джо Байден жайлы пост жиі жарияланды. Жаңа сайланған президент туралы Facebook-те бизнесмен Бейбіт Әлібеков жазған еді. Оның айтуынша, Барак Обама АҚШ президенті болған кезде, вице-президент қызметін атқарған Джо Байденнің ұлы қатерлі ісікпен ауырған. Кенеттен медициналық сақтандырумен емдеу де тоқтатылып, жалпы қаржы жағынан қиындық туындаған. Байден сол кезде үйін сатып немесе екінші ипотекасын алғысы келген. Бірақ Байденге Обама қарызға ақша берген. Factcheck.kz оқырмандардың өтініші бойынша бұл ақпарат туралы тексеріп шықты.

Америка жайлы. Мен Байден туралы зерттемедім. Себебі біз басқа нәрсеге сенетін едік. Барак Обама АҚШ президенті болған кезде, вице-президент қызметін атқарған Джо Байденнің ұлы қатерлі ісікпен ауырған. Кенеттен медициналық сақтандырумен емдеу де тоқтатылып, жалпы қаржы жағынан қиындық туындаған. Байден сол кезде үйін сатып немесе екінші ипотекасын алғысы келген. Бірақ оған Обама қарызға ақша берген. Яғни, әлемдегі ең мықты державаның вице-президенті және штаттың бас прокуроры емге ақша төлей алмады. Бізде осындай нәрсені елестете аласыз ба?

Бейбіт Әлібеков

Үкім: Үкім жоқ (дәлелденбеген)

Джо Байден CNN-ге берген сұхбатында Барак Обамамен есте қалған сәті туралы айтып берді. Журналистпен сөйлескен кезде үйін сатпау үшін Обаманың шынымен ақша ұсынғанын айтты. New York Times газетінің дерегінше, Байден үйін сатпаған. Бірақ Обаманың расымен қаржылай көмектескені туралы дәлел жоқ. Оқиға туралы біз Байденнің айтқан сөздерінен ғана біле аламыз. Сондықтан да бұл мәселенің нақты айғағы жоқ.

Толығырақ

Джо Байден 2009-2017 жылдары Обама президент болған кезде вице-президент қызметін атқарған. Олар кәсіби қызметтерден бөлек те, өте жақсы қарым-қатынаста болған.

Байден баласын емдеу үшін Обамадан қарыз алды ма?
Барак Обама мен Джо Байден Бо Байденнің жерлеу рәсімінде

2015 жылы Делавар штатының бұрынғы бас прокуроры Джо Байденнің ұлы Бо Байден қайтыс болды. Кіші Байден екі жыл бойы ми ісігімен күрескен (2013 жылы инсульттан кейін диагноз қойылған).

Байденнің айтуынша, бұл тақырыпты Обамен түскі ас кезінде қозғаған. Сол кездегі вице-президент ұлының отбасына көмектесуі үшін үйін сататынын Обамаға айтқан. Егер ұлы Дэлавердің бас прокуроры қызметінен кетуге мәжбүр болып, ми ісігі салдарынан (ол өлімге әкеп соқтырады) табысынан айырылса, Байден әйелімен бірге ұлының медициналық шығындарын төлеу үшін үйін сатуға мәжбүр екенін айтқан.

Бо Байден сол жылы 31 мамырда ауруынан қайтыс болды. АҚШ-тың сол кездегі президенті Барак Обама Джо Байденнің ұлын жерлеу рәсімінде сөз сөйлеген. Бұл арқылы саясаткерлер арасындағы тығыз қарым-қатынас бар екенін аңғарсақ болады. Обама Бо туралы «46 жасында Бо Байден 146 жаста да біздің көпшілігіміз жасай алмайтын нәрсені жасады» деді.

«Бұлай жасама, Джо»

Обама орнынан тұрып: “үйді сатпаңыз! Маған үйді сатпаймын деп уәде беріңіз. Мен сізге ақша да, қажет нәрсенің бәрін беремін. Мен сізге ақша беремін. Бұлай жасама, Джо. Мұны маған уәде ет”, – деді Байден CNN тілшісіне берген сұхбатында. Байден сонымен бірге ұлының қазасы президент сайлауына үміткер болуына кедергі келтіргенін айтты. Сұхбатында Байден Обаманың оған ақша берді ме деген сұрақты жауапсыз қалдырып, бұл туралы сөз қозғаудың қажеті жоқ екенін білдірді.

Барак Обама Бо Байденді еске алу сәтінде

New York Times газетінің дерегінше, Байден үйін сатпаған. Байден Обаманың қаншалықты адал дос екенін білдіру үшін журналистке айтқан еді.

Қатерлі ісікті емдеу құнына туралы айтатын болсақ, АҚШ-та расымен өте қымбат. Жылына бағасы 6 миллионға дейін жетуі мүмкін. Сол кездері мемлекеттік қызметші Бо Байденде мұндай қаражан болмаған. Өйткені ол бизнеспен айналыспаған еді. (2004-2005 жылдары заң фирмаларында екі жылдық серіктестік қана болған).

Байден баласын емдеу үшін Обамадан қарыз алды ма?
Бір айдағы қатерлі ісікке қарсы дәрі-дәрмектердің құны / АҚШ 1965-2017 жж

2017 жылға дейін Джо Байден мен оның әйелі Джиллдің жағдайы осындай мәртебе мен лауазымдағы адам үшін салыстырмалы түрде қарапайым болды.

Байденді Middle Class Joe (орта класты Джо) деп атайтын еді. Байденнің қаржылай жағдайы 2017-2019 жылдары едәуір өсті. Бұл жылдар аралығында дәрістер мен кітаптардан шамамен 15 миллион доллар тапты. Ал биылғы жылғы табысы 9 миллион долларға жетті. Сондықтан Байденнің 2015 жылы үйін сату немесе қаржылық көмек туралы ойланғанына таңғалудың қажеті жоқ.

Қорытынды

Біз тек “Обама Байденге ақша ұсынған болуы мүмкін” деп айта аламыз. Себебі Обама Байденнің сұхбатта айтқан мәлімдемелерін жоққа шығармады. Бірақ Обаманың Байденге шынымен қарыз бергені туралы ешқандай дәлел жоқ.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz